Түркістан облысы мен Шымкент қаласының бөлінгеніне бір жарым жылдан асты. Осы уақыт аралығында әкімдер 2 мәрте халық алдында есеп берді. Бір қызығы, әкімдер есепті екі мәрте де бір күні, бір уақытта өткізді. Жалпы, еліміздегі барлық облыс және республикалық маңызға ие қаланың әкімдері жыл бойғы атқарған жұмысының қорытындысы бойынша ел алдындағы есебін ақпан айы бойы өткізіп бітеді.
Нақты күн мен уақыты өздерінің ұсыныстары негізінде жоғары жақтан бекітілетіні белгілі. Сонда дейміз-ау, көршілес жатқан, әлі күнге дейін зиялы қауым мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және басқа да кейбір сала қызметкерлері бөлініп бітпеген екі аймақтың есепті жиыны неге бір күнге, бір уақытқа қойылады екен? Осы сұрақ жыл сайын жоғарыдағы өкіл қызметкерлерін мазалайды. Әлде, мұнда да бір саясат жатыр ма, екен?!
Ауыс-түйіс жиі болса да, мегаполисте жұмыс тоқтап қалмапты. Мәселен, өнеркәсіп өнімі 2018 жылмен салыстырғанда 15 пайызға өссе, ауыл шаруашылығы 6,3 пайызға, жаңа тұрғын үйлер 19,2 пайызға, ал бөлшек сауда 7,1 пайызға артыпты. Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында Шымкентте 3 жылда 24 кәсіпорын ашылыпты. Ал өткен жылы бірнеше жылдан бері тоқтап тұрған «Альянс» компаниясының жіп иіру фабрикасы қайта іске қосылған. «Қазіргі таңда 64 млрд теңге инвестиция тартылып, 72 жоба іске қосылды. Осының есебінен 4 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Қазына қоржынына 13,4 млрд теңге салық түсті», – деді Мұрат Әйтенов.Шымкентте 140 мың адам баспана кезегінде тұр. Баспана мәселесі бір мұнда емес, еліміздің қай өңірін қарасаңыз да, өзектілігін жойған емес. Әрине, туу көрсеткіші жоғары, халқы тығыз орналасқан біздің оңтүстікте бұл мәселе тіптен жоғары. Тұрғын үй салу, оны мұқтаждарға үлестіру жағынан да кенде емеспіз. Былтыр 524 мың шаршы метр үй пайдалануға беріліпті. Қала басшысы бұл жайттың өзекті екенін ескеріп, биылдан бастап тұрғын үй құрылысы қарқынды жүретінін атап өтті. Қоғамдық көліктерді жаңалау жұмыстары жалғаса беретін болады. Өткен жылы қалаға жаңа 300 автобус алынса, 2020 жылы 590 автобус келеді деп күтілуде. Электронды билет жүйесі енгізіліп, жаңа форматтағы диспетчерлік орталық жұмыс жасамақ. Былтыр мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жедел жердем қызметіне 100 жаңа автокөлік берілген. Айта берсек, жасалған тірлік те, алдағы жоспар да ішектей созылып кете береді. Байқағанымыз, тұрғындардың басым бөлігін де шеткі аймақтардың инфрақұрылым мәселесі толғандырады. Бірі – сусыз, бірі – жарықсыз, енді бірі қалада қашанғы көмір жағып отыратынын айтып шағымданды. Көптің көкейіндегі сұрақтың тағы бірі – тұрғын үй мәселесі. Тағы бірқатары мектептегі ақша жинау жағдайының тыйылмай отырғанына налиды. №89 мектептің ата-аналар комитетінен сөз алған төрайым ащы шындықты жайып салды. 3 000-нан аса бала оқитын мектепке жақын ауылдан қатынайтын 350 баланы тасымалдау мәселесінде шикілік көп. Арнайы бөлінген автобустың дөңгелектері жарамсыз болғандықтан, ата-аналар 270 мың теңге жинап жөндетіпті. Алайда сол көлікті қалалық білім бөлімі алып қойған. 97 ата-ана қол қойған арыздың шешімі табылар емес. Есепті жиынның соңы осы сынды шиеленіскен мәселелермен микрофон босаған жоқ. Осылайша, жұрт жаңа әкімнен жаңашыл бастамалар күтіп, «тағы да» үміттерін үкілеп қайтты. Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы