Әділет салтанат құратын дәуір басталды
Әділет салтанат құратын дәуір басталды
Қолда бар алтынның қадірін біліп, құндай алу – ұлттың мәртебесі мен деңгейін көрсетеді. Аймақта алға баспай, кері кете бастаған өзге елдердің аясында қазақ еліндегі демократияның даму қарқыны шетелдік сарапшы­ларды шынымен қайран қалдырады. Алаштың айбынын асырып, ел ауқатын тасытуға қызмет ететін, Қазақстанды озық дамыған елдер сапына сүйреуге сүбелі үлес қосатын саяси жаңғыру үрдісі алдағы жеті жыл бойы үздіксіз жалғасады деген үміт бар. Осының дәлеліндей, бүгінде іргелі алты заң күшіне еніп отыр. Оларға 2022 жылғы 5 қарашада, Ақордада Мемлекет басшысы жария түрде қол қойған болатын. «Алға тартқан озады, кейін кеткен тозады» дейді дана халқымыз. Баба өсиеті мен аманатына сай болып, біз жылдан-жылға жаңарып, жаңғыруға тиіспіз. «Елу жылда ел жаңа» деген нақыл бар. Ал Әділетті Қазақстан өз алдына одан да өршіл мұрат пен мақ­сат қойды: жеті жылда әлемдегі көптеген ел жүз жылда еңсермеген асуларды алмақ. Әділ қоғам, әділетке жақ, авторитаризмнен ада мемлекет құрудың шыңына қол созбақ. Ел Президенті биыл маусымдағы жалпыұлттық референдумға орай қа­былданған бірқатар маңызды заңға жария түрде қол қойды. Олардың әрқайсысы атап өтуге тұрарлық: біріншісі – жаңа тарихымызда алғаш рет қабылданған «Конституциялық Cот туралы» конс­ти­туциялық заңы. Екіншісі – «Адам құ­қық­тары жөніндегі уәкіл туралы» жаңа тұр­патты конституциялық заң. Үшіншісі – құзырлы органға жаңа мәртебе, құзыр, өкілеттіктер беретін «Прокуратура туралы» конституциялық заңы. Төртіншісі – атауы ауқымды, мазмұны салмақты «Кейбір конституциялық заңдарға Мемлекет бас­шысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу тура­лы» конституциялық заңы. Бесіншісі – «Кейбір заңнамалық акті­лерге Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мә­селелері бойынша өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу туралы» заң. Және ал­тын­шысы – «Әкімшілік құқық­бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң. Аталған құжаттарды әзірлеу, пысықтау және қабылдау үшін Мәжіліс депутаттары Үкіметтегі жауапты тұлғалармен тізе қо­сып, күн-түн демей, жігерлі жұмыс істеді, шүмектеп тер төкті, қаншама жиын-оты­рыс өткізіп, ақыл-ой аламанын ұйым­дас­тырды. Өйткені биылғы 5 маусымда рес­публикалық референдумда Жаңа Қа­зақ­станды құруды құптап, саяси жаңғыру­ларды жақтаған жұртшылық уәде етілген өзгерістердің ізінше неге бірден өмірге жол­дама алмағанына аң-таң болған, алаңдаған еді. Референдум артта қалған соң аты судан өтіп алғасын, билік ре­формаларды ұмытып кеткен жоқ па деген де күдік-күмән айтылды. Бірақ саяси жа­ңару салмақты жүзеге асырылуы үшін сауатты жазылған заңдар керек еді. Олар қабылданды, Президент қол қойды, он күн өткен соң, міне күшіне еніп отыр. Осы кезден Қазақстанда жарияланған жаңа саяси жаңғырулар практикада іске асырыла бастайды. Заңнаманың өзгеруін тағатсыздана күткен бастамашыл топтар жаңа, жеңілдетілген тәртіппен жаңа пар­тияларын тіркеуге кірісе алады. Алты заңның ауқымды жаңалықтары қандай? Конституциялық реформа Қазақстан тарихының жаңа дәуіріне арқау болды. Сарапшылардың айтуынша, өмірге жолдама алған президенттік заңнамалық бастамалар гуманистік және құқық қор­ғаушылық айқын сипатқа ие. Президент қадап айтқандай, бұдан былай әділеттілік, ашықтық және жанашырлық қағидаттары қатаң сақталады. Енді азаматтарды заңсыз қудалаудан қорғау деңгейі жоғарылауы тиіс. Осы мақсатта әлгінде айтылған заңдарға сай 2023 жылдың 1 қаңтарында Конституциялық Сот құрылады. Ал негі­зінен Президентке қызмет еткен Конс­ти­туциялық кеңес жойылады. Одан айырма­шылығы сол, әлдебір заң конституциялық құқықтары мен бостандықтарына қайшы деп тапса, кез келген азамат Ата Заңмен берілген құқығын қорғау үшін тікелей Конституциялық Сотқа жүгіне алады. Бас прокуратураның да құқық қорғау функциясы күшейтілді. Тұңғыш рет омбудсменнің мәртебесі, өкілеттіктері мен тәуелсіздігінің ке­пілдіктері конституциялық заң деңгейінде бекітілді. Азаматтардың мемлекетті басқаруға қатысуына кең жол ашылады. Заңнамадағы өзгерістерге сәйкес, тұрғындар ауылдың ғана емес, алдағы жылдан бастап, аудан­дардың және облыстық маңыздағы қала­лардың әкімін де өздері сайлап ала алатын болады. Бұл – мемлекеттік басқару жүйе­сін жергілікті деңгейде де демократия­лан­дыруға ұмтылысымыздың нақты айғағы. Ешбір партияға кірмейтін азамат­тардың өзін-өзі ұсыну жолымен Мәжіліс депутаты атануына мүмкіндік туады: тө­менгі палата депутаттарының 30 пайыз­дайы бір мандатты округтерден, мажо­ри­тарлық сайлау жүйесі арқылы таңдалады. Бұл тетік жаңа жылда іске қосылады: алдағы 2023 жылдың бірінші жартысында жаңа, анағұрлым әділетті әрі ашық ойын ережелері бойынша Парламент пен мәс­лихаттар сайлауы өтеді деп жоспарланған. Оған сол жылдың республикалық бюд­жетінде тиісті қаражат қарастырып та қойылды. Мәжілістегі Қазақстан халқы Ассам­блеясының 9 депутаттан тұратын тобы жойылады, олардың бір бөлігі Сенатқа көшеді. Сенаторлар бас би мәртебесінен айырылады: заң шығарудағы соңғы сөз бен ақырғы шешім қазіргідей жоғарғы емес, төменгі палатаға тиесілі болады. Мәжіліс депутаттары заң жобаларына қатысты Сенаттың кез келген түзетуін, шешімін еңсеріп, сызып тастай алады. Жергілікті парламенттерді де өзгеріс күтіп тұр: келесі жылы облыстық мәслихат депутаттарының бір бөлігі, ал аудандық мәслихаттар – толығымен бір мандатты округтерден сайланбақ. Яғни, қолда­ныстағы тәжірибе барлық мәслихатты партияларға тәуелді етіп қойса, жаңа жүйеде керісінше, жеке-дара топ бастай­тын, тәуелсіз, елге сыйлы серкелердің дә­уірі жүреді. Өзін-өзі ұсынатын кан­ди­даттар да мол мүмкіндікке қол жеткізеді. Осының арқасында ауыл-аймақтағы өкі­летті органдар – мәслихаттар шын мәнінде халықтық болады, оның өкілдері пар­тиялардың емес, тікелей елдің қалаулы­сына айналады. Әр адамға арналған игілік Қасым-Жомарт Тоқаевтың байла­мынша, енді билік тармақтары арасындағы байланыстың жаңа үлгісі қалыптасады. Мемлекетті басқару ісіне азаматтардың қатысуына жол ашылады. Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесі нығаяды. Мұның бәрі қазіргі тағдыршешті, тар жол, тайғақ кешті заманда қазақ елі бұрын-соңды болмаған сыртқы және ішкі сын-қатерлерге төтеп беруі, мемлекет­тілігін, тәуелсіздігін, елі мен жерінің тұ­тастығын сақтап қалу мақсатында қуаттана түсу үшін жағдай жасайды. Еліміздің басты байлығы – біздің халқымыз және оның жайлы тұрмысы. Осы тұрғыдан да Ата Заңымызға енгізілген жаңа ережелердің айрықша мәні бар.
– Біз Конституциямызда жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ре­сурстар халыққа тиесілі екенін нақты көрсеттік. Осы норманың арқасында «Ұлт­тық қор – балаларға» атты ауқымды бағ­дарламаны қолға алдық. Ұлттың ұлы­лығы әрбір отбасының, әрбір азаматтың әл-ауқатынан көрінеді. Сондықтан ел экономикасы, ең алдымен, халықтың мүд­десі мен игілігі үшін жұмыс істеуі қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Алдағы реформалар, жаңғырулар мем­лекеттік құрылымның тұғырын нығай­тады, азаматтық қоғамның дамуына жол ашады, жалпыұлттық диалогті орнық­ты­рады. Түптеп келгенде, бұл қадамдар халықтың әл-ауқатын арттыруға, еліміздің болашағын баянды етуге ықпал етеді. «Альтернатива» өзекті зерттеулер ор­талығының директоры Андрей Чеботарёв заңнамалық бастамалар арасындағы жаңа партиялар құруға жол ашатын өзгерістерге мән-маңыз берді.
«Мемлекет басшысы жария түрде қол қойған конституциялық және қарапайым заңдар топтамасы конституциялық ре­формаларды дамытуға бағытталған. Со­ның ішінде қолданыстағы саяси партиялар туралы заңнамаға өзгерістерді ерекшелеп атап өткім келеді. Мысалы, жаңа партия­ларды мемлекеттік тіркеу үшін қажетті мүшелердің саны 20 мыңнан 5 мың адамға дейін азайтылды. Партияның өңірлердегі филиалдары мен өкілдіктерінің құрамы да 600-дан 200-ге қысқартылды. Партияның құрылтайшылық съезін ұйымдастырып, өткізу мерзімі 2-ден 3 айға дейін ұзартылды. Жаңадан құрылған партияның өңірлік филиалдары мен өкілдіктерін әділет органдарында есептік тіркеуге қою мерзімі 6-дан 12 айға арттырылды. Мұның бәрі елдегі партиялық құрылысқа серпін беруі тиіс», – деді саясаттанушы.
Оның байламынша, алдағы жылғы мерзімінен бұрынғы парламенттік сайлау қарсаңында жаңа партиялардың дүниеге келіп, бәсекелестік көрігін қыздыруына мол өріс ашылып отыр. Бүгінде 20-дан ас­там партияны құруға бағытталған бас­та­машыл топ соған талаптанып жатыр. Олар, міне күткен өзгерістерге қол жет­кізді. Енді бәрі олардың белсенділігі мен бас­қа­ру­шылық біліктілігіне байланысты болмақ. Заң ғылымдарының докторы, конс­титуциялық реформаны әзірлеуге қатыс­қан ғалым Сара Идрышеваның айтуынша, бұл заңнамалық бастамалардың игілігін еңбектеген сәбиден еңкейген қарттарға дейін көре алады.
«Конституциялық реформа аясында «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі» деген қағидат бекітілгенде, біраз адам оны қа­радүрсін түсініп, жер, орман, жер қой­на­уындағы ресурстар әрбір адамға бөліп берілетін шығар деп байлам жасады. Шынында, оның мәні терең. Жер ресурс­тарын халық атынан мемлекет басқарады және одан түскен түсім «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы, ай-пи-о сияқты бағдарламалар мен тетіктер арқылы халық арасында бөлінеді», – деді профессор. Бұл жаңашылдық болашақ ұрпақтарға да қызмет етеді.
Президент атап өткендей, әділдік идеясы Қазақстанның мемлекеттік сая­сатының өзегіне айналады. Осы мақсатта мемлекет әлеуметтік әділдіктің негізі сана­латын, халық сұранысына, уақыт талабына сай келетін заңдар қабылдауға, сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресті өріс­тетуге, азаматтардың еңбекқорлығы және жастардың озық білімге ұмтылысын қуат­тап, қолдауға барлық жағдайды жасауға тиіс. Жаңа заңдардағы нормалар мен тетіктер барлық азаматқа өз әлеуетін то­лыққанды жүзеге асыруға бірдей мүм­кін­діктер туғызып, Әділетті, ауқатты, озық қоғамның қабырғасына кірпіш болып қаланбақ.