Елімізде IPO тақырыбы іс жүзіне аса бастады. Президенттің тапсырмасымен орындалып жатқан бастама десек те, компаниялардың өздерінің де бұған мүдделі екенін байқауға болады. Дәл қазіргі уақытта жыл соңына дейін нарыққа шығуға талаптанып жатқан жалғыз компания – «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ. Бұған дейін хабарланғандай, 7 қарашада «Самұрық-Қазына» мен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы алғаш рет жария түрде жай акцияларын IPO-ға шығатынын мәлімдеген болатын. Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорының шешіміне сәйкес Ұлттық компания 5%-ға дейінгі үлесін сатуға ұсынбақ екен. Мұндай бәсекелес ортаға шығуға барлық алғышарт бар.
«Біздің компанияның соңғы бірнеше жылдағы өндірістік және қаржылық көрсеткіштері тұрақты екенін атап өткім келеді. Былтыр «ҚазМұнайГаздың» мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 21,7 млн тоннаға жетті, көмірсутек шикізатын өңдеу көлемі 18,9 млн тоннаны құрады. Қазіргі уақытта компанияның шоғырландырылған активтері 32 миллиард долларға тең, акционерлік капитал 2022 жылдың 30 маусымындағы жағдай бойынша 19 миллиард доллардан асты. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша, компанияның таза пайдасы 677 млрд теңге, яки 1 504 млн АҚШ доллары болды, ал бос ақша ағымы – 188 млрд теңге, яки 417 млн АҚШ доллары», – дейді «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев.Сонымен қатар, компания болашақта акциялар құнының өсуіне себеп болатын бірегей жобаларға да ие. Компания қоржынында қазірдің өзінде өндіру, тасымал және мұнай өңдеу бойынша әртараптандырылған және теңдестірілген мұнай-газ активтері бар. Олар барлауға да, өндіріске де қатысты.
«Теңіз кен орнында өндіруді қазіргі 27 млн тоннадан 40 млн тоннаға дейін, яғни 40%-ға ұлғайтуға мүмкіндік беретін Болашақ кеңейту жобасы, сондай-ақ Қашағанда өндірісті ұлғайту бойынша жобалар бар. Одан бөлек, биыл қыркүйек айында «ҚазМұнайГаз» компаниясы «Самұрық-Қазына» қорынан «ҚМГ Қашаған Б.В.» компаниясындағы 50% үлесін сатып алды. Ол Солтүстік Каспий жобасы (Қашаған жобасы) өнімін бөлу туралы келісімде 16,88% үлеске ие. Бұл – «ҚазМұнайГаздың» соңғы жылдардағы ең ірі мәмілелерінің бірі. Қашаған жобасындағы үлестің артуына байланысты ҚМГ-да шоғырландырылған өндіру, EBITDA, таза пайда мен активтердің көрсеткіштері де жақсарады», – дейді Басқарма төрағасы.Компания өндірісін әртараптандырудағы ендігі бір маңызды бағыт – мұнай-газ химиясы. Өткен аптада, яки 8 қарашада қуаты жылына 500 мың тонна полипропилен шығаруға жететін зауыт іске қосылды. Полиэтилен және бутадиен шығаратын зауыттар салу да жоспарлануда. Естеріңізде болса, биыл 13 маусымда «ҚазМұнайГаз» компаниясы «Самұрық-Қазына» қорынан «Қазақстан Петрокемикал Индастриз Инк» ЖШС-ның (KPI Inc.) 49,5% үлесін сатып алған болатын. Осылайша, ҚМГ дайын полипропиленді сатудан түскен табыстың бір бөлігіне ие болмақ.
«Біз өз қызметімізде әрдайым ашықпыз. Сайтта жарияланған есептерде «ҚазМұнай Газ» туралы маңызды мәліметтер ұсынылған. Келесі аптада биылғы 9 айдағы қаржылық көрсеткіштерді жариялауды жоспарлап отырмыз. IPO арқылы біз барлық қазақстандықтың «ҚазМұнайГаз» акцияларын сатып алуға мүмкіндік алуын көздейміз. Әрі компаниямыздың инвесторлар үшін тартымды болуына, олардың инвестициялық портфелінде лайықты орын алуға бар күш-жігерімізді саламыз. Компанияның 100% акциясы 5,1 трлн теңгеге бағаланды. Бұл бір жай акция үшін 8 406 теңгеден келеді деген сөз. IPO-да сатып алған акцияларды қайталама нарықта сауда басталғанда бірден қайта сатуға болады. Акциялардың бағасы түрлі факторларға байланысты өзгеріп отыратынын ескеру керек», – дейді «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев.Жалпы ұлттық компанияның IPO акцияларында халықтық сипат бар екенін атай кеткен жөн. Өйткені, институцоналды инвесторлар, яки қазақстандық және шетелдік заңды тұлғалардан бөлек, басымдық жеке инвесторларға, яғни сіз бен біз секілді қарапайым азаматқа беріледі. Бұл ретте көп акцияның бір қолға шоғырлануына жол берілмейді. Акцияларды бірнеше жолмен сатып алуға болады. Атап айтқанда, брокерлер және олардың мобильді қосымшалары, бірқатар коммерциялық банктердің мобильді қосымшалары, AIX биржасының Tabys қосымшасы және Қазпошта бөлімшелері арқылы.