Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар күн тәртібіндегі заң жобаларын қарап, депутаттық сауалдарын жолдады. Отырыс барысында депутаттар «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Жекеше секторға және экономиканы неғұрлым орнықты қалпына келтіруге негізделген даму саясатын қаржыландыруға арналған қарыз) ратификациялау туралы» заңды қарап, қабылдады. Бұл заң мемлекеттің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған шаралар кешенін қолдауға арналған. Сонымен қатар Сенат отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцария Федералдық кеңесі арасындағы дипломатиялық өкілдіктер, халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілдіктер және консулдық мекемелер қызметкерлерінің отбасы мүшелерінің ақылы еңбек қызметі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң қабылданды. Аталған келісім екі мемлекеттің аумағында дипломатиялық миссиялар қызметкерлерінің отбасы мүшелерінің ақылы жұмыс істеуіне байланысты мәселелерді реттеуді көздейді. Сондай-ақ отырыс кезінде сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады. Бақытжан Байахметов қаржыландыру мәселесінің шешілмеуіне байланысты Семей қаласында Бұқтырма су қоймасы мен Ертіс өзені арқылы салынатын көпірдің құрылыс мерзімі өзгеруі мүмкіндігін айтып, алаңдаушылық білдірді. Ғалиасқар Сарыбаев спортты дамыту мәселесін көтеріп, балаларды ерте жастан спортқа жұмылдыру қажеттігіне және елімізде жұмыс істейтін спорт федерацияларын бақылау деңгейі төмен екеніне назар аударды. Ғұмар Дүйсембаев Атырау мен Ақтаудағы арнайы экономикалық аймақтардың жұмыс тиімділігін қалай арттыру керектігіне тоқталып, кәсіпкерлер көтеріп жүрген проблемаларды шешуге арналған нақты ұсыныстарын айтты. Қанатбек Сафинов тиісті болжамдарсыз және заңға тәуелді актілерсіз Парламентке енгізілетін кейбір заң жобаларының сапасына наразылық білдірді. Ол заңнамалық және заң шығару қызметіне деген көзқарасты өзгертуге қатысты бірқатар ұсынысын да жеткізді.