Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына жұмыс сапарымен барып, жұртшылықпен кездесті. Президент халықпен кездесу барысында Алматының ел тарихында айрықша орын алатынын атап өтіп, осы қалада Егемендік декларациясы мен Қазақстанның тәуелсіздігі жарияланғанын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев шаһарды өркендетуге қатысты ой-пікірін айта келе, бірнеше бағытта атқарылуға тиіс жұмыстарға назар аударды. Мемлекет басшысының айтуынша, ең алдымен қала экономикасын әртараптандыру арқылы оның тұрақты дамуын қамтамасыз ету қажет. Алматы – еліміздің экономикалық дамуының қозғаушы күші және көшбасшысы. Жалпы ішкі өнімнің бестен бір бөлігі, бюджет кірісінің 25 пайыздан астамы және Қазақстанның сауда операцияларының үштен бір бөлігі осы қалаға тиесілі. Жыл басынан бері қала экономикасына 930 миллиард жеке инвестиция тартылған. Кәсіпкерлік дамып келеді. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 30 пайызға өскен.
– Экономиканың әртараптандырылу деңгейінің төмен болуы қала тұрғындары табысының өсімін баяулатады. Қала «орташа табыс тұзағына» түсті, одан шығу үшін қала экономикасын түбегейлі әртараптандыру қажет. Өңдеу өнеркәсібін, туризмді, IT секторын және креативті индустрияны дамытуға баса назар аудару керек. Бәсекелестікті ынталандыру, инвестиция тарту және еңбек өнімділігін айтарлықтай арттыру қажет. Қала жағдайындағы өңдеу өнеркәсібін дамыту ісі экологиялық таза және ықшамды заманауи технологияларды қолдана отырып, үдерістерді жоғары деңгейде автоматтандырумен және цифрландырумен қатар жүзеге асырылуы керек. Алматының индустриялық аймағы мен «Алатау» инновациялық технологиялар паркінің әлеуетін толық пайдалану қажет, – деді Президент.Мемлекет басшысы қаланың барлық ауданын бірдей дамыту және тұрғын үй құрылысын жандандыру керек екеніне назар аударды. Президент бірқатар түйткілді мәселені атап өтіп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына баса мән беру қажеттігін жеткізді.
– Бірқатар ауданда орталықтан берілетін су жоқ. Алматының 30 мыңға жуық тұрғыны суды тасып ішеді. Әкімдікке 3 жылдың ішінде барлық тұрғынға орталықтан су беруді тапсырамын. Алдағы 2 жылда Қарғалы, Ақсай өзендерінен су алатын 2 ірі құрылғыны іске қосу керек. Наурызбай және Алатау аудандарында су жинайтын жаңа орталықтар салу қажет. Бұл шаралардың арқасында 150 мың адамға су беріледі. «Ерменсай» және «Барлық» өзендерінен су тарту жүйесін де іске қосу маңызды. Су – тіршілік көзі. Тұрғындардың өмір сапасы тікелей суға тәуелді. Сондықтан сумен қамтамасыз ететін жаңа желі салу, жаңғырту жұмысын басты назарда ұстау керек, – деді Президент.Қасым-Жомарт Тоқаев қала халқының саны күн өткен сайын өсіп келе жатқанына тоқталып, тұрғын үй құрылысына айрықша мән берілетінін айтты. Оның айтуынша, Алматы тұрғындарының көпшілігі, әсіресе жастар үшін баспана – ең өзекті мәселе. Жастардың баспана алуына жан-жақты жағдай жасау керек. Ол үшін әкімдік жалға берілетін тұрғын үй салу үшін инвесторларға тартымды болатын тиімді тәсілдер ойластыруға тиіс. Бірақ жалдамалы үйлер тым қымбатқа түспеуі керек. Ондай пәтерлер, ең алдымен қолжетімді болуға тиіс. Келесі жылдан бастап тұрғын үй құрылысын жыл сайын 10 пайызға арттыру қажет. Қазір қалада 1 500-ге жуық ескі үй бар. Президент әкімдікке осы шаруаны кезең-кезеңмен жүзеге асыру үшін нақты жоспар әзірлеуді тапсырды. Президент Алматының жол-көлік жүйесіне де арнайы тоқталды. Бірнеше сағаттық көлік кептелістері азаматтардың денсаулығына әсер етіп қана қоймай, қала экономикасы мен экологиясына да айтарлықтай зиян келтіреді. Сондықтан адамдарға «жайлы қала» қағидатын іске асыруға мүмкіндік беретін үйлесімді және теңгерімді жол-көлік кешенін салу маңызды.
– Әкімдік 2025 жылға дейін қала көшелері мен қоғамдық орындарды жүз пайыз жарықпен қамтамасыз етуі керек. Тағы бір маңызды бағыт – бейнебақылау жүйесін дамыту. Бүгінде Алматыда 128 мыңнан астам жеке бейнебақылау камералары орнатылды, оның төрттен бір бөлігі ғана қалалық Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылған. Әкімдік жеке бейнебақылау жүйелерін бірыңғай диспетчерлік пунктке біріктіру жөнінде ереже қабылдауы керек. Әрине, жекеменшік иесінің келісімі арқылы. Сонымен қатар бейнебақылау құрылғыларымен қамтылмаған учаскелерге 20 мыңға жуық камера орнату қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Бұдан соң Мемлекет басшысы ағартушы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйіне барды. Президент алдымен музейдің «Ұлттық рухтың ұлы тіні», «Қазақ санасының шамшырағы» және «А.Байтұрсынұлының жұмыс кабинеті» залдарындағы жәдігерлермен танысты. Мұнда ұлы тұлғаның өмірі мен шығармашылығы туралы 500-ге жуық экспонат жинақталған. Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Ахмет Байтұрсынұлына арналған ескерткішті ашты. Іс-шараға ақынның туыстары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Мемлекет басшысы ескерткіштің ашылу рәсіміне жиналғандар алдында сөз сөйлеп, тұлғаның ұлт тарихындағы рөлі жоғары екенін айтты. Өз кезегінде Президент Алматыда студенттермен және жас ғалымдармен жүздесті. Басқосуда Қ.Тоқаев ұсынылған барлық маңызды ғылыми жобалар мен технологиялық стартаптардың ел үшін мәні зор екенін айтып, Алматы еліміздің ғылым мен білім ордаларының бірі екенін атап өтті.
– Әйгілі Қаныш Сәтбаев осы қалада Ғылым академиясының негізін қалаған. Көптеген ғалымымыз академия қабырғасында қазақ ғылымын дамытуға орасан зор үлес қосты. Аға буынның абыройлы жолы лайықты жалғасын табуға тиіс, – деді Президент.Мемлекет басшысы өз сөзінде инженерлік-техникалық салаға мән бере отырып, еліміздің жоғары оқу орындарына білім беру гранттарын бөлудің маңызы зор екеніне тоқталды. Бұған қоса, Қасым-Жомарт Тоқаев креативті индустрия өкілдерінің қызметімен танысты. Президент жас кәсіпкерлермен кездесу барысында креативті индустрияның қазіргі әлемде маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевқа мегаполисте қандай стартап-жобалар жүзеге асырылып жатқаны және жасанды интеллектіні бизнесте пайдалану қаншалықты тиімді екені айтылды. Мемлекет басшысына Алматыда ғана емес, бүкіл елімізде креативті индустрияны дамытудың негізгі перспективалары көрсетілді. Президент жас мамандардың осы саладағы жетістіктерін жоғары бағалап, қатысушылардың бастамаларына табыс тіледі.