Қазақстанда жылдық инфляция деңгейі Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында ең үлкен көрсеткішке ие болып отыр. 2020 жылдың қаңтарындағы жағдай бойынша тауарлар мен қызметке бағаның өсуі 5,6%-ды құраған. Бұл – ЕАЭО статистикасындағы ең жоғары өсім. Сонымен, Беларусьте тұтыну бағасы бір жыл ішінде 4,7%, Қырғыз Республикасында – 3,2%, Ресейде – 2,4%, Арменияда 0,2% қымбаттаған. ЕАЭО бойынша инфляция 2,8% болды. Азық-түлік тауарына келсек, 2020 жылдың қаңтарында Қазақстанда баға 9,2%-ға көтерілген. Ал Қырғыз Республикасында көрсеткіш 5,6% болса, Беларусьте – 4,1%, Ресейде – 2%. Бұл орайда Арменияда азық-түлік керісінше 1,1%-ға арзандады. Сондай-ақ азық-түлік емес тауарлар құны жөнінен де Қазақстан одақта алғашқы орынды (5,2%) бермей келеді. Баға Беларусьте 3,7% құраса, Ресейде – 2,5%, Арменияда – 1,7%, Қырғыз Республикасында 0,5% құрады. Бұған қоса, ақылы қызмет құны Қазақстанда бір жыл ішінде 1,4%-ға қымбаттаса, Беларусьте – 7,2%, Ресейде – 2,8%, Арменияда – 1,2%, Қырғыз Республикасында – 0,8% деңгейінде болды. Айта кетейік, былтыр инфляция көрсеткіші бойынша да Қазақстан 5,4%-бен ЕАЭО-да алдыңғы орынға шыққан. Ол кезде көрсеткіш Беларусьте – 4,7%, Қырғыз Республикасында – 3,1%, Ресейде – 3%, Арменияда 0,7%-ды құрады. Дастан ДУМАН