Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов пен «Еуразиялық Топ» ЖШС басқарма төрағасы Серік Шахажанов маңызды экологиялық жобаларды жүзеге асыруды көздейтін Меморандумға қол қойды.
ERG құрамындағы «Қазхром» компаниясы өзінің жауапкершілігі мен әлеуметтік бағдарлы компания екенін паш ете отырып, 2023-2027 жылдар аралығында қоршаған ортаға әсерді азайтуға бағытталған бірқатар шараларды жүзеге асыруға ниетті екенін мәлімдеді.
Компания міндеттемелер аясында Ақтөбе ферроқорытпа зауытының бірінші және екінші цехтарында қатты бөлшектерді 99% тиімді тазалайтын газ тазарту құрылғыларын орнатуға, кәсіпорынның ішкі қажеттіліктері үшін электр энергиясын өндіру мақсатында қайта өңдеу электр станциясын салу арқылы №4 балқыту цехының ферроқорытпа газын толықтай кәдеге жаратуға, санитарлық-қорғау аймағында 100 мыңнан астам көшет егуге, ферроқорытпа өндірісінде өндірілетін кенді толықтай қайта өңдеуге ниетті.
– Қазақстанда алғаш рет ірі компания өндірілетін кенді толықтай қайта өңдеуге бет бұрып жатыр. Бұл ел экономикасының өсуі, қосымша жұмыс орындары ашылып, компания мен еліміздің мүмкіндіктері артады деген сөз. Меморандум тармақтарын іске асыруға мүдделілік танытқаны үшін ERG-ге бөлек алғыс айтамын. «Қазхром» компаниясының біздің өңірге ықпалы зор. Сіздерге қарап қалған кәсіпорындар үлгі алатынына күмәнім жоқ, – деп өңір басшысы Ералы Тоғжанов Еуразиялық Топ басшылығымен жасасқан келіссөздің нәтижесімен бөлісті.
– Бүгін біз Ақтөбе облысы әкімдігімен экологиялық меморандумға қол қоямыз. Бұл қадам өндірістің экологиялық жағынан тазалығын және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру мәселесі Топ үшін қаншалықты маңызды әрі өзекті екенін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр, – деді «Еуразиялық Топ» ЖШС басқарма төрағасы Серік Шахажанов. – Кәсіпорындарымыз ондаған жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқанына қарамастан, біздің мақсатымыз – цехтарды жаңғырту, қоршаған ортаға жүктемені азайту және қалдықсыз өндіріске көшу.
Ақтөбе ферроқорытпа зауытына автоматтандырылған бақылау жүйесін қондыру және басқа да шаралар жоспарланған. Меморандум шараларын іске асыру ERG кәсіпорындарына әлемдік нормативтерге сәйкес болуға мүмкіндік береді.
Ақтөбе облысының әкімдігі тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетін болады, себебі өндірістік қызметтің аймақтағы қоршаған ортаға антропогендік әсерін азайтуға бағытталған шараларды жүзеге асыру өңір тұрғындары үшін аса маңызды.