«Сабасына түсіреміз!»: қазақ жігіттері ресейлік блогерді әуежайдан күтіп алмақ
«Сабасына түсіреміз!»: қазақ жігіттері ресейлік блогерді әуежайдан күтіп алмақ
Коллаж: Exk.kz
2,083
оқылды
Соңғы күндері ресейлік Алекс Леслидің қазақтың намысына тиетін видеоүндеуі қоғамда қызу талқыланып жатыр. Санаулы сағат бұрын Алматыға келе жатқан сәтін әлеуметтік желіге жүктеген аты шулы блогерді бір топ азамат әуежайда күтіп отыр. Бұл жайында кәсіпқой боксшы Жанқош Тұраров өзінің жеке парақшасына видео жүктеген. Спортшы аталған бейнежазбада дәл қазір Алматы әуежайында бүлікші блогерді тағатсыздана күтіп отырғандарын айтыпты.
"Екі-үш күн болып жатқан мына тақырып өз мәресіне жетпей жатыр. Алекс жолға шығыпты. Біз соны күтіп отырмыз. Келсін, көреміз. Сыбағасын береміз", – деді Жанқош Тұраров.
Боксшының бұл бастамасына жазылған пікірлер сан түрлі. Оқырмандардың бір легі Тұраровқа қолдау білдірсе, желідегі жұрттың енді бір легі қасына жүректі әрі білекті жігіттерді емес, бір топ блогерді жинап алған Жанқошты келеке қылыпты.
"Хайп үшін дүйім жұртты дүрліктірген #мақұлық біздің елге кіре алмайды. Өзінің де дәті шыдамайтыны белгілі. Келсе де екі паспортына шектеу қойылған. Соңғы нақтыланған ресми ақпарат осы. Сабырға келіңіздер!", – деп жазды кейін боксшы.
Еске сала кетсек, Алекс Лесли өзінің даулы бейнежазбасында Қазақстанға келіп, қазақ қыздарын төсек қатынасына тартудың түрлі тәсілін үйрететінін ашық айтқан еді. Блогер 19 қараша күні, яғни ертең Алматыда дәл осы тақырып төңірегінде тренинг өткізбек екен. Дәл осыдан кейін оған біздің елге кіруге тыйым салынғаны туралы ақпарат тарағанымен, кейін Алекс мұның жалған екенін жазды.