Бейбіт шеру туралы жаңа заң жобасы қызу талқыланып жатыр. Ата заңымыздың 32-бабына сәйкес, азаматтар бейбіт әрі қарусыз жиналуға, митинг, демонстрация өткізуге және пикетте тұруға хақылы. Алайда осы жиналыс бостандығы құқығын іске асыру жолында біраз кедергі болды. Сарапшылардың айтуынша, заңнаманы қайта қарап, әлемдегі озық үлгілерді қарастырудың өзі – демократия жолындағы маңызды қадам. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитетінің төрайымы Әлия Ғалымова «Қазақстанда бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» мүлдем жаңа заң жобасы әзірленгенін және 1995 жылғы ескі заң күші жойылатынын айтады. Жаңа құжатта бейбіт жиналыс атаулының барлық түріне анықтама беріледі, ұйымдастырушылар мен қатысушылар жауапкершілігі анықталады. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев тапсырғандай, наразылық акциясын өткізуге қала шетінде емес, орталықтан орын бөлу міндет. 250 адамнан аз қатысушысы бар бейбіт шара өткізу үшін хабарлама тәртібі енгізілмек. Яғни, рұқсат сұрау қажет болмайды. Ірі шеру-митинг өткізу ісін жергілікті әкімдік реттейді. Дегенмен сарапшылар өзекті тақырып көтерілген бейбіт жиынға келушілер саны тез-ақ 250 адамнан асып кетуі мүмкін екенін ескертеді. Министрлік өкілінің түсіндіруінше, бұдан көп адам жиылса, олар көлік қозғалысына кедергі келтіруі, қандай да бір нысанның жұмысына бөгет болуы мүмкін. Сондықтан ондай қарсылық акцияларын арнайы бөлінген алаңдарда, саябақтарда өткізген жөн. Ол орындарды анықтау жергілікті мәслихаттың құзырына беріледі.
«Бейбіт жиналыстар – тек азаматтардың өз белсенділігін паш етуінің бір қалыбы ғана. Көптеген елдің тәжірибесі сараланды. 250-ден асып кетсе, көліктердің жүрісін, жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету қиындайтын болса керек. Сол себепті 250 деген сан алынды», – дейді Әлия Қайратқызы. Рас, бұл сан алда қайта қаралуы ықтимал.Kun онлайн-тұғырнамасындағы талқылау кезінде ондай орындар тізімін заңда бекіту туралы ұсыныс айтылды. Әйтпесе, заң жобасында қала орталығы деп нақты жазылмағасын, мәслихаттар орынды заң жүзінде емес, өз қалауынша белгілейді. «Барлығын бір заң аясында тәптіштеп жазып, реттеу мүмкін емес. Жергілікті атқарушы органдарға осы мәселеде еркіндік бергіміз келді. Жергілікті тұрғындарға бейбіт жиналу үшін қай жер ыңғайлы екенін солар біледі. Өйткені заңда елді мекеннің орталығы деп бекітсек, әр ауыл-қалада орталық әртүрлі. Аудан орталығында – орталық алаң болса, басқа жерде әлдебір ірі сауда орталығының жаны болуы мүмкін. Ендеше бұл мәселені жергілікті өзін-өзі басқару билігінің құзырына беруді дұрыс көрдік, – дейді Азаматтық қоғам істері комитетінің төрайымы.
Қазақстандық саясаттанушы Данияр Әшімбаев бұл істегі мемлекеттің сақтығын түсінуге болатынын айтады: мемлекет пен оның құрылымдары заң жобасын әртүрлі төңкерістерден қорғанудың өзіндік бір құралы ретінде қарастырады.
«Егер ондаған мың наразы адам көшеге шеруге шықса, мемлекетте ешқандай да заң жұмыс істемей қалуы мүмкін. Оның мысалын әлемнің өзге елдері тәжірибесінен білеміз. Менің ойымша, заң жобасында шеру-демонстрацияға арқау етуге тыйым салынған тақырыптардың түбегейлі тізімін бекітуге тиіспіз. Мысалы, митинг арқылы ұлтаралық және дінаралық араздықты қоздыруға шектеу қойылсын. Бұдан бөлек, митинг барысы азаматтар қауіпсіздігіне және қоғамдық тәртіпке қатер төндіре бастаса, шиеленісті төмендету тетіктері де қарастырылуы қажет. Айталық, прокуратураға ескерту жасау құқығы берілуге немесе митинг-медиация институты енгізілуі тиіс. Жалпы, жиналыс-митинг өткізуге болатын емес, өткізуге болмайтын жерлер тізімі айқындалуы керек. Мысалы, АҚШ-та «тыныштық аймақтары» анықталған, яғни үкіметтік кварталдар, әкімшілік ғимарат және басқа нысандар алдында тіпті бейбіт жиналыс өткізуге тыйым салынады. Басқасында рұқсат. Бізде келісім тәртібін қарастыруға болады: төрелік комиссия өткізу орны мен күнін таңдауға көмектеседі. Стихиялы, бейберекет наразылық акцияларын реттеу ісін де сол комиссияға жүктеуге болады», – дейді Данияр Әшімбаев.