Лай су тұтынуға мәжбүр
Лай су тұтынуға мәжбүр
Қызылордада ауызсудың лай­лануы жиі байқалады. Тұрғындар осындай келеңсіздік жиі болатынын айтады. Әсіресе, балаларының ден­саулығына алаң­дап, құбырдан ақ­қан лай суды тұ­тынуға қорқып отыр­ғанын айтып, дабыл қақты. Жалпы, қалада мұндай жағдай алғаш рет қайталанып отырған жоқ. Бұған дейін де ха­лық лайланған су ішіп отырғанын айтып, шу кө­терген болатын. Соның ішінде «Арай-2», «Арай-3» шағынаудандарының тұрғындары жиі-жиі құбырларынан лайланған су ағып отырғанын алға тартады. Жауапты мекемеге қанша мәрте жаз­ғанымен, еш нәтиже болмай отырғанын жет­кізді.
«Осы ауданда 1 жылдан бері тұрамын. Мұн­дай жағдай әрбір 1-1,5 айда қайталанып тұрады. Шағынаудан тұрғындары үшін бұл үйреншікті жайтқа айналған деуге болады. Facebook әлеу­меттік желісі арқылы осы мәселені жеткізген бо­ламыз. Бүгінде билікпен Facebook желісі ар­қылы ғана байланысу тиімді болып тұр. Ме­кемеге арнайы барып, базынамызды айту қиын­дық туғызады. Басымызды тауға да, тасқа да ұрғанымызбен, мәселенің шешімін табатын түрі көрінер емес. Жасыратыны жоқ, бәріміз бала өсі­ріп отырмыз. Мынадай лайланған суды ба­ла­ға берудің өзі қорқынышты. Балаға бермек былай тұрсын, оны өзіміз де іше алмаймыз. Ал жауапты мекеме мамандары оның себебін құбыр түбіндегі шөгіндінің көтерілуімен тү­сіндіріп отыр. Дегенмен құбырлар ауыстырылып жатыр. Бірақ түбіндегі шөгіндіні тазартпайтын болғаны ма? Қашанғы лайланған су тұтынамыз. Халықтың жағдайын неге ойламайды? Халық ауызсудың ақысын төлеп отыр ғой. Сондықтан құбыр бойындағы шөгінді құмдарды тазалау керек», – деп назын жеткізді «Арай-3» шағын­ау­данының тұрғыны Қуаныш Жәнібек.
Ай сайын қайталанып тұрған мұндай ке­леңсіздіктен шаршаған тұрғындар құбырдан су ішпейтін болыпты. Амалсыздан арнайы сауда орын­дарындағы фильтрленген ауызсуды литр­леп сатып алып, ішуге мәжбүр. Оның өзі қалта­ла­рына артық салмақ түсіреді. Ал құбырдан ақ­қан ауызсуды жуынуға пайдаланып отыр екен.
«Бүгінде аумақ тұрғындары фильтрленген су­ды сатып алып, ішуге мәжбүр. Оның 1 литрі 15 теңгеге сатылады. Екі-үш күнге 10 литр су ала­мыз. Оны ауызсу ретінде пайдаланамыз. Егер фильтрленген суды сатып алатын болсақ, онда «Су жүйесі» мекемесінің сапасыз суына не себепті ақы төлеуіміз керек. Елдің ашу-ызасын туғызып отырған осы мәселе. Сол сияқты жаң­быр­дың су құбырына қандай қатысы болуы мүм­кін? Бұл да бізге түсініксіз болып тұр. Шө­гінді құм суды лайлап жатса, халыққа неге өте­мақы ретінде ай сайын төлейтін ақысына пайыз­дық жеңілдік жасамайды? Ауызсу ақысын қыс­қартып, елдің жағдайын жасауы қажет деп ой­лаймыз», – дейді аталмыш аумақ тұрғыны.
Осы мәселеге орай, қаланы ауызсумен қам­тып отырған «Қызылорда су жүйесі» МКК-ға хабарласып, мән-жайды сұрап көрдік.
«Бүгінде зерттеу, зерделеу жұмыстары жүр­гізіліп жатыр. Қарашаның 15-і күні жауынның салдарынан жарық өшіп, ауызсудың берілуін уақытша тоқтатуға мәжбүр болдық. Сондай кезде пластик құбырдың бойында шөгінді құм жиналып қалады. Ал суды қайтадан айдаған сәтте құм мен су араласып, құбырдан лайлы су ағады. Негізі, осы құбырдан «Арай» шағынауданы ғана емес, қаланың сол жағалауы мен «Халыққа қызмет көрсету орталығы» маңындағы тұрғын үйлер де ауызсу тұтынады. Қазір оның себеп-салдары анықталуда. Бүгінде қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Қала әкімінің өзі бұл мәселені көзбен көріп, бақылауына алды. Қазіргі уақытта мұндай жағдайдың жиі қайта­лануының нақ­ты себебі анықталуда. Со­ған орай тиісті жұмыстар қолға алынып отыр», – деп түсіндірді «Қы­зылорда су жүйесі» МКК бас­шысының бірінші орынбасары Нұрлан Өтепов.
Бүгінде ауызсудың азабын көріп жүрген жұртшылық тиісті жұмыстар лай суды тазалау­мен ғана шектелгеніне келіспейді. Жиі қай­та­ланатын жағдайдың негізгі себебін анықтап, «шө­гінді толған құбырларды толықтай тазалап шық­са» деген уәжін жеткізіп отыр.

Қызылорда облысы