Шаруалар мәртебесін арттыру маңызды

шаруа

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы төоағасының орынбасары, Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаевтың сенімді өкілі Николай Арсютин Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданы Чапаево елді мекенінде орналасқан «Қызылжар сүт» ЖШС кәсіпорнына барып, еңбек ұжымымен кездесті.

Кездесу барысында кандидаттың сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары баяндалып, партия жұмысы туралы егжей-тегжейлі айтылды.

Жигули Дайрабаев өзінің бағдарламасына Қазақстан шикізатқа бай мемлекет бола тұра, өз халқын қолжетімді отынмен және энергетикалық ресурстармен қамтамасыз ете алмай отырғандығын атап өтті. Николай Арсютин бағдарламада ауыл шаруашылығы саласын дамытуға ерекше ден қойылғандығына тоқталды.

«Ауыл» партиясы ауылдық елді мекендерді жаңғырту жөніндегі ұзақмерзімді ұлттық стратегияны заң деңгейінде қабылдауды ұсынып отыр. Әсіресе, ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің мәртебесін арттыру өте маңызды. Қала тұрғындарын коммерциялық үстеме бағасыз азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету үшін мегаполистерде, моноқалаларда, облыс және аудан орталықтарында тұтыну қоғамдары  мен кооперативтер желісін құру және дамыту жоспарланған», - деді Николай Арсютин.

Өз кезегінде кәсіпорын қызметкерлері кандидаттың бастамаларын тыңдап, аталған жобалар жүзеге асса, саладағы қордаланған мәселелер шешімін табарына сенім білдірді.

Өндіріс ошағынан кейін партия өкілдері Петропавл қаласындағы Сәбит Мұқанов атындағы кітапханада сайлаушылармен кездесу өткізді. Жиында кандидаттың алдағы уақытқа жоспарлары, «Ауыл» партиясының жобалары төңірегінде әңгіме қозғалып, жұртшылықтың сұрақтарына жауап берілді.

Байқау айқын
Байқау айқын
Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.