Айдың күні аманында Атырауда 25 отбасы бір сәтте далада қалуы мүмкін. Себебі, сот салынып қойған жап-жаңа үйді бұзып тастауға шешім шығарып отыр. Қазіргі уақытта «Көктем» тұрғын үй кешенінің тұрғындары жиналып, аппеляциялық сотқа шағым беріп жатыр. Аппеляциялық сот шешімді өзгертпесе, соңғы тиынына дейін пәтер алуға жинаған қарапайым тұрғындар әп-сәтте үй-күйсіз далада қалуы мүмкін. Мәселенің анық-қанығын білу үшін тұрғындармен тілдесіп қайттық. Сабыр Зұлқаров – басы даудан арылмай жатқан «Көктем» үйінің тұрғыны. Көп балалы әке көршілерінің көпшілігі өзі сияқты қарапайым отбасы екенін айтты. «Олардың барлығы бірдей соңғы ақшасын осы үйге салып отырғандар. Енді міне, әбден құрылыс аяқталып, үйіміздің құжатын аламыз деп отырғанда, оны бұзамыз дегенді шығарды. Тіпті, не ойларымды да білмеймін» дейді ашынған әке. Сабыр – үш баланың әкесі. Он екі жылдан бері отбасымен бірге пәтер жалдап келген Сабыр нарықтағы бағасы арзан жаңа пәтерді әрең дегенде іздеп тапқандарын айтты.
«Жағалай қымбатшылық заманда қолжетімді баспана табу оңай емес. Жолдасым пәлен ай бойы жарнамаларды қарап, 17 миллион теңгеге бағасы арзан үйді тапты. Сөйтіп, 30 пайыз алғашқы жарнамызды салып, 70 шаршы метр болатын екі бөлмелі пәтер алдық. Шағын жөндеуімізді жасап, үйге кірдік. Өзіміз үйге қол жеткізгенімізді енді-енді сезіне бастағанда, осындай шу шығып отыр. Біз үй алып жатқан кезде, құрылыс салушы компания проблема туралы айтқан жоқ. «Құжаттарды қыркүйек айында аласыздар. Көршілермен мәселе бар. Бірақ олармен келісімге келіп жатырмыз» деді. Енді міне, сот үйді бұзуға шешім шығарып отыр. Сонда біздің жағдайымыз не болмақ? Қарап отырып, далада қаламыз ба? Шиеттей балаларымызбен қайда барамыз?» – деді Сабыр Зұлқаров.Білгеніміздей, нарықтағыдан әлдеқайда төмен бағада ұсынылған тұрғын үйдегі пәтерлердің барлығы бірдей сатылып кеткен. Қазіргі уақытта 12 пәтерде адамдар тұрып жатыр. 25 пәтердің 90 пайызында жөндеу жүргізілуде. Айсұлу Оңғаралиева – шу шыққан үйдің тұрғындарының бірі. Көп балалы ана әр күнінің уайыммен өтіп жатқанын айтты. «Осы үйді алу үшін соңғы ақшамызды төледік. Енді далада қаламыз ба?» дейді шарасыз күйге түскен Айсұлу. Сонымен сот жап-жаңа үйді неге бұзып тастау туралы шешім шығарып отыр? Атырау облысының сәулет-құрылыс бақылау мемлекеттік басқармасынан білгеніміздей, тұрғын- үй тұрған аумақ қала құрылысының бас жоспарына қайшы келеді. «Бұл аумақ төрт қабатты нысан салуға арналмаған. Әрі арақашықтық өлшемдерінің сәйкессіздігі бар. Сол себепті, сот тұрғын үйді бұзып тастауға шешім шығарып отыр. Шешім екі ай ішінде орындалуы тиіс. Десе де, тұрғындар аппеляциялық сотқа шағымдана алады» деді Атырау облысының сәулет-құрылыс бақылау мемлекеттік басқармасының басшысы Ерлан Кабдинов. Ендігі жерде тұрғындардың жағдайы қалай болады? Осы сұрақты тұрғындар жабылып жүріп жалдап алған адвокат Руслан Тұяқпаевқа қойдық. Адвокат Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында қаралған істің тұрғындар пайдасына шешілмегенін растады. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, ұзын-сонар оқиғаның барлығы 2021 жылы басталған. «2021 жылдың 28 қаңтарында жеке кәсіпкер Тұрсын Суханова В plus компаниясынан жалпы аумағы 99,6 шаршы метр жер учаскесін сатып алады. Кезінде компания бұл жерді 2020 жылдың 3 қыркүйегінде жеке тұлға Манарбек Ғабдіғапаровтан сатып алған. Қызығы сол, Лесхоз ықшам ауданы, Төлесін Әлиев көшесі 11 мекенжайында орналасқан учаскеге төрт қабатты үй құрылысын салуға кезінде, яғни, 2015 жылдың 21 шілдесінде М.Ғабдіғапаровтың атына рұқсат берілген. Енді қараңыз, 2021 жылдың 5 ақпанында Т. Сухановаға төрт қабатты үй құрылысы бойынша Жобалауға арналған сәулет жоспарлау тапсырмасы беріледі. Осылайша, сол жылдың 9 тамызында Т. Суханова Атырау қаласының әкіміне жер учаскесінің нысаналы мақсатын орта қабатты үйге өзгерту туралы өтінім береді. Алайда, 10 қыркүйек күні оған өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан хат келеді. Барлық проблема осы жерден басталып, соңы осындай дауға ұласып отыр.
Сол уақыттан бері күні бүгінге дейін келіссөздер жалғасып келе жатса да, даулы мәселе шешілмей келеді. ГАСК «арақашықтық өлшемдерінің сәйкессіздігін айтып, әрі бұл қаланың бас жоспарына қайшы келеді» деген уәжді алға тартып отыр. Сот екі тарапты өзара келісімге шақырып көрді. Бітімгершілік болмағаннан кейін де, сот үйді сүріп тастауға шешім шығарып отыр. Ендігі үмітіміз аппеляциялық сотта» дейді адвокат Руслан Тұяқпаев.Үйдің сапасында мін жоқ. Тәжірибелі құрылыс компаниясы үйді белгіленген мерзімде салып бітірген. Бала-шағаның аузынан жырып жүріп, бар тапқанын пәтерге жинаған тұрғындар енді бір-бірімен келісе алмай жатқандардың ортасында шарасыз күй кешіп отыр. «Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледі» деген осы... Даулы мәселеден Атырау облысының әкімі Серік Шапкенов те, Атырау қаласының әкімі Мейірім Қалауи да хабардар. Әзірге әкімдер тараптарды конструктивті диалогқа шақырғаннан әріге аса қоймады. Осылайша, айдың күні аманында далада қалуы мүмкін 25 отбасының тағдыры әзірге ашық күйінде қалып отыр... Әгәрәки, аппеляциялық сот шешімі де тұрғындар пайдасына шешілмесе, ашынған ағайын Президентке тікелей шағымдануға мәжбүр...