Қарағанды облысында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында Достық – Мойынты теміржол учаскесінде екінші жолдың құрылысы басталды. Ұзындығы 836 шақырым жаңа теміржол желісін іске қосу отандық өнімнің экспортын ұлғайтуға және елдің транзиттік әлеуетінің өсуіне ықпал етпек. Құрылыс барысында 419 құрылыс нысаны (5 ірі көпір, 87 шағын және орта масштабтағы көпір, 288 су жүргізу құбыры, 14 автожол өткелі), сондай-ақ энергетика және байланыс объектілерін салу жоспарланып отыр. Құрылыс 2025 жылдың 4-тоқсанында аяқталуы тиіс. Жұмысты іске қосу рәсіміне телекөпір режимінде Премьер-Министр Әлихан Смайылов қатысты. Өз сөзінде Үкімет басшысы осындай стратегиялық маңызы бар жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша іске асырылып жатқанын және республиканың көлік-транзит әлеуетін дамытуда маңызы зор екенін атап өтті. Премьер-Министрдің айтуынша, соңғы бес жылда елімізде транзитпен контейнер тасымалдау көлемі 4,4 есе өсті, биылғы 10 айда экспорттағы жүк айналымы 74 млрд тонна-шақырымнан асты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға артық. Теміржол саласында бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаны іске асыру туралы шешім қабылданды. Олардың ішінде Достық – Мойынты, Бақты – Аягөз, Дарбаза – Мақтаарал, Алматы маңындағы айналма жолдар және тағы басқалар бар.
– Міне, бүгін соның бірі әрі ірі жоба Достық – Мойынты екінші теміржол құрылысын бастағалы тұрмыз. Бұл жоба осы бағытта өткізу мүмкіндігін 5 есеге арттыруға мүмкіндік береді және экспорттық тасымал мәселесін толық шешеді, – деді Әлихан Смайылов.Премьер-Министр жобаны іске асыру кезінде Қазақстанның үлесі 80 пайыздан асатынын атап өтті. Атап айтқанда, шпалдарды, рельстерді, трансформаторларды жасауды, инертті материалдарды, құм мен қиыршық тасты жеткізуді жергілікті компаниялар жүзеге асыратын болады. Сонымен қатар құрылысқа 3 700 адам жұмылдырылмақ, ал теміржол желісі пайдалануға берілген кезде 500 адам тұрақты жұмысқа орналастырылады.
Әлихан Смайылов жаңа теміржол учаскесіндегі жұмыстарды іске қоса отырып, «жобаны іске асырудың жиынтық тиімділігі 20 жыл ішінде бюджет түсімдерін 4,1 трлн теңгеге қосымша ұлғайтуға мүмкіндік береді», – деді.Ресми шараға орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдардың, «Самұрық-Қазына» қоры, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшылары, теміржолшылар мен сала ардагерлері қатысты.