Астанадағы Ұлттық музейде Шығыс Қазақстан өңірінен табылған археологиялық жәдігерлерге арналған «Берел» ғылыми залы ашылды. Бұл зал белгілі археолог, тарихшы Зайнолла Самашевтың 75 жылдық мерейтойына орай ашылып отыр.
«Ұлттық музейде арнайы ғылыми қор ашылды. Бұл еліміздегі алғашқы осындай қордың бірі деуге болады. Бір өңірден шыққан археологиялық дүниелер арнайы бір жерге сақталып, жаңғырту жұмысы уақытылы жүргізіліп тұрады. Мұндай залдың болуы аса құнды жәдігерлерге реставрация және консервация жұмысын жасауға ыңғайлы. Оларды зерттеу ғалымдарға өте ыңғайлы», – дейді З. Самашев.Бұл залға Шығыс Қазақстанның тарихи мекендерінен табылған 2 мыңнан астам жәдігер берілген. Берел жазығынан табылған алғашқы жәдігерлер, кейінгілердің ішіндегі ең құнды дегендері осы музей Президенттік мәдени орталығы болып тұрған кезден табысталып келген. Соның бәрі енді бір залда сақталмақшы.