Nur Otan партиясының республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев азаматтарды қабылдады. Министрмен тікелей эфир арқылы өзге өңірлерден де бір топ тұрғын байланысқа шықты. Олар өздерін толғандырған мәселелер бойынша сауалдарын жолдап, ұсыныстары мен шағымдарын қоса жеткізді. Қоғамдық қабылдауға келгендердің көбі жергілікті құзырлы органдардың әрекетсіздігіне наразы. Тұрғындар қылмыстық істердің тергеу барысына қанағаттанбайтынын және полиция қызметкерлерінің тарапынан жиі қысымға ұшырайтынын сөз етті. Айтуларынша, алаяқтық, зорлық-зомбылық және адам өлтіру қылмыстарына кінәлілер әділ жазасын алмаған. Мәселен, Шымкент қаласының тұрғыны Лилия Ахмедова Ішкі істер министрінің 2019 жылдың 4 желтоқсандағы Nur Otan республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіндегі қабылдау кезінде Шымкент қалалық полиция басқармасы басшылығына берген хаттамалық бұйрығының орындалмағанын айтып шағымданды. Ал Асылбек Мұханов 2018 жылдың желтоқсан айында 12 жылқысы ұрланғанын, Степногорск қаласының Ерейментау аудандық полиция бөлімінде ұрлыққа қатысты қылмыстық іс қозғалғанына қарамастан, аталған іс аяқсыз қалғанына наразылығын білдірді. Наталья Новоселованың сөзінше, 2017 жылдың ақпан айында Талдықорған қаласында Н.Милахинге қатысты алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бірақ қылмыстық іс белгісіз себептермен заңсыз түрде тоқтатылған. Министр Ерлан Тұрғымбаев қоғамдық қабылдауда көтерілген барлық мәселелерді жіті бақылауға алатынын айтып, ведомствоның құзырына жататын түйіндерді шешуді жергілікті департамент басшыларына тапсырды.
– Азаматтардың шағымдары біздің қызметкерлеріміздің әрекетсіздігінен, жергілікті судьялардың шешімдерімен келіспеуінен туындап отыр. Қабылдау барысында азаматтардың өзге де мәселелер жөнінде қойған сұрақтарына толықтай жауап берілді. Жалпы, 1 жыл ішінде министр Ерлан Тұрғымбаев Nur Otan партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесінде осы тақылеттес төрт қабылдау өткізді. Олардың барлығы да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бүгінгі таңда Ішкі істер министрлігіне қарасты республика бойынша 218 фронт-офис жұмыс істейді. Онда азаматтар түрлі мәселелерге байланысты сауалдарын жолдап, арыз-шағымдарын білдіре алады, – деді ІІМ-нің баспасөз хатшысы Нұрділда Ораз.Айта кетейік, Ішкі істер министрінің қабылдауына 73 адам жазған. Абылайхан ЖҰМАШ