Shym Qala этноауылы – Шымкент мақтанышы
Shym Qala этноауылы – Шымкент мақтанышы
923
оқылды
Шымкент қаласындағы Shym Qala этноауылында ұлттық мәдениет, салт-дәстүр мен қолөнер бұйымдарын кеңінен таныстыру мақсатында «Этно Шымкент» фестивалі өтті. Фестивальда алдымен «Ұлы Жібек жолы» керуені жүріп өтіп, «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі мен жергілікті өнерпаздар ұлттық нақыштағы әндерден шашу шашты. Шара аясында, сондай-ақ этнодизайнерлердің дефиле шоуы, фото және кітап көрмелері, ұлттық тағамдарды әзірлеу бойынша шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Мұнда келушілерге ұлттық тағамдарды нәшіне келтіре дайындайтын Jeti tandyr кафелер желісі мен Tary, Bro Shashlyk, MaxPLOV сияқты жергілікті кафе аспаздары ұлттық және шығыс тағамдарын дайындады. Одан бөлек, сәндік ұлттық киімдер қойылымы, ұлттық тағам­дардың әзірлену жолы көрсетілді. Қаланың жергілікті қолөнершілері, театр әртістері мен суретшілері де өз жұмыстарын ұсынды. Аталған іс шараның мақсаты – қала тұрғын­дары мен қонақтарына тарихи деректерге сүйене отырып, «Жібек жолы» бойындағы көне Шымкент қаласының атмосферасын, тұр­мыс-салтын көрсету. Іс-шара бары­сында қолөнер, кәдесый бұ­йым­дарын жасау, ұлттық тағамдар бойынша шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, кешкі уақытта от, барабан және лазерлік шоудың ұмытылмас қойылымы ұсынылды.
Сондай-ақ келген қонақтар «Тұран» этнофольклорлық ан­сам­­блінің концерттік бағдар­ламасын тамашалады. «Алдағы уақытта да қаламыздың терең тарихы мен мәдениетімізді ұш­тастыра көрсе­тетін осындай игі шараларды дәс­түрлі түрде өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл іс-шара арқылы біз қаламыздың танымал­дылығын арттырып әрі халыққа есте қалар­лықтай әсер сыйлауды ниет еттік», – деді басқарма басшысы Е.Қы­дыров. Голландия азаматы Рензе Кос­тер фестивальға отбасымен бірге келіпті. Оның Шымкентте тұрып жатқанына төртінші жыл болған. Мектепте ұстаздық ететін ол қазақ­тардың салт-дәстүрі мен өнерін, мәдениетін тереңірек білгісі келеді. Ол осынау фес­ти­вальда, әсіресе қолөнер шебер­лерінің бұйым­дарына қатты қызық­қанын жасыр­мады. «Қа­зақ­тың қолөнер бұйым­дары ұна­ды, өте шебер жасалған заттар ерекше тамсандырады. Біз 4 баламызбен осында келгенбіз. Әр елдің салты басқа, біз қазақ мә­дениетін үйренгіміз келеді», – дейді ол.
Сән-салтанатты жиында киіз басу, домбыра жасау, бесікке салу, тұсаукесер, қыз ұзату сынды қа­зақ­­тың салт-дәстүрлері келуші­лерге ұсынылып жатты. Шетелдік саяхатшылар мен қала тұрғын­дары осындай ұлттық салт-дәс­түр­лерге қанықты. Шымкент жай­лы фото және кітаптар көрме­сін қызықтады. Құрт, қымыз және көже секілді ұлттық тағам­дардың қалай әзір­ленетінін көрді.
Шымкенттің туристік әлеуеті жыл санап артып келеді. Жалпы, бүгінде Шымкенттің тарихи, мә­дени орындарына саяхаттау мақ­сатында түрлі туристік маршрут әзірленіп, олар жайлы ақпарат бе­ре­тін гид-экскурсоводтар қызметі ұйымдастырылған және туристік автобустар жолға қойылған. Соңғы 9 айда экспресс көрсеткіш бойын­ша Шымкент қаласына 350 мыңға жуық адам турист келсе, оның 25 мыңнан астамы – шетелдіктер. Ұйымдас­тырушылар осындай іс-шара­ларды көптеп ұйымдастыру­дың арқасында шаһарға келу­шілердің санын 400 мыңға жеткізе­міз деп отыр. «Шымкент бүгінде Араб елдері және түркітілдес елдермен байланысты нығайтуда. Мега­полисте Түркияның құрметті консулдығы жұмыс істейді. Келер айда Біріккен Араб Әмірлігінің бас консулдығы ашылмақ. Сон­дай-ақ биыл бұл мемле­кеттерде Шымкент­тің мәдениет күндері өтті», – дейді Шымкент қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқарма­сының басшысы Ерлан Қыдыров.
Ал Shym Qala этноауылы өткен жылы Қазақстан халқының бірлігі мерекесі күні ашылған болатын. Үшінші мегаполистің мақта­нышы­на айналған этноауыл туралы қала әкімі Мұрат Әйтенов қалаға келген қонақтарды ең ал­дымен осында алып келу керегін, Шымкенттің туризм әлеуетін жаңа белеске кө­теретін кешен деп атаған болатын. Айта кетейік, алып кеше­нде екі негізгі туристік бағыт бар. Екеуі оңтүстік және шығыс қақпа­лардан басталады. қолөнер Этноауылда ұлттық аспаптар, қолөнер бұйымдары, кілем-тоқы­ма бұйымдары шеберлеріне бө­лін­ген киіз үйлері бар. Осылайша, әр киіз үйде қала тұрғындарына шеберлік сабағы өткізіледі. Мұн­да бұдан бөлек, алып тай­қазан, киіз үй үлгі­сіндегі концерт залы, қолөнершілер ауылы орналасқан.

Шымкент қаласы