Күрежолда – құрылыс
Күрежолда – құрылыс
© коллаж: Әсел Балтақызы
Атырау – Астрахань тас­жолы құрылысының рес­пуб­ликалық маңызы зор екеніне ешкімнің таласы жоқ. Бір кездері Атырау – Астрахань автомобиль жо­лы Кавказ – Кеңес Үкіметі тер­ритория­­­­сының Еуропа бөлігі және Орталық Азия­ны бай­ланыс­тырған стра­тегиялық мәнге ие тран­зиттік жол бол­ды. Тіпті, ауыр жүк тасы­ма­лы үшін бұл жол өзіндік «Жібек жо­лы» рөлін атқарған еді. Бірақ уақыт өте келе маңызын жоғалтқан Атырау – Астрахань жолы нағыз ажал, апат ордасына айналды. Жылына жоқ дегенде 9-10 жол апаты тіркеліп, әп сәтте ондаған адамның өмірін жалмап кететін жолдың тағдырына талай­лардың алаңдауы заңды. Жетпісінші жылдары салын­ғалы бері бірде-бір рет күрделі жөн­деу көрмеген жолға құрылыс басталғанда алғашқы болып қуан­ған – Атырау облысының, со­ның ішінде Құрманғазы тұр­ғындары болды. Қуанбағанда ше, әйтпесе, осы Құрманғазыдан Атырауға жетемін деп жолға шыққан талай жолау­шылардың шұрық-тесік жолдың салдарынан апатқа ұшырап, өмі­рімен қоштасқандарының са­нында шек жоқ. Сонымен жол құрылысы қа­лай жүруде? Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей ба­қылауында тұрған құрылыс қар­қыны неге бәсеңсіп қалды? Са­ралап көрейік. Жалпы ұзындығы 217 шақы­рым болатын Атырау – Астрахань күрежолы 4 телімнен тұрады. Биыл Атырау – Астрахань күре­жолының 61 шақырымына жаңа асфальт төселді. Қазіргі уақытта нысанда 450-ден астам арнайы техника жұ­мыс жасап, 583 маман еңбек етіп жатыр. Және бір атап өтер­лігі, ма­мандардың 30%-ы – жергілікті тұрғындар. Жалпы қазіргі бұл кү­режолдың 121 ша­қырымында асфальт төселіп, 110 шақыры­мын­да қозғалыс ашылды. Бірақ проблемалық мәселелер де бар. Соның ішінде, битум тап­шылығы, өзге де құрылыс мате­риал­дарының жетіспеушілігі сын­ды мәселелер автожол құры­лысының кешеуілдеуіне себеп болып отыр. Республикалық маңызы бар автожолдардың операторы болып бекітілген «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясына жолыққаны­мыз­да, проблемалық мәселелер бо­йынша нақты шешімдер алынып жатқанын хабарлады. Мәселен, былтырғы жол-құ­рылыс маусымы аясында жол құрылысымен айналысатын ком­паниялар битум тапшылығына тап болды, былтыр битум бағасы тоннасына 250 мың теңгеге дейін шарықтады. «Биыл осы мәселені бол­дыр­мау үшін «ҚазАвтоЖол» жаңа механизмді енгізді, яғни қазір тұ­тынушылар (мердігерлер) би­тумды тікелей, еш алып-са­тар­ларсыз тікелей өндіруші зауыт­тардан сатып алып жатыр. Осы­лайша, битум бағасын сметалық бағаға теңестіру мүмкін болды, бұл тоннасына 80-120 мың теңге арасында. Екіншіден, Атырау облысында тас карьерлері жоқ. Бұл – аймақ ерекшелігі. Тиісінше, құрылыс ма­териалының барлығы тасы­малданып отыр. Қиыршық тас­ты көрші аймақтардан тасы­мал­дау үшін жартылай вагондар қа­жет. Уәкілетті органдармен бір­ле­сіп, көршілес Ақтөбе және Маң­ғыстау облыстарынан қиыр­шық тасты тасымалдау үшін жар­­тылай ва­гондарды жеткізу бойынша жұ­мыс жолға қойылды. Сонымен қатар вагондар Ресей Федера­ция­сының аумағы арқылы өтуде. Бірақ кейде жүк вагондары арасында Ресей Федерациясының аумағында тасымалдау талапта­рына сәйкес келмейтіндей де жағ­дай болады. Бұл материалдарды жеткізуге қосымша кедергілер тудырады. Алайда, биыл Қазақстан темір жо­лы компаниясымен жүргізіл­ген келіссөздер аясында бұл мә­селе оңынан шешіліп, ілгерілеу бар. Үшіншіден, жанар-жағармай тапшылығына орай жол-құрылыс техникасы қалды. Бірақ қазір жағдай тұрақтанды және мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ» деп нақтылады «ҚазАвтоЖол» ком­па­ниясындағылар. Әрине, бұл жақсы хабар. Бірақ 2023 жылы аяқталуы тиіс жол құрылысында қателіктер көп. Осыған байланысты пайда­лануға берілетін мерзім кейінге шегеріліп отыр. Ал тұрғындар жол құрылысы кешеуілдемесе деп тілейді. Нұргүл Сәкенқызы Құрман­ғазы ауданының тумасы. Атырау қаласына тұрмысқа шыққан ол төркіндерін көру үшін соғысқа барғандай болатынын айтады.
«Жол бойы шашылып жатқан, аударылған көліктердің қаң­қа­ларын көргенде, иманымызды үйіріп, үйге жеткенше жаны­мызды шүберекке түйіп отыра­мыз. Қалаға қаралу үшін келетін жүкті аналар үшін бұл жолмен жүру тура бір қылкөпір дерсің. Талай шаңырақты асыраушы азаматтарынан, көрер қызығы балаларынан айырған жол құ­рылысы тезірек аяқталып, пай­далануға берілсе, халық бір жасап қалар еді», – дейді Нұргүл Сә­кенқызы.
Одан бөлек, Құрманғазы ау­данының көкке оранған, таби­ғаты сұлу өңір екенін де атап өтуі­­міз керек. Арнайы жабдық­талып, жағдай жасалмаған деме­сең, Құрманғазының тұмса та­би­ғаты Швейцариядан кем түспейді. Атырау–Астрахань жолы тезірек жөнделіп, жол пайда­ла­нуға берілетін болса, Құрманғазы ауданының екінші тынысы ашы­лады деген үміт бар. Жол бойына жолаушылар үшін салынатын хостел, шайхана, жанар май бекеттерінен бөлек, ауданның ірі туризм аймағына айналатын мүмкіндігі бар. Қазірдің өзінде Құрманғазы ауданындағы 12 елді мекеннің ма­ңынан дәмханалар мен көлік жөндеу орталықтары үшін 40-қа тарта жер телімі берілгені белгілі болды. Ал Ақтөбе мен Атырау арасындағы жол бойынан Қы­зылқоға ауданының 32 кәсіпкері түрлі шайхана, қонақ үй, көлік жөндеу орталықтарының құры­лысын бастап кетті. Одан бөлек, бұл жобаның еліміздің транзиттік әлеуетін арт­тырады. Бір ғана мысал, Атырау–Ас­трахань бағытындағы жол құры­лысының созылуынан Ақтау пор­­ты мен Орта Азиядан тасы­малданатын жүк тасымалы үлкен кедергілерге тап болып отыр. Жүр­­гіншілер қазірдің өзінде Ре­сей арқылы Еуропаға шығу үшін 400 шақырым айналыс жасайды екен. Еліміздің батыс өңірін Ресей арқылы Еуропамен жалғайтын жол құрылысы қолданысқа бе­рілсе, ел экономикасының «екін­ші тынысы» ашылғалы отыр.