Фермерлер субсидияға салғырт қарап жүр
Фермерлер субсидияға салғырт қарап жүр
Мемлекет ауыл шаруашылығын субсидиялауға 1,2 триллион теңгеден астам субсидия, яғни қай­та­рымсыз қаражат құюда. Демеуқаржы молайды, ал отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы күрт қымбаттап, халыққа қолжетімсіз болып барады. Мұның мәнісі неде? Сонымен бірге біраз агрофирма бұрын алып келген субсидиялардан қағылғанын айтып, дабыл қақты. Саладағы түсініксіз ахуалдың мәнісіне тереңірек бойласақ. Бағаны өсіруге не себеп?
Аграрлық секторға қатысы болмаса да, тұтынушы ре­тінде белгілі құқықтанушы, профессор Марат Бәшімов бұл жағдайға өз пікірін жеткізді: «Бұлар адамдарды әдейі ашындыра ма? «Родина» мен Зенченконың сүт және сүт өнімдері екі есеге қымбаттап шыға келгеніне не ықпал еткенін түсінбеймін. Бұқара сонда не жейді? Әлде бұлар тездетіп олигархтар қатарына қосылуға ынтығып отыр ма? Күрделі шақта бағаны күрт көтеріп, халыққа қол­жетімсіз еткенде не ұтпақ?» – деп кейістік білдірді ол.
Оған жауап қатқан фермерлер әлемдегі геосаяси күрделі жағдайда, санкцияға байланысты дәстүрлі жеткізілім тізбектері бұзылғанын, шетелдік импорт күрт қымбат­та­­ғанын дәйекке келтірді. Соның ішінде мал азығы, тыңайтқыштар, түрлі қызмет бағасы көтерілгеніне, электр, отын, коммуналдық қыз­меттер, тасымалдау құны өскеніне назар аудартты. Бұған қоса, Ұлттық банктің базалық ставканы көтеруі салдарынан банктер ауыл шаруа­шылығы өндірушілеріне арналған несие ставкасын ұлғайтып жіберген. Сарапшылар бұл тұрғыда ке­шен­ді шаралар қажет дейді: елі­міздің нарығын Ресейге тәуелді­ліктен арылтып, өзге елдерден өнім­дердің тұрақты тасымалын жолға қою керек. Сондай-ақ тариф көтерумен әуестене бастаған мо­нополистердің, коммуналды қыз­меттердің арынын ауыздықтаған жөн. Олар онсыз да мемлекеттен қаржылай қолдау кө­ріп, салықтық жеңілдіктер мен преференциялар алып отыр. Демек, дағдарыс тұсын­да қызмет бағасын өсірмей қоя тұрғаны маңызды. Үкімет басшысы Ә.Смайылов та субсидиялар бөлініп жатқан кезде өндірушілеріміздің азық-түлік ба­ғасын күрт қымбаттатуына көңіл­толмастық білдіріп, сынға алды: «Мұнысына енді көне алмаспыз!» деп ескерту жасады. Үкімет мү­ше­лері ахуалдың шынымен күрделі екенін мойындады. Сорақысы сол, әлеуметтік маңызды өнімдер, яғни бұқара ең көп тұтынатын жұмыртқа, нан, көкөністер, сүт және сүт өнім­дерінің бағасы шарықтады. Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиев осы жылдың 10 айында азық-түлік инфляциясы алапат 20,5%-ға жет­кенін хабарлады. Бұл рекорд сана­ла­ды. Өткен қазан айының қоры­тын­дысында әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлары арасында жұ­мыртқа ең кемі 7,6%-ға, ұн 3,9%-ға, күріш 3%-ға, сүт 2,2%-ға қымбаттады. Мұның бәрі орташа шама ғана: ең жоғарғы бағалар еселеп есептелуі мүмкін. Бағаны тұрақтандыру үшін астықты, жемшөп түрлерін және күн­бағыс майын арзандату жос­парлануда. Вице-министрдің дерегінше, жұмыртқа, өсімдік майы, күріш сияқты жекелеген тауар позиция­лары бойынша нарық субъек­ті­ле­рінің адал емес, жосықсыз әрекет­те­рі анықталды. Яғни, нарық ойын­шылары бағаны өзара ымыраласып, бірлесе көтереді.
«Абай облысына барғанда Семейден 200 шақырымдағы құс фабрикалары жұмыртқаның он­дығын 360-380 теңгеден сататынын, ал соңғы сатып алушыға ол 600 теңгеден өткізілгенін білдім. Осы­ған байланысты монополияға қарсы әрекет етудің шұғыл шараларын қабылдау қажет. Сонымен қатар соңғы кездері баспасөзде жекелеген тауар өндірушілер алдағы уақытта бағаның көтерілетіні туралы мә­лімдемелерін жариялауда. Оларға тиісті түрде әрекет ету қажет», – деді Арман Шаққалиев.
Алайда Үкіметтің медиа арқылы қысымды ұлғайтып жатқан агро­лоббистердің табанына тас қойған тегеуірінді әрекеттері байқалмайды. Бұл салада жүздеген миллиард теңге қаражат бәске тігіліп отыр. Ендеше Үкіметті Еңбек Ері мәртебесіндегі азулы тұлғалар көш бастаған аграр­лық алпауыттардың мысы басуы әбден мүмкін. Баға көтеру – демеуқаржы дәметудің белгісі Біраз өндірушінің қарекеті бопсалау, «шантажға» көбірек ұқ­сайды: бағаны күрт жоғарылатады да, оны арзандату үшін мемлекеттен субсидия талап етеді. Оларға сөзін өткізе алмаған Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев амал­сыз солардың сөзін Үкімет отырыс­тарында қайталап, «кейбір тауар өндірушілер мемлекеттік субси­дия­лау көлемін ұлғайтуды сұрайтынын» қайталаумен жүр. Таяуда кезекті рет осы «сәлемдемені» естіген Қа­зақстан Премьері ашуға мінді.
– Биыл ауыл шаруашылығын субсидиялау онсыз да екі есеге ұлғайтылды, бірақ соны алатын­дар­дың өзі азық-түлік бағасын бірден 20%-ға қымбаттатқанын көріп отырмыз. Мұндай жағдайға көне алмаспыз. Егер біз субсидия берсек, онда олар да өз мойнына міндет­темелер алуы керек. Субсидиялау жүйесі нақты жұмыс істеуі тиіс! – деді Әлихан Смайылов.
Көнсін-көнбесін, Үкімет қай­та­рымсыз демеу қаржы ауқымын тағы арттыруға мәжбүр болмақ. Себебі субсидия алатын өндірушілер Прем­ьер ескертуінен кейін де ба­ғаларын арзандатпады. Шегінетін түрі жоқ, тек алға шабуылдауға бе­кінген. Депутат Бекқали Торғаев Үкі­меттің субсидияны арттыруға бар­ғанын жеткізді. Таяуда алдағы үш жылға арналған республикалық бюджет бекітілгені белгілі.
«Ұлттық экономика министр­лігінің ақпаратынша, жалпы си­паттағы трансферттер де ауыл ша­руашылығы өндірушілерін қолдауға жұмсалады. Нақтыласақ, ауыл ша­руашылығын субсидиялау мөлшері 2023 жылы 405 миллиард теңгені құрамақ. Ал 2024 жылы ол 424 мил­лиардқа, 2025 жылы 440 миллиард теңгеге дейін ұлғаяды. Яғни, суб­сидияның жалпы көлемі 1 трлн 270 миллиардқа жетеді», – деді ол. Ал 2022 жылы агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға 452 мил­лиард теңге бағытталыпты. Бірақ депутат келесі жылы да субсидия осы көлемде сақталуы тиіс еді деген ой айтты: «Инфляция және баға­ның, оның ішінде өндірістің негізгі құралдары құнының тұрақты өсуі ескерілуі керек еді. Оның үстіне, жыл сайын жаңа өндірістер пай­далануға берілетіндіктен, қаражат­қа қажеттілік тек өсетіні анық», – деді ол.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев биыл шынымен де ауыл шаруашылығы саласын Үкімет тарапынан қаржылай қолдау көлемі теңдессіз деңгейге жеткенін білдірді: демеуқаржы көлемі 450 миллиард теңгеден асты, бұл был­тырғы жылғыдан 20 пайыз көп. Жылдың басында 311 миллиард теңге бағыттау жоспарланған еді. Ал келесі жылы субсидия көлемі жоспарланғаннан тағы артуы мүмкін екен.
– Субсидия нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласы биылғы 9 айда ең жоғары өсім көрсетті. Не­гізі, қазір отандық экономиканың өсуін қамтамасыз еткен көшбасшы сала ауыл шаруашылығы болып тұр. Біз Ұлттық экономика министр­лігімен, Қаржы министрлігімен ал­­дын ала келістік: келесі жылы бюджетті қайта қарап, нақты­ла­ған­да, қосымша қаражат қосатын боламыз. Келесі жылдың түсімі нә­тижесіне қарай ауыл ша­руа­шы­лығын қаржыландыру көлемінің оң өсім динамикасын сақтаймыз. Әлі тағы қаражат сұраймыз, – деді Ауыл шаруашылығы министрі.
Мақсатсыз шенді – алдарқатудың шебері Ел қаржысы есебінен осынша аста-төк ақша алып, байыған аг­рарлық алпауыттар мен олигархтар халыққа мейірімді болып, өнімінің бағасын қолжетімді деңгейге дейін түсіруге міндетті. Олай жасамаса, әрнені сылтауратып, қулыққа басса, құзырлы органдар олардың арынын басу ісін мықтап қолға алғаны жөн. [caption id="attachment_228061" align="aligncenter" width="1492"]субсидия © карикатура: Ғалым Смағұл[/caption] Әлеуметтік желі арқылы шыр­қыраған бұқара бағаны тоқтатуды емес, оны түсіруді сұрап жатыр. Он­сыз да бұлттан асып кеткен баға­ны тоқтатудан не пайда? Халық қана емес, Үкімет басшысы да өз командасынан біраз түңілген сияқ­ты. Таяудағы Үкімет отырысында қымбатшылықты құрықтауға жа­уапты құрылымдар мен әкімдердің баяндамаларын тыңдаған Премьер-Министр азық-түлік бағасын тұ­рақтандыру бойынша мемлекеттік органдардың қызметіне қатысты сұрақтар барын нықтады.
«Министрліктер мен әкімдік­терде әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының бағасын реттеу үшін барлық қажетті құралдары, соның ішінде қаржы құралдары, бақылау функциялары тегіс бар. Бірақ бағаның өсу серпіні жоғары болып қалуда», – деді Әлихан Смайылов.
Ол Баға белгілеу тізбегін тергеу жөніндегі өңірлік комиссиялардың қызметін қайта форматтауды тап­сырғанын еске салды, бірақ аталған комиссиялар жұмысынан әлі де еш нәтиже жоқ деді: тіпті көкөніс сақ­тау қоймалары бойынша деректер базасын өзектендіруді жүргізбеген. Ә.Смайыловтың байламынша, бұл – «әкімдіктердің әлсіз жұмысының және Ауыл шаруашылығы және Интеграция министрліктері тара­пынан үйлестірудің жеткіліксіз­дігінің салдары». Осыған байланысты қымбат­шылық көбейген өңірлер әкімде­рінің салаға жетекшілік ететін орын­басарлары тәртіптік жазаға тартылды. Премьер бағаны ұстап тұруда пәрменділік таныта алмағаны үшін Сауда және интеграция ми­нистрлігінің Сауда комитетінің биыл­ғы қаңтарда ғана тағайын­дал­ған төрағасы Ержан Қазанбаевты қызметінен босатуды талап етті. Әзірге оның орнына жаңа басшы тағайындалған жоқ. Министрлік сай­тында комитет төрағасы ретінде сол Е.Қазанбаев көрсетілген. Агрокәсіпкер, Қазақстанның картоп пен көкөніс өсірушілер ода­ғының басқарма төрағасы Қайрат Бисетаев мемлекеттің ауыл шаруа­шылығы өндірушілеріне көмегі жан-жақты болуы тиіс деген пікірде. Әйтпесе, Үкімет агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдауда субсидиялауға басты екпін түсіреді. Сарапшылардың тұжырымда­уын­ша, бұл тәсіл – түбірімен қате. Мем­лекеттік қолдау әлдеқайда көп құ­рал мен элементтерден тұруы қажет, ал субсидия соларға көмекші болуы шарт. Олай болмаған соң мил­лиардтаған субсидия дамуға емес, негізінен импорттың қымбаттаған құнын жабуға жұмсала береді. Бі­рінші кезекте фермерлер үшін өн­діріс құралдары қолжетімді болуы тиіс. Ресейлік, беларустік, батыстық техника еселеп қымбаттады. Елде жасалатын ауыл шаруашылығы техникасы жоқтың қасы, кейбір санаулы түрі ғана көршілерден, алыс шетелден шашып әкелініп, құрастырылады. Сөйтіп, миллиард­таған ел қаржысы жат мемлекет­тердің экономикасын көтеруде. Мұның сыртында аграрлық сала өкілдері сыртқы нарықтарды ашуды сұрайды. Ресей дамыған елдерден оқшауланып, өз өнімін қайда жі­берерін білмейді. Қытай Қазақстан үшін өз нарығын шектеп, отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өзіне жібермей жатыр. Еуропаға тасы­малдау қымбат: оған транзит шы­ғынына субсидия берілмейді. Ал аграршылар шетелге қымбатқа сатқан өнімі есебінен ел ішіне өт­кізген өнімін арзандата алатын. Бұл мүмкіндік өрісі тарылған соң олар ішкі нарыққа бағдарланған өнім­дерін қымбаттатқан. Сондықтан ауыл кәсіпкерлері үкіметтегілер үнемі субсидия тақырыбын суша сапырып, тоқтаусыз талқылау ар­қылы саладағы өзге, түбегейлі проб­лемаларды қолмен көлегейлеп, жауып отыр деп санайды.
«Министрлік агрокешенге ар­налған даму бағдарламасын жазып, бірнеше рет түзетті. Алайда онда бә­рібір нақты, түсінікті мақсаттар мен соған жету жолдары жоқ. Сала­да бұрын 4-5 бағдарлама жүзеге асырылды. Тиімділігі шама­лы бол­ға­нымен, оларда ең құрыса, мақсат-мұрат белгіленетін. Ал жаңасында оны да таба алмайсыз. Әлдебір ор­нықты даму туралы айтылады. Бағ­дарламаны орындайтын бірінші кезекте – фермер. Ендеше бағдар­ла­ма да алдымен соған түсінікті бо­луы тиіс. Меніңше, даму бағдар­ла­масының мақсаты – фермердің тұрақты табыс табуын қамтамасыз ету болуы керек. Басқасының бәрі соған телінеді. Аяғында нық тұрған фермерлер қажет, сонда олар ха­лықты да асырайды, ішкі нарықты да отандық өніммен молықтырады, тұрақты экспортты да қамтамасыз етеді», – деді Қайрат Бисетаев.
Қалай болғанда, бүгінде аграр­лық сала өкілдері мен шенеунік­тердің бірін-бірі түсінбейтіні бай­қалады, «сылдырап өңкей келісім» дейтін диалог жоқ. «Мен не деймін, домбырам не дейді» деген керітартпа жағдай нарыққа да, халыққа да кесірін тигізіп жатыр.