Жастар жалыны жеңімпаздарын анықтады
Жастар жалыны жеңімпаздарын анықтады
Кеше «Астана» концерт залында елорданың жоғары оқу орындары мен студент жастары арасында өткен «Jastar Jalyny - 2022» жастар шығармашылық фестивалінің салтанатты жабылу рәсімі өтті. Осы жылдың 10-16 қарашасы аралығында өткен фестиваль барысында жастар 10 номинация бойынша сайысқа түскен болатын. Фестивальді Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері бас­қар­масының қолдауымен «QAZAQSTAN JASTARY» ҚҚ және Қазақстан студенттерінің альянсы өткізді.
– Бұл фестиваль халықаралық студенттер күніне орай ұйымдас­тырылып отыр. Республикадағы белсенді жастарды біріктіретін осын­дай шығармашылық фести­валь­дің жиі өтіп тұрғаны дұрыс. 2023 жылдан бастап байқауда номинацияларды екі есе өсіруді ұсынамыз. Фестивальдың дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқанына жиырма жылға жуық уақыт болды, – дейді Қазақстан студенттері альянсының атқарушы директоры Азат Теңгебаев.
«Jastar Jalyny - 2022» фестивалі жастардың шығармашылық әлеу­етін ашу, дарынды жастарды анық­тау, дарынды балалар мен ұжым­дардың шығармашылық дамуына қолдау көрсету және жағдай жасау, рухани және мәдени әлеуетін дамыту, студенттерге эстетикалық және этикалық тәрбие беру жүйе­сін жетілдіру, белсенді азаматтық, әлеуметтік жауапкершілік, пат­риоттық сезім, адамгершілік құн­ды­лықтар мен көшбасшылық қа­сиеттерді арттыру мақсатында өт­кізілді.
– Мемлекет тарапынан жас­тарды қолдауға айрықша көңіл бө­лініп отыр. Осыған орай Астана қаласының әкімдігі биыл жастар­дың жұмысқа орналасуы үшін 60-тан астам бос жұмыс орны жәр­меңкесін өткізді. Нәтижесінде 11 мыңнан астам жас тұрақты жұмыс­қа орналасты. Сонымен қатар елор­дамыз жастардың қаласына айналуда. Мемлекет тарапынан жас отбасыларға пәтер беру бойынша 2019 жылдан бастап жүйе­лі жұмыс басталды. Жас от­басы аяққа тұру үшін 5 жылға жал­дамалы пәтер берудеміз. Қала әкімдігі былтыр «Елорда жастары» бағдарламасы бойынша 200-ден астам жастың баспаналы болуына кө­мектесті. Сондай-ақ мектеп бі­тір­геннен кейін оқуға түсе алмаған түлектерге елорда әкімдігі арнайы гранттар бөледі. Биыл 1 300-ден астам нарықтағы сұранысқа ие мамандыққа грант бөлінді. Ал бұл фестиваль жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Осылай­ша, талантты жастарға қолдау көр­сетудеміз,– дейді Астана қала­сы әкімінің орынбасары Есет Байкен.
Фестивальдың конкурстық бағдарламасына Астана қаласы­ның 14 университеті қатысты. «Jastar Jalyny – 2022» фестивалінің қазылар алқасы еліміздің ең тә­жірибелі мамандарынан жасақ­талды. Бағдарламаны мәдениет және өнер қайраткерлері, еліміздің еңбек сіңірген әртістері, кәсіби хореографтар мен бейнеографтар бағалады. Нәтижесінде, биылғы фестивальдың бас жүлдесін, 500 мың теңге сыйақыны Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ­ситеті иеленді. «Поэзия» номи­нация­сы бойынша III орын С.Сейфуллин атын­дағы Қазақ агро­техникалық уни­вер­ситетінің сту­денті Елдар Әмір­ханға, II орын Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінің студенті Абзал Мақашқа, I орын Қазақ ұлттық өнер университетінің сту­денті Жантас Еркінұлына бұйыр­ды. Jastar Jalyny - 2022 жеңімпаздар Танымал актер, көптеген ха­лық­аралық және республикалық театр фистивальдарының жүл­де­гері, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, Астана жастар театрының актері Дәурен Серғазин «Театр» номинациясы бойынша жеңімпаздарды марапат­тады. Нәтижесінде, III орынды Астана халықаралық универ­ситеті­нің «Талант» театры, II орын­­ды Л.Гумилев атындағы Еу­разия ұлттық университетінің «Шаңырақ» театры,I орынды С.Сейфуллин атын­дағы Қазақ агротехникалық уни­вер­ситетінің «Ақжелкен» студент­тік театры иеленді.
– Осындай фестивальдар көп болса деп тілеймін. Себебі біз бұл жерде шынайы таланттармен таныстық. М.Мақатаев айтқандай, «Өнерде талас болмайды». Сон­дықтан қатысушылардың барлығы бұл жеңіске лайықты. Ұйымдас­тырушыларға рақмет, – дейді Жан­тас Еркінұлы.
«Заманауи би» номинация­сы­ның жеңімпаздарын белгілі про­дюсер Азат Әбікен марапаттады. III орын Astana IT университетінің Aitu dance би тобына, II орын Еу­разия гуманитарлық институты­ның Elite Dance Crew би тобына, I орын Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің SamRuk би мектебіне бұйырды. Ал Qazaq Quiz номинациясы бойынша I орынды Turan-Astana университетінің құрамасы, «Ұлт­тық би» номинациясы бойынша I орынды Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің SamRuk би тобы, «Музыкалық аспаптар» номинациясы бойынша I орынды С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық универ­ситетінің «Шабыт» ансамблі, «Эстра­да» номинациясы бойынша I орынды Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті Ақмоншақ Маханбетова алды. Ал «Айтыс» номинациясы бойынша жеңімпаз Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситетінің студенті Бекзат Құл­шар, «Сурет салу» номинациясы бойынша үздік Astana IT универ­ситетінің студенті Аида Шаимова, «Медиа» номинациясы бойынша жеңімпаз Астана медицина уни­верситетінің студенті Рахат Абуов атанды. Жеңімпаз атанған Бекзат Құш­тардың айтуынша, «Jastar Jalyny-2022» фестивалі жоғары деңгейде өтті.
– Мен бұл байқауға «Айтыс» номинациясы бойынша қатыстым. Елорда әкімдігінің төл өнерімізге көңіл бөліп жатқаны қуантады. Байқау тартысты өтті. Кіл мықты­лар бақ сынады. Жеңімпаз атан­ғаныма қуаныштымын. Алдағы уақытта бұдан да басқа биіктерден көрінуге тырысамын, – дейді Бекзат Құштар.
Сайыста жеңімпаз болған жастар қаржылық сертификат­тармен марапатталды.