Халық «тағы да» үміт арқалап қайтты
Халық «тағы да» үміт арқалап қайтты
153
оқылды
Түркістан облысы мен Шым­­­кент қаласының бөлін­ге­ні­не бір жарым жылдан асты. Осы уақыт аралығында әкім­дер 2 мәрте халық алдында есеп берді. Бір қызығы, әкім­дер есепті екі мәрте де бір күні, бір уақытта өткізді. Жалпы, елі­­міздегі барлық облыс және рес­публикалық маңызға ие қа­ланың әкімдері жыл бойғы ат­қар­ған жұмысының қорытын­ды­сы бойынша ел алдындағы есе­бін ақпан айы бойы өткізіп бітеді. Нақты күн мен уақыты өздері­нің ұсыныстары негізінде жоғары жақ­тан бекітілетіні белгілі. Сонда дей­міз-ау, көршілес жатқан, әлі күн­ге дейін зиялы қауым мен бұқа­ра­­лық ақпарат құралдарының өкіл­дері және басқа да кейбір сала қыз­­меткерлері бөлініп бітпеген екі ай­мақтың есепті жиыны неге бір күнге, бір уақытқа қойылады екен? Осы сұрақ жыл сайын жоғарыдағы өкіл қызметкерлерін мазалайды. Әлде, мұнда да бір саясат жатыр ма, екен?!    width=   Қош, сонымен Шымкент қала­сы­на әкім болып келгеніне ай тол­ма­ған  Мұрат Әйтенов жуырда ел алды­на шықты. Жалпы, Шымкентті осы 1,5 жылдың ішінде 4 әкім бас­­қарып отыр. Сондықтан халық та абдырап, билікке нық сеніммен қарай алмайды. Кеше ғана келген әкім не есеп береді деген оймен  кел­­гендер де көп. Бірақ әкім өз есе­­бін­де кешегіге емес, негізінен ал­­дағы жұмыстарға тоқталды.
Ауыс-түйіс жиі болса да, мега­по­листе жұмыс тоқтап қалмапты. Мә­селен, өнеркәсіп өнімі 2018 жыл­­мен салыстырғанда 15 пайызға өссе, ауыл шаруашылығы 6,3 па­йыз­ға, жаңа тұрғын үйлер 19,2 па­­йызға, ал бөлшек сауда 7,1 па­йыз­­ға артыпты. Индустриалды-ин­но­­­­вациялық даму бағдарламасы ая­­сында Шымкентте 3 жылда  24 кә­сіп­­орын ашылыпты. Ал өткен жылы бір­неше жылдан бері тоқтап тұрған «Альянс» компаниясының жіп иіру фабрикасы қайта іске қосылған. «Қа­зіргі таңда 64 млрд теңге ин­вес­­тиция тартылып, 72 жоба іске қо­сылды. Осының есебінен 4 мың­нан астам адам жұмыспен қам­­тыл­ды. Қазына қоржынына 13,4 млрд теңге салық түсті», – деді Мұ­рат Әй­те­нов.
Шымкентте 140 мың адам бас­пана кезегінде тұр. Баспана мәсе­ле­сі бір мұнда емес, еліміздің қай өңі­рін қарасаңыз да, өзектілігін жой­ған емес. Әрине, туу көрсеткіші жоғары, халқы тығыз орналасқан біздің оңтүстікте бұл мәселе тіптен жоғары. Тұрғын үй салу, оны мұқтаж­дар­ға үлестіру жағынан да кенде емеспіз. Былтыр 524 мың шаршы метр үй пайдалануға беріліпті. Қала басшысы бұл жайттың өзекті екенін ескеріп, биылдан бастап тұрғын үй құрылысы қарқынды жүретінін атап өтті. Қоғамдық көліктерді жаңалау жұ­мыстары  жалғаса беретін бола­ды. Өткен жылы қалаға жаңа 300 автобус алынса, 2020 жылы 590 автобус келеді деп күтілуде. Элек­трон­ды билет жүйесі енгізіліп, жаңа форматтағы диспетчерлік орта­лық жұмыс жасамақ. Былтыр мем­лекеттік-жекешелік әріптестік аясында жедел жердем қызметіне 100 жаңа автокөлік берілген. Айта берсек, жасалған тірлік те, ал­дағы жоспар да ішектей созылып кете береді. Байқағанымыз, тұрғын­дар­дың басым бөлігін де шеткі ай­мақ­тардың инфрақұрылым мәселесі толғандырады. Бірі – сусыз, бірі – жарықсыз, енді бірі қалада қашанғы көмір жағып отыратынын айтып ша­ғымданды. Көптің көкейіндегі сұ­рақтың тағы бірі – тұрғын үй мә­се­ле­сі. Тағы бірқатары мектептегі ақша жинау жағдайының тыйылмай отырғанына налиды. №89 мектеп­тің ата-аналар комитетінен сөз ал­ған төрайым ащы шындықты жа­йып салды. 3 000-нан аса бала оқи­тын мектепке жақын ауылдан қа­ты­найтын 350 баланы тасымалдау мә­се­лесінде шикілік көп. Арнайы бө­лін­ген автобустың дөңгелектері жа­рам­сыз болғандықтан, ата-аналар 270 мың теңге жинап жөндетіпті. Алай­да сол көлікті қалалық білім бө­лі­мі алып қойған. 97 ата-ана қол қой­ған арыздың шешімі табылар емес. Есепті жиынның соңы осы сын­ды шиеленіскен мәселелермен мик­рофон босаған жоқ. Осылайша, жұрт жаңа әкімнен жаңашыл бастамалар күтіп,  «тағы да» үміттерін үкілеп қайтты.   Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы