Тарих толқынындағы Маңғыстау
Тарих толқынындағы Маңғыстау
619
оқылды
Ақтауда «Тарих толқынындағы Маңғыстау» атты халықаралық ғылыми конференция өтті. Жиын еліміздің мәдени саясатының тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі 2020-2030 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары аясында ұйымдастырылды. Конференцияның негізгі мақсаты – тарихи-мәдени мұраларды ғылыми зерттеу, сақтау және пайдалану, танымал ету. Ғылыми конференция барысында түрлі археологиялық зерттеулер мен қорытындылар талқыланып, мәселе кең көлемде талқыланды. Екі күнге созылған конференцияға Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Өзбекстан, Түркия, Италия мемлекетінен ғалымдар, ғылыми-зерттеу орталықтарының қыз­меткерлері және арнайы шақырылған мемлекет деңгейіндегi қоғам қайрат­керлерi қатысты. Жиынды ашқан Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тінәлиев жиынның маңызын атап өтіп, конференция жұмысына сәттілік тіледі. «Тарихты түгендеп, бір ізге түсіру мақ­сатында өткізіліп жатқан бұл шараның орны ерекше. Тарих – өткенге сабақ, келешекке өнеге. Өткеніміз туралы дәйекті, дәлелді мәлімет беру – маңыз­ды да жауапкершілікті жұмыс. Осы салада жасап жатқан ауқымды еңбек­теріңізге табыс тілеймін. Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маң­ғыстауға сапары барысында киелі Маң­ғыстауды «362 әулиенің мекені» деп бекер айтпаған. Маңғыстауды ашық ас­пан астындағы мұражай десек, артық айтқандық емес. Шежірелі аймақ ұлт тағдырына қатысты талай оқиғалардың куәсі болған. Жалпы, Маңғыстау көпте­ген киелі орындарымен әйгілі. Мұндағы бірегей нысандар дүниежүзінде де бірен-саран. Тарихи-мәдени қорықтар мен музейлерге де баса мән берген жөн. Аймақта көптеген тарихи кешен мен ескерткішке реставрациялау жұмыс­тары жүргізіліп, сәулет пішіндері қал­пына келтіріліп жатыр», – деді Ұлықбек Тінәлиев. Қазіргі таңда облыста республикалық маңызы бар ескерткіштер тізіміне жиырма нысан енгізілген. Олардың он алтысы тарихи кешен, қалғаны қала құрылысы сәулет кешені. Жергілікті маңызы бар тарих және мәдени ескерт­кіштердің мемлекеттік тізімінде облыс бойынша барлығы 570 нысан бар. Өз кезегінде сөз алған Маңғыстау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Пәния Сармурзина конференцияның негізгі мақсаты еліміздегі тарихи мәде­ни мұра, ескерткіштердің келелі мәсе­лелерін қозғап, тиімді шешу жолдарын қарастыру екеніне тоқталып өтті. «Об­лыста тарихи мәдени мұраны сақтау, насихаттау, анықтау жұмыстарымен қатар, еліміздегі тарихи мәдени мұраға байланысты өзекті мәселелер осы жиында талқыланады. Конференцияға 25 ғалым арнайы шақырылды, сонымен қатар еліміздегі тарихи мәдени мұраны сақтау жөніндегі инспекциялар, ма­мандар, ғалымдар қатысты. Конфе­рен­цияда алпысқа жуық қатысушы бар. Олардың ішінде Әзербайжан, Түркия, Өзбекстаннан, Ресейден, отандық ға­лымдар бар. Конференцияда тарихи мә­дени мұраны сақтау, насихаттау мә­селелері бойынша арнайы қарар қа­былданады, мәселелерді шешу жолдары айтылады», – деді П. Сармурзина. конференция Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің про­фессоры, философия ғылымдарының докторы Мұрат Қалменов тарихи-мәде­ни мұраларды ғылыми зерттеу, сақтау және пайдалану аясында осындай жиынның маңызды екенін айтып, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. «Археология дегеніміз – бұл тарих ғы­лымының іргетасы. Археология сала­сындағы зерттеушілердің тұжырымы бойынша біздің еліміздегі археология саласындағы ескерткіштердің көбі Маң­ғыстауда орналасқан. Қазіргі кезде тарихи-мәдени мұраларды ғылыми зерттеу, сақтау және пайдалану, таныту мақсатында көптеген жұмыс атқа­рылып жатыр. Әрине, кемшіліктер де жоқ емес. Өйткені бұл бір күнде жаса­лынатын жұмыс емес, археология терең зерделеу мен зерттеуді қажет ететін күрделі жұмыс», – деді Мұрат Қалменов. Конференцияға жиналған архео­лог ғалымдар Еуразия деңгейінде маңызды ежелгі ғұн дәуіріне жататын қорым­дардың Маңғыстауда табыл­ғаны тура­лы, өңірде кездесетін руна жазуларының ерекшелігіне тоқталды. Ұлы Жібек жо­лының осы өлкеден өткен бір тора­бын толық зерттеу және маңызын ұғыну жайлы көлемді мәселе де назардан тыс қалған жоқ. Сондай-ақ «Маңғыстау – Ұлы Жібек жолының 2000 жылдық тұмса тарихы» деген брендпен өлкемізде туризмді дамытуға болатынын археолог Андрей Астафьев тілге тиек етті. Сонымен қатар, ғалымдар өлкеде табылған тарихи мұраларды антропо­гендік, техногендік, табиғи құбылыс­тардан қорғау жөніндегі мәселелерді көтерді. Конференция барысында Арал-Каспий аймағы халықтарының тарихи, этнографиялық ғылыми зерт­теулерін тоғыстыру, археология сала­сындағы іргелі және қолданбалы зерт­теулер қорытындылары айтылып, пет­роглифтік зерттеулер нәтижесі қаралды. Сондай-ақ Маңғыстау мен Үстірт ес­керткіштері бойынша тарихи-архивтік және библиографиялық зерттеулер жайы нақтыланады.

Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ, Маңғыстау облысы