Қолда бар алтынның қадірін біліп, құндай алу – ұлттың мәртебесі мен деңгейін көрсетеді. Аймақта алға баспай, кері кете бастаған өзге елдердің аясында қазақ еліндегі демократияның даму қарқыны шетелдік сарапшыларды шынымен қайран қалдырады. Алаштың айбынын асырып, ел ауқатын тасытуға қызмет ететін, Қазақстанды озық дамыған елдер сапына сүйреуге сүбелі үлес қосатын саяси жаңғыру үрдісі алдағы жеті жыл бойы үздіксіз жалғасады деген үміт бар. Осының дәлеліндей, бүгінде іргелі алты заң күшіне еніп отыр. Оларға 2022 жылғы 5 қарашада, Ақордада Мемлекет басшысы жария түрде қол қойған болатын. «Алға тартқан озады, кейін кеткен тозады» дейді дана халқымыз. Баба өсиеті мен аманатына сай болып, біз жылдан-жылға жаңарып, жаңғыруға тиіспіз. «Елу жылда ел жаңа» деген нақыл бар. Ал Әділетті Қазақстан өз алдына одан да өршіл мұрат пен мақсат қойды: жеті жылда әлемдегі көптеген ел жүз жылда еңсермеген асуларды алмақ. Әділ қоғам, әділетке жақ, авторитаризмнен ада мемлекет құрудың шыңына қол созбақ. Ел Президенті биыл маусымдағы жалпыұлттық референдумға орай қабылданған бірқатар маңызды заңға жария түрде қол қойды. Олардың әрқайсысы атап өтуге тұрарлық: біріншісі – жаңа тарихымызда алғаш рет қабылданған «Конституциялық Cот туралы» конституциялық заңы. Екіншісі – «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» жаңа тұрпатты конституциялық заң. Үшіншісі – құзырлы органға жаңа мәртебе, құзыр, өкілеттіктер беретін «Прокуратура туралы» конституциялық заңы. Төртіншісі – атауы ауқымды, мазмұны салмақты «Кейбір конституциялық заңдарға Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» конституциялық заңы. Бесіншісі – «Кейбір заңнамалық актілерге Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң. Және алтыншысы – «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң. Аталған құжаттарды әзірлеу, пысықтау және қабылдау үшін Мәжіліс депутаттары Үкіметтегі жауапты тұлғалармен тізе қосып, күн-түн демей, жігерлі жұмыс істеді, шүмектеп тер төкті, қаншама жиын-отырыс өткізіп, ақыл-ой аламанын ұйымдастырды. Өйткені биылғы 5 маусымда республикалық референдумда Жаңа Қазақстанды құруды құптап, саяси жаңғыруларды жақтаған жұртшылық уәде етілген өзгерістердің ізінше неге бірден өмірге жолдама алмағанына аң-таң болған, алаңдаған еді. Референдум артта қалған соң аты судан өтіп алғасын, билік реформаларды ұмытып кеткен жоқ па деген де күдік-күмән айтылды. Бірақ саяси жаңару салмақты жүзеге асырылуы үшін сауатты жазылған заңдар керек еді. Олар қабылданды, Президент қол қойды, он күн өткен соң, міне күшіне еніп отыр. Осы кезден Қазақстанда жарияланған жаңа саяси жаңғырулар практикада іске асырыла бастайды. Заңнаманың өзгеруін тағатсыздана күткен бастамашыл топтар жаңа, жеңілдетілген тәртіппен жаңа партияларын тіркеуге кірісе алады. Алты заңның ауқымды жаңалықтары қандай? Конституциялық реформа Қазақстан тарихының жаңа дәуіріне арқау болды. Сарапшылардың айтуынша, өмірге жолдама алған президенттік заңнамалық бастамалар гуманистік және құқық қорғаушылық айқын сипатқа ие. Президент қадап айтқандай, бұдан былай әділеттілік, ашықтық және жанашырлық қағидаттары қатаң сақталады. Енді азаматтарды заңсыз қудалаудан қорғау деңгейі жоғарылауы тиіс. Осы мақсатта әлгінде айтылған заңдарға сай 2023 жылдың 1 қаңтарында Конституциялық Сот құрылады. Ал негізінен Президентке қызмет еткен Конституциялық кеңес жойылады. Одан айырмашылығы сол, әлдебір заң конституциялық құқықтары мен бостандықтарына қайшы деп тапса, кез келген азамат Ата Заңмен берілген құқығын қорғау үшін тікелей Конституциялық Сотқа жүгіне алады. Бас прокуратураның да құқық қорғау функциясы күшейтілді. Тұңғыш рет омбудсменнің мәртебесі, өкілеттіктері мен тәуелсіздігінің кепілдіктері конституциялық заң деңгейінде бекітілді. Азаматтардың мемлекетті басқаруға қатысуына кең жол ашылады. Заңнамадағы өзгерістерге сәйкес, тұрғындар ауылдың ғана емес, алдағы жылдан бастап, аудандардың және облыстық маңыздағы қалалардың әкімін де өздері сайлап ала алатын болады. Бұл – мемлекеттік басқару жүйесін жергілікті деңгейде де демократияландыруға ұмтылысымыздың нақты айғағы. Ешбір партияға кірмейтін азаматтардың өзін-өзі ұсыну жолымен Мәжіліс депутаты атануына мүмкіндік туады: төменгі палата депутаттарының 30 пайыздайы бір мандатты округтерден, мажоритарлық сайлау жүйесі арқылы таңдалады. Бұл тетік жаңа жылда іске қосылады: алдағы 2023 жылдың бірінші жартысында жаңа, анағұрлым әділетті әрі ашық ойын ережелері бойынша Парламент пен мәслихаттар сайлауы өтеді деп жоспарланған. Оған сол жылдың республикалық бюджетінде тиісті қаражат қарастырып та қойылды. Мәжілістегі Қазақстан халқы Ассамблеясының 9 депутаттан тұратын тобы жойылады, олардың бір бөлігі Сенатқа көшеді. Сенаторлар бас би мәртебесінен айырылады: заң шығарудағы соңғы сөз бен ақырғы шешім қазіргідей жоғарғы емес, төменгі палатаға тиесілі болады. Мәжіліс депутаттары заң жобаларына қатысты Сенаттың кез келген түзетуін, шешімін еңсеріп, сызып тастай алады. Жергілікті парламенттерді де өзгеріс күтіп тұр: келесі жылы облыстық мәслихат депутаттарының бір бөлігі, ал аудандық мәслихаттар – толығымен бір мандатты округтерден сайланбақ. Яғни, қолданыстағы тәжірибе барлық мәслихатты партияларға тәуелді етіп қойса, жаңа жүйеде керісінше, жеке-дара топ бастайтын, тәуелсіз, елге сыйлы серкелердің дәуірі жүреді. Өзін-өзі ұсынатын кандидаттар да мол мүмкіндікке қол жеткізеді. Осының арқасында ауыл-аймақтағы өкілетті органдар – мәслихаттар шын мәнінде халықтық болады, оның өкілдері партиялардың емес, тікелей елдің қалаулысына айналады. Әр адамға арналған игілік Қасым-Жомарт Тоқаевтың байламынша, енді билік тармақтары арасындағы байланыстың жаңа үлгісі қалыптасады. Мемлекетті басқару ісіне азаматтардың қатысуына жол ашылады. Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесі нығаяды. Мұның бәрі қазіргі тағдыршешті, тар жол, тайғақ кешті заманда қазақ елі бұрын-соңды болмаған сыртқы және ішкі сын-қатерлерге төтеп беруі, мемлекеттілігін, тәуелсіздігін, елі мен жерінің тұтастығын сақтап қалу мақсатында қуаттана түсу үшін жағдай жасайды. Еліміздің басты байлығы – біздің халқымыз және оның жайлы тұрмысы. Осы тұрғыдан да Ата Заңымызға енгізілген жаңа ережелердің айрықша мәні бар.
– Біз Конституциямызда жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екенін нақты көрсеттік. Осы норманың арқасында «Ұлттық қор – балаларға» атты ауқымды бағдарламаны қолға алдық. Ұлттың ұлылығы әрбір отбасының, әрбір азаматтың әл-ауқатынан көрінеді. Сондықтан ел экономикасы, ең алдымен, халықтың мүддесі мен игілігі үшін жұмыс істеуі қажет, – деді Мемлекет басшысы.Алдағы реформалар, жаңғырулар мемлекеттік құрылымның тұғырын нығайтады, азаматтық қоғамның дамуына жол ашады, жалпыұлттық диалогті орнықтырады. Түптеп келгенде, бұл қадамдар халықтың әл-ауқатын арттыруға, еліміздің болашағын баянды етуге ықпал етеді. «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботарёв заңнамалық бастамалар арасындағы жаңа партиялар құруға жол ашатын өзгерістерге мән-маңыз берді.
«Мемлекет басшысы жария түрде қол қойған конституциялық және қарапайым заңдар топтамасы конституциялық реформаларды дамытуға бағытталған. Соның ішінде қолданыстағы саяси партиялар туралы заңнамаға өзгерістерді ерекшелеп атап өткім келеді. Мысалы, жаңа партияларды мемлекеттік тіркеу үшін қажетті мүшелердің саны 20 мыңнан 5 мың адамға дейін азайтылды. Партияның өңірлердегі филиалдары мен өкілдіктерінің құрамы да 600-дан 200-ге қысқартылды. Партияның құрылтайшылық съезін ұйымдастырып, өткізу мерзімі 2-ден 3 айға дейін ұзартылды. Жаңадан құрылған партияның өңірлік филиалдары мен өкілдіктерін әділет органдарында есептік тіркеуге қою мерзімі 6-дан 12 айға арттырылды. Мұның бәрі елдегі партиялық құрылысқа серпін беруі тиіс», – деді саясаттанушы.Оның байламынша, алдағы жылғы мерзімінен бұрынғы парламенттік сайлау қарсаңында жаңа партиялардың дүниеге келіп, бәсекелестік көрігін қыздыруына мол өріс ашылып отыр. Бүгінде 20-дан астам партияны құруға бағытталған бастамашыл топ соған талаптанып жатыр. Олар, міне күткен өзгерістерге қол жеткізді. Енді бәрі олардың белсенділігі мен басқарушылық біліктілігіне байланысты болмақ. Заң ғылымдарының докторы, конституциялық реформаны әзірлеуге қатысқан ғалым Сара Идрышеваның айтуынша, бұл заңнамалық бастамалардың игілігін еңбектеген сәбиден еңкейген қарттарға дейін көре алады.
«Конституциялық реформа аясында «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі» деген қағидат бекітілгенде, біраз адам оны қарадүрсін түсініп, жер, орман, жер қойнауындағы ресурстар әрбір адамға бөліп берілетін шығар деп байлам жасады. Шынында, оның мәні терең. Жер ресурстарын халық атынан мемлекет басқарады және одан түскен түсім «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы, ай-пи-о сияқты бағдарламалар мен тетіктер арқылы халық арасында бөлінеді», – деді профессор. Бұл жаңашылдық болашақ ұрпақтарға да қызмет етеді.Президент атап өткендей, әділдік идеясы Қазақстанның мемлекеттік саясатының өзегіне айналады. Осы мақсатта мемлекет әлеуметтік әділдіктің негізі саналатын, халық сұранысына, уақыт талабына сай келетін заңдар қабылдауға, сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресті өрістетуге, азаматтардың еңбекқорлығы және жастардың озық білімге ұмтылысын қуаттап, қолдауға барлық жағдайды жасауға тиіс. Жаңа заңдардағы нормалар мен тетіктер барлық азаматқа өз әлеуетін толыққанды жүзеге асыруға бірдей мүмкіндіктер туғызып, Әділетті, ауқатты, озық қоғамның қабырғасына кірпіш болып қаланбақ.