Жақында бұқаралық ақпараттық құралдарында Семей қаласында қоғамдық көлікте жол жүру тарифінің көтерілуі туралы ақпарат тарады. Егер қазір автобуспен жүру үшін қала тұрғындары 80 теңге төлесе, жаңа тарифпен жол жүру құны 100 теңге болатыны туралы хабарланған еді. Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариков қоғамдық көлікте жол жүру тарифін көтеру мәселесі ресми түрде қарастырылған жоқ және қаралмайды деп сендірді.
«Жақын арада тариф өспейді. Жалпы, автобус паркінің жұмыс мәселесі тұрақты бақылауда. Желіде жүргізушілер мен көліктің жетіспеушілігі туралы проблемалар бар. Бүгінде кесте 100% орындалмауда. Біз бұл мәселені бірнеше рет қарастырдық. Автобус жүргізушілерінің жалақысы жоғары болуы керек. Бұл – маңызды мәселе. Қазір жүргізушілер жеткіліксіз. Жүргізушілер де, кондукторлар да жоқ. Егер кондукторлардың жетіспеушілігін валидаторларды орнату арқылы шешетін болсақ, онда жүргізушілердің жетіспеушілігін тек жалақыны көтеру арқылы шешуге болады», – деді Димитрий Гариков.Облыс әкімінің орынбасары атап өткендей, Семей жүргізушілері бекітілген нормадан артық жұмыс істеп жатыр. Олар ауысымда 8 сағаттың орнына 10-12 сағат жұмыс істейді. Бұл ретте, қосымша төлемдерді ескергенде, олардың жалақысы айына 250 мың теңгеден аспайды.
«Басқа қалалармен салыстыратын болсақ, мысалы елордада жүргізушілер сол режимде жұмыс істесе де, 400 мың теңгеден астам қаражат алады. Бұл мәселені шешу үшін біз Жол картасын жасадық және жүргізушілердің жалақысын көтеру механизмін әзірледік. Бірақ бұл тарифті көтеру есебінен емес, мемлекетті субсидиялау есебінен жүргізілетін болады», – деп атап өтті Димитрий Гариков.