Астананың бас жоспары және Талдыкөл
Астананың бас жоспары және Талдыкөл
Фото ©Асқар Беков
612
оқылды
Астана таланттар мен туристерден бөлек, шетелдік инвесторларды тартатын қалаға айналуы керек. Ол үшін қала құрылысын жоспарлаудың жаңа форматы керек-ақ. Осы орайда Астананың 2035 жылға дейінгі дамуының жоспары әзірленіп, қала тұрғындарының талқылауына ұсынылды. Үш күннен бері он жылдан кейін елорда келбетінің қалай өзгеретінін білгісі келетіндер мен қала құрылысының жоспарына ұсыныс-тілегін жеткізушілер қарасы көп. Олардың арасында жанашырларының алаңдаушылығын туғызған Кіші Талдыкөлдің тағдырынан хабардар болғысы келетіндер де бар. Олар үшін жағымды жаңалық бар – алдағы уақытта Үлкен және Кіші Талдыкөл бойында экопарктер салынады. Экопарк жобасы аумақты абаттандыруды, Үлкен және Кіші Талдыкөл су балансын сақтап әрі толықтыра отырып, рекреациялық аймақ салуды көздейді. Талдыкөл Астана қаласы әкімдігінің ресми дерегіне сүйенсек, су айдындары салынады, олар сумен қамтамасыз етіледі. Бұл судың тепе-теңдігін сақтауға және судың табиғи түрде сүзілуін жасауға, экожүйенің биоәртүрлілігін сақтауға мүмкіндік береді. Бұған дейін Кіші Талдыкөл ауданында саябақтың рельефін құру және ағаш отырғызу үшін аумақты дайындау жұмысы басталған болатын. Сол сияқты Үлкен Талдыкөл маңында қорық және орман-саябақ аймағы бар елдегі алғашқы табиғи парк ашылады. Қалалық аумақтардан табиғи саябақ аймағымен бөлінген кіші Талдыкөл түріндегі көркем бұрыштың сақталуы Астананың туристік әлеуетін ашудың бір артықшылығы болар еді. Табиғи саябақ сирек кездесетін құстарды табиғи ортада көргісі келетін адамдарды тартары сөзсіз. Қазірдің өзінде елордада мұндай оңды мысал бар: Есіл өзенінің тұрғын үй құрылысынан саябақ арқылы бөлінуі нәтижесінде, онда құстар, сусарлар, қояндар, үкілер, шағалалар мен үйректер қауіпсіз өмір сүріп жатыр. Осы тәсілді қолдана отырып, 494 мың шаршы метрден астам экожүйені сақтауға болады. Жалпы, инфрақұрылымды дамыту биологиялық әртүрліліктің толық жойылуын және табиғи объектілердің жою дегенді білдірмейді. Мысал ретінде Біріккен Араб Әмірліктерін келтіруге болады, бұл ел шөл мен теңіздің экожүйесіне зиян келтірмей дамыған туристік нысандар жүйесін сала алды. Цюрихте қала аумағының төрттен бір бөлігін орман алып жатыр, бұл жасанды емес, табиғаттың толыққанды бөлігі саналатын табиғи орман. Швейцарияның басқа қалаларында да жағалауы бұрын бетонмен қоршалған немесе жер асты құрылысының салдарынан қираған өзендер мен бұлақтар қалпына келтіріліп жатыр. Бұл адамдардың табиғатпен үйлесімді өмір сүруіне, құстардың адам жанына еркін ұя салуына мүмкіндік береді. Канада мемлекеті де сол бағытта жылжып келеді, мұнда қаланың шеткі бөлігі елді мекенді көбірек еске түсіреді: ағаштар 2-3 қабатты үйлермен таласа өсіп тұр Талдыкөл 2 Біз де осы жолмен жүре аламыз, ол үшін қала элементтерін табиғи нысандармен біріктіру маңызды. Қоршаған ортаны бұзбай, адамдардың ыңғайлы өмір сүруін қамтамасыз етуге болады, өйткені табиғаттағы әр элемент кездейсоқ емес. Астананың бас жоспарын талқылауға шығарғандар да Кіші Талдыкөл мәселесін жиі көтерген экобелсенділермен, экологтармен және қала тұрғындарымен өткен кездесулерден кейін осындай шешімге келген. Мәжіліс депутаты, Экология және табиғат пайдалану мәселелері комитетінің мүшесі Елдос Абақанов та Кіші Талдыкөл де, Үлкен Талдыкөл де табиғи экожүйесі бар аймаққа айналғанын қолдайды. «Бас қаламыздың бас жоспарымен танысқан кезде біздің тарапымыздан көптеген сұрақ қойылды, оның ішінде экологияға қатысты тікелей сұрақтар да болды. Қалада жасыл аймақ санын көбейту, Кіші және Үлкен Талдыкөлге қатысты экопарк салатын жоспар батынан хабардармыз. Әрине кейде Кіші Талдыкөлге қатысты көп мүмкіндікті жіберіп алдық па деп ойлаймын. Себебі, көл құрғап барады, көңілде Кіші Талдыкөлдің экожүйесі қалпына келе ме, жоқ па деген алаң да жоқ емес. Бұл – жеке ойым, қай Талдыкөл болсын, атқарылатын жұмысқа экологиялық баға берілуі керек, қалай болғанда да Талдыкөл қалыптасқан табиғи экожүйесі бар аймаққа айналуы керек», – дейді депутат. Қала құрылысы жоспарланғанда экологиямызға қатысты қандай шешім қабылданса да, халықтың сұранысы ескерілуі маңызды. Яғни, экожүйені сақтаумен бірге, мемлекет байлығы – адамдарға басымдық беру. Бұл ретте Астанада табиғи экожүйесі бар аумақ құру арқылы қала тұрғындары мен қонақтары бос уақытын жайлы, денсаулығына пайдалы етіп өткізе алатын жаңа тартымды орындарға да назар аударылып отыр. Мәселен 2023 жылы Үркер (Ильинка), Телман елді мекендерінде, Ш.Айтматов көшесі аумағында, Ж.Тәшенов пен Т.Хусейн көшелерінің қиылысында, Абай даңғылында гүлзарларды абаттандыру жоспары бар. Абылайхан даңғылының бойында, Күйші Дина көшесінен Мұстафин көшесіне дейінгі аралықта, Жүргенов көшесі, 28/1, Қошқарбаев көшесі, 45, Қордай және Тайқазан көшелерінің қиылысында, К.Әзірбаев көшесі, 10-14 және т.б. мекенжайларда аллея болады. Соңғы жылдары Астанада жыл сайын 200-ден астам аула мен қоғамдық кеңістік (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) абаттандырылады [caption id="attachment_228029" align="alignnone" width="1280"]Астана - Талдыкөл Фото ©Асқар Беков[/caption] Астана әлі жас, өсіп, дамуы керек. Ең бастысы, сауатты шешімдерді ұстану және бүгінгі таңда бар экологиялық таза құрылыс саласындағы ғылымның барлық жетістіктерін пайдалану. Сонда ел астанасы қаржы тарту орталығына, сәнді туристік бағытқа айналуы мүмкін.