Кеше «Астана» концерт залында елорданың жоғары оқу орындары мен студент жастары арасында өткен «Jastar Jalyny - 2022» жастар шығармашылық фестивалінің салтанатты жабылу рәсімі өтті. Осы жылдың 10-16 қарашасы аралығында өткен фестиваль барысында жастар 10 номинация бойынша сайысқа түскен болатын. Фестивальді Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «QAZAQSTAN JASTARY» ҚҚ және Қазақстан студенттерінің альянсы өткізді.
– Бұл фестиваль халықаралық студенттер күніне орай ұйымдастырылып отыр. Республикадағы белсенді жастарды біріктіретін осындай шығармашылық фестивальдің жиі өтіп тұрғаны дұрыс. 2023 жылдан бастап байқауда номинацияларды екі есе өсіруді ұсынамыз. Фестивальдың дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқанына жиырма жылға жуық уақыт болды, – дейді Қазақстан студенттері альянсының атқарушы директоры Азат Теңгебаев.«Jastar Jalyny - 2022» фестивалі жастардың шығармашылық әлеуетін ашу, дарынды жастарды анықтау, дарынды балалар мен ұжымдардың шығармашылық дамуына қолдау көрсету және жағдай жасау, рухани және мәдени әлеуетін дамыту, студенттерге эстетикалық және этикалық тәрбие беру жүйесін жетілдіру, белсенді азаматтық, әлеуметтік жауапкершілік, патриоттық сезім, адамгершілік құндылықтар мен көшбасшылық қасиеттерді арттыру мақсатында өткізілді.
– Мемлекет тарапынан жастарды қолдауға айрықша көңіл бөлініп отыр. Осыған орай Астана қаласының әкімдігі биыл жастардың жұмысқа орналасуы үшін 60-тан астам бос жұмыс орны жәрмеңкесін өткізді. Нәтижесінде 11 мыңнан астам жас тұрақты жұмысқа орналасты. Сонымен қатар елордамыз жастардың қаласына айналуда. Мемлекет тарапынан жас отбасыларға пәтер беру бойынша 2019 жылдан бастап жүйелі жұмыс басталды. Жас отбасы аяққа тұру үшін 5 жылға жалдамалы пәтер берудеміз. Қала әкімдігі былтыр «Елорда жастары» бағдарламасы бойынша 200-ден астам жастың баспаналы болуына көмектесті. Сондай-ақ мектеп бітіргеннен кейін оқуға түсе алмаған түлектерге елорда әкімдігі арнайы гранттар бөледі. Биыл 1 300-ден астам нарықтағы сұранысқа ие мамандыққа грант бөлінді. Ал бұл фестиваль жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Осылайша, талантты жастарға қолдау көрсетудеміз,– дейді Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен.Фестивальдың конкурстық бағдарламасына Астана қаласының 14 университеті қатысты. «Jastar Jalyny – 2022» фестивалінің қазылар алқасы еліміздің ең тәжірибелі мамандарынан жасақталды. Бағдарламаны мәдениет және өнер қайраткерлері, еліміздің еңбек сіңірген әртістері, кәсіби хореографтар мен бейнеографтар бағалады. Нәтижесінде, биылғы фестивальдың бас жүлдесін, 500 мың теңге сыйақыны Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті иеленді. «Поэзия» номинациясы бойынша III орын С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенті Елдар Әмірханға, II орын Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті Абзал Мақашқа, I орын Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Жантас Еркінұлына бұйырды.
– Осындай фестивальдар көп болса деп тілеймін. Себебі біз бұл жерде шынайы таланттармен таныстық. М.Мақатаев айтқандай, «Өнерде талас болмайды». Сондықтан қатысушылардың барлығы бұл жеңіске лайықты. Ұйымдастырушыларға рақмет, – дейді Жантас Еркінұлы.«Заманауи би» номинациясының жеңімпаздарын белгілі продюсер Азат Әбікен марапаттады. III орын Astana IT университетінің Aitu dance би тобына, II орын Еуразия гуманитарлық институтының Elite Dance Crew би тобына, I орын Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің SamRuk би мектебіне бұйырды. Ал Qazaq Quiz номинациясы бойынша I орынды Turan-Astana университетінің құрамасы, «Ұлттық би» номинациясы бойынша I орынды Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің SamRuk би тобы, «Музыкалық аспаптар» номинациясы бойынша I орынды С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің «Шабыт» ансамблі, «Эстрада» номинациясы бойынша I орынды Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті Ақмоншақ Маханбетова алды. Ал «Айтыс» номинациясы бойынша жеңімпаз Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті Бекзат Құлшар, «Сурет салу» номинациясы бойынша үздік Astana IT университетінің студенті Аида Шаимова, «Медиа» номинациясы бойынша жеңімпаз Астана медицина университетінің студенті Рахат Абуов атанды. Жеңімпаз атанған Бекзат Құштардың айтуынша, «Jastar Jalyny-2022» фестивалі жоғары деңгейде өтті.
– Мен бұл байқауға «Айтыс» номинациясы бойынша қатыстым. Елорда әкімдігінің төл өнерімізге көңіл бөліп жатқаны қуантады. Байқау тартысты өтті. Кіл мықтылар бақ сынады. Жеңімпаз атанғаныма қуаныштымын. Алдағы уақытта бұдан да басқа биіктерден көрінуге тырысамын, – дейді Бекзат Құштар.Сайыста жеңімпаз болған жастар қаржылық сертификаттармен марапатталды.