Шымкент қаласындағы Shym Qala этноауылында ұлттық мәдениет, салт-дәстүр мен қолөнер бұйымдарын кеңінен таныстыру мақсатында «Этно Шымкент» фестивалі өтті. Фестивальда алдымен «Ұлы Жібек жолы» керуені жүріп өтіп, «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі мен жергілікті өнерпаздар ұлттық нақыштағы әндерден шашу шашты. Шара аясында, сондай-ақ этнодизайнерлердің дефиле шоуы, фото және кітап көрмелері, ұлттық тағамдарды әзірлеу бойынша шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Мұнда келушілерге ұлттық тағамдарды нәшіне келтіре дайындайтын Jeti tandyr кафелер желісі мен Tary, Bro Shashlyk, MaxPLOV сияқты жергілікті кафе аспаздары ұлттық және шығыс тағамдарын дайындады. Одан бөлек, сәндік ұлттық киімдер қойылымы, ұлттық тағамдардың әзірлену жолы көрсетілді. Қаланың жергілікті қолөнершілері, театр әртістері мен суретшілері де өз жұмыстарын ұсынды. Аталған іс шараның мақсаты – қала тұрғындары мен қонақтарына тарихи деректерге сүйене отырып, «Жібек жолы» бойындағы көне Шымкент қаласының атмосферасын, тұрмыс-салтын көрсету. Іс-шара барысында қолөнер, кәдесый бұйымдарын жасау, ұлттық тағамдар бойынша шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, кешкі уақытта от, барабан және лазерлік шоудың ұмытылмас қойылымы ұсынылды.
Сондай-ақ келген қонақтар «Тұран» этнофольклорлық ансамблінің концерттік бағдарламасын тамашалады. «Алдағы уақытта да қаламыздың терең тарихы мен мәдениетімізді ұштастыра көрсететін осындай игі шараларды дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл іс-шара арқылы біз қаламыздың танымалдылығын арттырып әрі халыққа есте қаларлықтай әсер сыйлауды ниет еттік», – деді басқарма басшысы Е.Қыдыров. Голландия азаматы Рензе Костер фестивальға отбасымен бірге келіпті. Оның Шымкентте тұрып жатқанына төртінші жыл болған. Мектепте ұстаздық ететін ол қазақтардың салт-дәстүрі мен өнерін, мәдениетін тереңірек білгісі келеді. Ол осынау фестивальда, әсіресе қолөнер шеберлерінің бұйымдарына қатты қызыққанын жасырмады. «Қазақтың қолөнер бұйымдары ұнады, өте шебер жасалған заттар ерекше тамсандырады. Біз 4 баламызбен осында келгенбіз. Әр елдің салты басқа, біз қазақ мәдениетін үйренгіміз келеді», – дейді ол.Сән-салтанатты жиында киіз басу, домбыра жасау, бесікке салу, тұсаукесер, қыз ұзату сынды қазақтың салт-дәстүрлері келушілерге ұсынылып жатты. Шетелдік саяхатшылар мен қала тұрғындары осындай ұлттық салт-дәстүрлерге қанықты. Шымкент жайлы фото және кітаптар көрмесін қызықтады. Құрт, қымыз және көже секілді ұлттық тағамдардың қалай әзірленетінін көрді.
Шымкенттің туристік әлеуеті жыл санап артып келеді. Жалпы, бүгінде Шымкенттің тарихи, мәдени орындарына саяхаттау мақсатында түрлі туристік маршрут әзірленіп, олар жайлы ақпарат беретін гид-экскурсоводтар қызметі ұйымдастырылған және туристік автобустар жолға қойылған. Соңғы 9 айда экспресс көрсеткіш бойынша Шымкент қаласына 350 мыңға жуық адам турист келсе, оның 25 мыңнан астамы – шетелдіктер. Ұйымдастырушылар осындай іс-шараларды көптеп ұйымдастырудың арқасында шаһарға келушілердің санын 400 мыңға жеткіземіз деп отыр. «Шымкент бүгінде Араб елдері және түркітілдес елдермен байланысты нығайтуда. Мегаполисте Түркияның құрметті консулдығы жұмыс істейді. Келер айда Біріккен Араб Әмірлігінің бас консулдығы ашылмақ. Сондай-ақ биыл бұл мемлекеттерде Шымкенттің мәдениет күндері өтті», – дейді Шымкент қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Қыдыров.Ал Shym Qala этноауылы өткен жылы Қазақстан халқының бірлігі мерекесі күні ашылған болатын. Үшінші мегаполистің мақтанышына айналған этноауыл туралы қала әкімі Мұрат Әйтенов қалаға келген қонақтарды ең алдымен осында алып келу керегін, Шымкенттің туризм әлеуетін жаңа белеске көтеретін кешен деп атаған болатын. Айта кетейік, алып кешенде екі негізгі туристік бағыт бар. Екеуі оңтүстік және шығыс қақпалардан басталады.
Шымкент қаласы