«Қосшының» бүйірі бұлтимай тұр...
«Қосшының» бүйірі бұлтимай тұр...
© коллаж: Елдар Қаба
1,491
оқылды
Елорда іргесіндегі Қосшы қаласы тұрғындары күн санап көбейіп жатыр. Осыған сай су, жа­рық пен жол жайы күн тәрті­бінде тұр. Наразы жұрттың бір­не­ше мәрте жолды жауып, көте­рілгені де белгілі. Мектептегі ба­ла саны да көп. Жаңа мектептің құрылысы аяқталады дегенімен 60 мыңнан астам тұрғыны бар қаланы қамти алмасы белгілі. Ал әкімдіктегілер бұдан бөлек жаңа үш мектеп салуға ниетті екенін, бірақ жер жоғын алға тартты. Иә, қарапайым тұрғын Қосшы қала мәртебесін алғанда бөркін аспанға атты. Өйткені халық талай жылдан бері Қос­шы­ны Астанаға «қоса» алмай жүрген. Қала статусы берілген соң, бюджет бастан ба­қайға же­тетініне, қала көркейетініне сеніммен қа­рады. Алайда бір жыл ішінде Қосшыдағы өзгеріс көзге білінбейді. Әкімдік болса, қаладағы ұсақ-түйек мә­селені шешудің өзіне біршама уақыт керегін айтады. Ішуге жарамды ауызсуға жарымай отыр
«Қосшы қаласында 12 жылдан бері тұрамын. Жол мен су мәселесі әлі күнге ла­­­йықты деңгейде шешілген жоқ. Су са­пасына келсек, тамақ жасауға, ішуге жа­рамсыз. Сараптамаға да жібердім. Ұйымға 500 мың теңге айыппұл салды, болды. Ауызсуды сатып аламыз. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қосшыда колонка салды. Қазір көшелерде сол колонка босқа тұр. Неге осынша ақша далаға кетті? Жолдың жайына келсек, жыл сайын жамап-жамап өтеді. Қосшының ішінде асфальті шұрық тесік қаншама көше бар? Негізгі жол деген Республика көшесінің жағдайы-ақ көп істен хабар беріп тұр. Одан бөлек, қалада бала­ларға арналған спорт кешені мен ойын ойнайтын алаң жоқ. Алаң дейміз-ау, тұрғын үй кешенінің алдындағы алаң­қайдың өзі кәдеге жарамай тұр. Кинотеатр жайын да айтып шаршадық. Балалар мен жасөспірім­дерге мәдени демалыс керек-ақ. Бірақ балалар кино көру үшін Mega Silk Way мен Asia Park-ке барады. Артынан ата-аналары іздеп, шарқ ұратын жағдай да кездесті. Сондықтан тұрғындар халық талабын білетін, орындайтын кісінің әкім болғанын қалайды. Әкімді халық сайласа ғана талап-тілек орындалатынына көз жетті», – деді Қосшы қаласының тұрғыны Қуантхан Бақытханұлы.
Осындай бірнеше пікірді тыңдағасын, әкімдікке арнайы бардық. Қосшы қаласы әкімінің орынбасары Әлихан Жұмаханұлы қарсы алып, сұрағымызға жауап берді. Оның айтуынша, Қосшы қаласы құрыл­ғанда белгілі бір көлемде бюджет бекітіл­меген. Әкімдік қызметкерлері төрт ай жа­лақысыз жұмыс істеген. Су мәселесіне келгенде де ішкі резерв арқылы амалдап жүрген. Әлихан Жұмаханұлы қала құрыл­ғанда тұрғындар су қысымының төмен еке­нін, жоғары қабатқа жетпейтінін айтып шағымданғанын атап өтті. Қазір бұл мә­селе толығымен шешілген. Әкімдік бірін­ші кезекте қосымша ұңғыма қаздырған. Қазір 29 ұңғыманың 21-і істеп тұр. Осы­лайша, су беру қысымы реттелген. Екінші кезекте қала ішіндегі мәселелер шешімін тапқан. Үшінші кезекте фильтр тазалауды қолға ал­ған. Назар аударарлығы, бұрын жаз айын­да 9-10 мың текшеметр су пай­даланылса, қазір 5,9-7 текшеметр су кәдеге жарайды. Себебі әкімдік су ағатын орын­дарды тек­серіп, босқа ағып жатқан қай­нарды бітеген. Ал су сапасы төмен екеніне әкім орын­басары да бас изеп отыр. Судың дәмі тұ­рақты пайдалануға әлі де болса жарамсыз. Олар жақында ғана 24 критерий бойынша су сапасын тексеруге жіберген. Нәтиже көрсеткендей, сараптамада суды пайда­ла­нуға жарамды. Жергілікті орган осы мәселені шешу үшін Ресейдің Новосибирск қаласы ғалым­дарымен келіссөз жүргізген. Олар арнайы ұсынысын айтқанымен, үлкен көлемде қа­ражат сұраған. Ал Қосшы қаласында мұн­дай мүмкіндік жоқ. Содан еліміздегі басқа компанияларды іздестіріп көрген. Нәтиже­сінде, Еуразия ұлттық унивеситетінің ғалымдары осыдан бір ай бұрын іске кірісіп кеткен. Олар су сапасын жақсарту үшін қан­дай фильтр қою керегін нақтылап бе­реді. 2023 жылдың бірінші тоқсанына дейін су сапасын жақ­сарту бойынша жұмыс істеп, лабора­то­риялық зерттеу нәтижесін ұсы­нады. Өйт­кені 10-12 метрден алынған судың құрамы мүлде бөлек. Мұның сапасын жақсарту үшін біраз жұмыс күтіп тұр. Бір сөніп, бір жанып...
«Мәселен, су аптасына екі күн қатары­нан өшіп қалатын жағдай кездесті. Әсіресе, жаз айларында солай қиналғанымыз бар. Ескерту хабарламасына қарасақ, АЭҮК ЖШС-да апат болғаны айтылады. Бәріміз мұндай апат түрінің жиі қайталанатынына, толық жөнделмейтініне таңбыз. Сондай-ақ қоқыс жайы да тұрғындарды алаңдатып қойды. Контейнерлер ескі, тұрған орны да ыңғайсыз. Мәселен, Лесная поляна 14 үйдің маңына төрт тұрғын үйдің қоқысы жина­лады. Осы мәселе бойынша ОСИ басшысы сан мәрте әкімдікке барды. Бірақ нәтиже жоқ. Қоқыс шығаруға төлейтін тариф қым­баттады. Жақында басқа мердігермен ке­лісімге келген екен. Жұмысын бақылаймыз. Өйткені Қосшы қаласында судың да, жа­рықтың да тарифі әлдеқайда жоғары», – дейді Лесная поляна шағынауданы тұрғыны Абылайхан Маратұлы.
Мәлімет бойынша, қазір қалада су тарифі – 151 теңге. Қала бойынша қызмет көрсететін АЭҮК ЖШС («Ақмола электр­желілік үлестіру компаниясы») мемлекеттік мекеме емес. Әкімдікке емес, монополияға қарсы органға бағынады.
«Целиноград ауданынан Қосшыға қарасты ТИКШ қандай күйінде болды, солай қабылдап алдық. Біраздан бері жөн­деу жұмысы жүргізілмеген. Биыл толық жөн­деуге ақша бөлінген жоқ. Соған қара­мастан қосымша қаражатты аз-аздан бөл­дік. 6 миллион теңгеге АЭҮК ЖШС-дағы 44 желінің майын ауыстырдық. 2015 жылдан бері «КИПЭСТ» ЖШС желісінде бірде-бір жабдықтау жұмысы жүрмеген. Жиі апат болуының себебі сонда жатыр. №19,20 шағынаудандағы жарықтың жиі өшіп қалу мәселесі әлі толық шешілмеді. Өйткені Целиноград ауданы «КИПЭСТ» ЖШС-ны бізге өткізіп беру керек-ті. Сол жұмыс созылып кетті. Осы мекеме тізгінін қолға алсақ, жарық пен су мәселесі шешімін табар еді», – дейді Әлихан Жұмаханұлы.
Иә, жазда Қосшыға қоқыс шығару мұң болды. Осыған дейін жұмыс істеген «Қосшы-тазалық» жұмысын тоқтатып, жұрт әбігерге түсті. Атқамінерлер де сұрастырып жүріп, Астана қаласындағы қоқыс шығару компаниясымен меморандумға қол қойып, олар төрт ай тегін жұмыс істеген. Қазір бір адамға шаққанда қоқыс шығару құны – 532 теңге. Бұрынғы баға – 251 теңге еді. Жа­уаптылардың айтуынша, қоқыс шығарушы SAF-2013 ЖШС қалдықты Қосшыдан 30 шақырым жерге апарып төгеді. Барып-қайту, жанар-жағармайды есептегенде бұл келісім­ді сома деп отыр. Айта кетерлігі, Қосшыдан 30 мың тонна қоқыс шығады. Оған қоса, бұрын жұмыс істеген «Қосшы-тазалық» компаниясы қалдықты Тайтөбе ауылының сыртына, заңсыз полигонға апарып төккен. Ал бұл адам денсаулығына зиян. Оған қоса аталған компания қаржы­ның бәрін өз қал­тасына басқан. Сондықтан жаңа келісім тұрғынның қалтасына салмақ түсіргенімен, саулығына пайдалы. Сондай-ақ жаңа компания 100-ден астам контейнер қойып, ескілерін шығарып тастауға келісім берген. Жолдың жайы мәз емес Жол мәселесіне келсек, Қосшыда 180 километрге созылған 146 көше бар. Негізгі көше Республика даңғылына жөндеу жұ­мысы Қосшы Целиноград ауданының құ­рамында болғанда басталған. Жауапты ком­пания ары-бері созбақтап биыл «тап­сырып» берген. Бірақ жергілікті органның да, халықтың да бұған көңілі толып отырған жоқ. Жол жөндеуді «АБК-Автодор НС» ЖШС мен «Бұланды» ЖШС мойнына ал­ған. Мәселен, Абылайхан, Зайсаң, Жан­гелді көшесі бір жобаға, қаланың ішкі ора­мындағы көшелер екінші жобаға, жо­ға­рыдағы Республика көшесі бір жоба ретінде қарастырылған. Жергілікті орган мәліме­тінше, «АБК-Автодор НС» жол жөндеу кезіндегі кедергілерге өз қаржысынан 600 млн теңге жұмсаған. Кедергі деп отыр­ға­нымыз, көшенің қақ ортасында орналасқан электр бағанасы, КПС бағаны. Сондықтан олар биыл жұмысты кеш бітірген. Жауап­тылар келесі жылы компания ішкі көше­лерге асфальт төсегенде «қиналмай» жұмыс істейтініне сеніп отыр. Ал «Бұланды» ЖШС Ақмола облысы бойынша жиі тапсырыс алатынға ұқсайды. Әкімдіктің ақпаратына сенсек, олар Атбасардағы жол құрылысын әлі аяқтамаған. Ал Қосшыдағы көше жағ­дайы белгілі. Жалпы, Қосшы қаласы ішіндегі 80% жолға асфальт төселген. Үшжылдық жоспар бойынша, жол кезең-кезеңімен жөндеуден өтеді. Әкімнің сөзіне сенсек, бюджет бе­кітілсе, келер жылдан бастап қалада жол бо­йындағы жарық мәселесі шешіліп, бағ­даршам көбейеді.
«Қосшы мен Астана қаласы аралығын жалғайтын автобус аз. Әрине, тұрғын саны күн сайын өсіп жатқан қала үшін қалыпты шығар. Бірақ қалада елордаға қатынап жұмыс істейтіндер көп. Ал қарбалас уақытқа тап келсең, автобустағы адам санында шек жоқ па дерсің. Автобус саны жеткіліксіз екені бірден білінеді. Содан көлікпен қатынауға тура келеді. Әрі автобустың келу аралығы ұзақтау. Жаз-көктемде білінбейтін, қыс түскелі күту тіпті ұзарғандай. Негізі, №301, 302, 303 автобус Asia Park сауда орта­лығына дейін барады. №320, 323 автобус Назарбаев университеті аялдамасына дейін қатынайды. Меніңше, аталған автобустар­дың жүру қашықтығын ұзартса екен. Кең әрі орын саны көп жайлы автобус», – дейді қала тұрғыны Айдана Бақытқызы.
Расымен, автобус жайы тұрғындардың «бас ауруына» айналғалы қашан?! Ресми дерек бойынша, Қосшы мен Астана ара­сында барлығы 27 автобус қатынайды. Биыл қыркүйектен бастап автобустар Лес­ная поляна шағынауданына «байкот» жа­риялады. Тұрғын үй алабына кірмей, сыр­тынан айналып өтті. Өйткені автобус жүр­гі­зушілері жолдың ойлы-шұңқыр екенін, такси жүргізушілерінің жол бермейтінін алға тартқан. Әрине, мұның зардабын тұр­ғындар көрді. Кейіннен әкімдік шағынау­дандағы ішкі көшесінің жоғары бөлігін, аялдама айналасын кішігірім жөндеуден өткізіп, так­си жүргізушілеріне арнайы орын белгіледі. Десе де, жолдағы «айқас» жал­ғасқасын, жергілікті орган жолға «Сергек» орнатты. Ал қаланың мәдени жағдайына ойыссақ, мәдениет үйі құрылысы керек-ақ. Өйткені тұрғындар кәсіпкер берген коттеджді мәдениет үйі ретінде пайдаланып жүр. Ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Айнагүл Көн­байқызы Қосшыда спорт кешені мен кинотеатр жоғын растады. Жеке кәсіпкерлер бірнеше спорт алаңының құрылысын бастағанымен, ауа райына байланысты тоқтап тұр. Алдағы жылы бюджет бөлінісіне сай, мәдениет үйі бой көтереді. Аталған спорт кешені мен кинотеатр салу қаржыдан бұрын жер мәселесіне келіп тіреледі. Байқағаныңыздай, Қосшыда жер тап­шы. Жауаптылардың айтуынша, Цели­ноград ауданына қарасты шақта қаладағы бар жер сатылып кеткен. Сондықтан мектеп құрылысының өзі мұң болып отыр. Оған қоса қаладағы үшауысымды мектеп мәселесі ушығып тұрғаны тағы бар. Қазір мемлекет тарапынан екі, жеке кәсіпкер көмегімен бір мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Жалпы, аймақта төрт мектеп 9 156 балаға білім беріп жатыр. Жер жоқ дегенімен, 2024 жылы Сиреневый сад шағынауданында 2 мың орынды, Баянсұлу көшесінде 1 500 орынды, 20 шағынауданда 2 мың орынды мектеп құрылысы басталмақ. Соған сай жер иелерімен келіссөздер жүргізіледі. Қызығы, ресми дерек бойынша қала бюджеті – 8,9 млрд теңге. Ал бейресми дерекке сүйенсек, қалада 80 мыңнан астам адам тұрады. Жоғарыдағы жазылғанға мән берсеңіз, көп іс қаржыға келіп тіреледі.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ