Сәуле Досжан – қазақтың санаулы қаламгер қыздарының бірі. Жазушының «Қасірет пен тағдыр», «Үзілмеген үміт» романдары оқырманның сүйіспеншілігіне ие болған шығармалар. Семей қасіретін көркем шығармасына арқау етіп, полигоннан азап шеккен қазақтың тағдырын көркем бейнеге айналдырған қаламгердің әдебиет туралы айтары бөлек. Біздің кейіпкерімізбен әңгімеміз де шығармашылықтан басталды. – Зейнетке шықсаңыз да, азаматтық позицияңызды жасырмай, әлеуметтік желіде белсенді пікір айтып келесіз. Шығармашылықтан бөлек, саяси жағдайларды жіті қадағалап отырасыз ба? – Мен – ақын-жазушымын. Қаламгер деген зейнетке шықпайды. Ол ақын Төлеген Айбергеновтің айтқанындай: – Ақын боп өмір кешiру оңай деймісің, қарағым, Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның. Көкірегіңе құйып ап әлемнің асқақ бар әнін, Қосудың арпалысы бұл – тоғыспас жолдар торабын. Нақақтан күйіп баратса нұрлы күн үшін бір тұтқын, Кес-кестеп барып кеудеңді оғына тосу мылтықтың. Қалдырмау үшін ұятқа күнәсіз мынау дүниені, Жамау қып басу өзіңді аузына барлық жыртықтың. Абай «Сөз өнері – дертпен тең» деген. Осыған ұқсас пікірді Пастернак та айтқан. Бірақ ол «Высокая болезнь» деген. Сатып алуға болмайтын қымбат деген сөз ғой. Абайша айтқанда, жазушы айықпас азапқа өзін біржола байлап берген. Яғни, қазақ қара сөзінің ерікті тұтқыны. Сондықтан ол қаламға серт берген. Жүрегі тоқтамайынша, қаламы қолдан түспейді. Солай халқына қызмет етеді. Негізгі мамандығым журналист болған соң ішкі-сыртқы саясатты, еліміздің саяси алаңында не болып жатқанын қалт етпей, қадағалап отырамын. Үкімет еліміздің толыққанды дамуы үшін жасалатын қадамдарды айтты. Кез келген бастама толыққанды жүзеге асады деп ойлаймын. – Бүгінгі қоғамның дерті неде? – Отандық бизнесті қолдау, ауылшаруашылық саласын дамыту, халықты әлеуметтік қорғау және экономиканы дамыту жайында айтылған реформалар жүйелі іске асса, ел экономикасы дамып, халықтың әл-ауқаты жақсарар еді. Жасыратыны жоқ, қазір халқымыз қымбатшылықтан, пәтер жалдаудан әбден жалықты. Жұмыссыздар саны көп, сондықтан отандық бизнесті дамыту мен ауылшаруашылық саласын жетілдіруге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе, жұмыссыз жүрген көп адамның өз қолы өз аузына жетіп, жақсы болып кетер еді. Ең басты мәселе – халыққа, жастарға жұмыс орнын ашу. Қолында күрегі мен қызметі бар, отбасын асырап отырған адамның қоғамда үдеріс туғызуға уақыты болмайды. – Тіл мәселесі жиі сөз болады. Қадыр ақынша айтқанда, «өзге тілдің бәрін біліп, өз тілімізді құрметтеудің» жөні, жолы қандай? – «Ана тілін білмей тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең – ол күйініш. Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлеу – бұл сүйініш. Өз тілін білмей тұрып, жат тілге еліктей беру – зор қате», – деген Халел Досмұхамедұлының кемел сөзін осы жерде айта кеткім келеді. Иә, өзге тілді талассыз білу керек. Бірақ ұлт тілі – ана тілің өзге тілдің алдында тұру тиіс. Басқа жұрттар көп тіл біледі екен дейміз. Мысалдарды да топтап келтіреміз. Ол – рас. Бірақ ол елдер өз тілін өзге тілдің бодауына бермейді. Өз тілінде сөйлейді. Біз болсақ өзге тілді білеміз де, өз тілімізге салғырт қарап, ұмытуға бейім тұрамыз. Тіпті, бүкіл қазақ ағылшын тілін үйрену міндетті емес шығар. Әркім қажетіне қарай меңгерсе, аздық етпес еді. Мен талай жыл орыс тілі мен ағылшын тілдерінің тасасынан шыға алмай келген қазақ тіліміздің өз мәртебесін алуы үшін дауыс берер едім. Бастауыш сыныптарда таза қазақ тілі оқытылса дұрыс болады. Орыс тілі мен ағылшын төртінші сыныптан қосылса да, жас бала санасы оны қабылдамай қоймайды емес. Қазір қазақ тілін үйренуге деген жақсы тенденция қалыптасып келе жатқаны рас. Әсіресе, қазақстандық өзге ұлт өкілдері, Қазақстанға келіп жатқан шетелдіктер тіл үйренуден кетәрі емес. Бұл жердегі өзіміздің «қара орыстарымыз», яғни орыстілді қазақтар үй-ішінде орысша сөйлесіп, солардың балаларының тілі орысша шығып келе жатыр. Қазақ тілін бойға сіңіруді балабақшалардан бастау керек. Қазіргі әлемдік жағдайды пайдаланып қазақ тілімізді тезірек көш ілгері дамытып алсақ, жақсы болар еді. Әрине, елде бәрі қазақша сөйлеп, орыс тілі үстемдігінің саябырлауын қай қазақ жер көрер дейсіз. Халықтың болмысы, өркениеттілігі мен сауаттылығы оның тіл мәдениетімен, сол тілдің қолданыс ауқымының кеңдігімен өлшенеді. – Балалық шаққа жиі саяхат жасайсыз ба? Сонда не еске түседі? – Мен Алматы облысының Ұйғыр ауданындағы Ақтам деген ауылдың орта мектебін бітіргемін. Ұстаздарымды мақтаныш етемін. Мектебімізден елге қызмет еткен танымал азаматтар шықты. Ғылым докторлары, өнер қайраткерлері, ақын-жазушылар баршылық. Мен соның бірімін. Ал балалық шағыма келсем, мен үшін өте қиын сұрақ. Ол бір ауылда жетіспеушілік пен жоқшылықтың қиындығын көрген кезеңдер еді. Әрі мен қайтсем, жазушы болам деп, кітаптан басқа қызығы жоқ балалық шақ өткерген адаммын. Өте бір сағынышпен еске алатындай балалық шағым болмады. Марк Твеннің айтқаны ма еді, «Жазушы болу үшін бақытсыз балалық шақ керек» деп. Менде сондай өмір болды. Мақтана алмаймын да, сағына да алмаймын. – Ең алғаш газетке шыққан мақалаңыз есіңізде ме? – 14 жасымнан газет-журналға шығуға құштар болдым. Аудандық, облыстық газет пен «Пионер», «Лениншіл жас» газеттері мен «Қазақстан әйелдері» журналына ауылдағы бар жаңалықты үзбей жазып жіберетінмін. Дарбазаның алдындағы темір жәшікке аптасына бір рет редакциялардан хат келетін. Күні бойы аңдитыным – мерзімдік баспасөз бен хат. Редакциядан әртүрлі жауап келетін. Шанда біреулері жарық көріп те қалатын. Сондағы қуанышымды әлі күнге айтып жеткізе алмаспын. Ең қызығы, жоғары сыныптарға барғанда менің газетке шыққан мақалаларыма қаламақы төлене бастады. Он, жиырма сомға дейін. Ол кезде – бұл үлкен ақша. Поштадан анама әкеліп беріп қуантатынмын. – Мерейтойлық медальдарыңыз көп. Қайсысы құнды? – Байқап отырсаңыз, бұл марапаттың ортасында жалғыз – «ҚР Еңбек сіңірген қайраткері» деген атақ қана Президент Жарлығымен берілген. Қалғандары мерейтойлық медальдар мен қоғамдық ұйымдардың берген марапаттары. Жазушы үшін аса қадірлі – «АЛАШ» халықаралық әдеби сыйлығы мен шетелдерден шығармашылығым үшін берілгендері бар. «Алматы облысының құрметті азаматы» деген кіші Отанымның бағасы. Міне, мұның бәрі халықтың – оқырмандарымның жасаған құрметтері. Бізде Ақ Орда мен Үкіметте менен әлдеқалай жас, еңбек өтілдері аз мемлекеттік қызметте жүргендерде «Құрмет», «Парасат», «Барыс» ордендерін, тіпті «ҚР Еңбек сіңірген қайраткері» атақтарын әр бес жыл сайын алып отыратындар бар. Ондай үлкен марапаттар негізінен еңбек адамдары мен дәрігерлерге, ұстаздарға берсе жарасады. Ал «ҚР Еңбек сіңірген қайраткері» деген атақ өнер адамдарына лайық. Ол баяғы «Халық әртісі», «Халық жазушысы» деген атақтардың заманауи атауы сияқты. Осы марапат мәселесін мемлекетте жүйеге салмаса, қолы жеткендер өздері алып қадірі қашып барады. – Ұзақ жылдар мемлекеттік қызметте болдыңыз. Бұл сіздің шығармашылығыңызға кері әсерін тигізбеді ме? – Мен 25 жыл мемлекеттік қызметте болдым. Соның ішінде Парламент Мәжілісі аппаратының баспасөз қызметінде істедім. Мәжілістің баспасөз қызметі – БАҚ өкілдерін аккредиттейді. Аккредиттелген өкілдерінің қызметін ұйымдастырады. Редакциямен байланыс жасап, оған жедел хабарларды береді. Тұрақты комитеттердің, Мәжілістегі комиссиялардың, депутаттық топтардың шақыруы бойынша іс-шараларға қатысады. Депутаттармен, мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесу ұйымдастырады. Баспасөз қызметі брифингтер, баспасөз конференцияларын және кездесулер ұйымдастыратынбыз. Осы он бес жылда бес Мәжіліс Төрағасы ауысты. Сонша аппарат басшысымен жұмыс істедік. Әр аппарат басшысы келген сайын қолымызға хабарлама ұстататын. Содан жүргеніміз қайта бұйрық шыққанша жанымызды шүберекке түйіп. «Қызмет қамақтағы әйел» (Когда женщина заложница») деген повесть жаздым. Ол Ресейдің «Юность» журналында орысша шығып, жоғары бағаланды. Сол жерде мемлекеттік қызметкер әйелдің тағдырын тізбелеп жазып шыққанмын. – «Қасірет пен тағдыр» дилогиясы сіздің даңқыңызды асырған шығарма болды десек, қателеспейміз. Семей «қасіретін» көрсетіп, «тағдырына» үңілу – жазушыға оңай болмаған шығар. Дегенмен бұл тақырыпқа қалам тартуыңыздың сыры неде? – Сіздің бұл сұрағыңызға «үйтіп жаздым, бүйтіп жаздым» деп мақтанып жауап бере алмаймын. Ол менің жаратылысыма жат. Одан да сол, «Қасірет пен тағдыр» дилогиясы туралы ғалымдар мен өзге қаламгер әріптестерімнің баспасөз ақпарат беттеріне шығарған пікірлерінен үзінділер көрсетейін. Жазушы-философ Дидар Амантай: «Күллі шығармасы дерлік қазақтың ұлы мұңы – Семей полигоны құрбандары туралы екен. Тақырыбы да сол. Автор Семей, Қайнар, Қарқаралы өңірін түгел біліп алыпты. Ауыл, жыра, сай, тау-тас аттарын, жол сілемін жатқа біледі. Еркін сілтейді. Шұрайлы кестелейді. Жазуға енді жеткендей, асығып, сағынып жазады. Көркем мәтінге құштар. Қаламгер әлеуметтік мәселені, жеке адамның қайғы-шерін бүкілхалықтық драма деңгейіне көтере білген» дейді. «Бұл кітап несімен құнды? Ерекшелігі неде?» деген сұрақтарға филология ғылымдарының докторы Айгүл Ісмақованың сөзінен жауап табуға болады. Үлкен ғалым: «Семей полигоны туралы біршама шығарма жазылды. Бұл романда оқиғалар желісі зар мен қасіреттің, жоқтау мен біреуге кінә артудың төңірегінде ғана өрбімейді. Семей өңірі тұрғындарының көрген жан мен тән азабы қарапайым жас отбасы мен оның маңайындағылардың азапты өмірі арқылы жан-жақты ашылып, терең суреттеледі. Семей полигонының жабылуына байланысты нақты іс-әрекеттердің басында болған белгілі азаматтардың атқарған істері мен есімі тұңғыш рет осы романда, көркем шығармада аталып отыр десек те болады» дейді. Қаламгер, киносценарист, журналист Жүсіпбек Қорғасбек 2019 жылғы 20 қыркүйектегі «Егемен Қазақстан» газетінде «Ерлер еңсеретін тақырыпты әйел жазушы романға арқау етті» деген тақырыппен үлкен шолу жазған. Онда: «Жазушы осыншама ауқымды тақырыпқа сыналап кіріп, ішінен қопара жазыпты. Нәтижесінде, көркем образдарға толы, өмірде нақтылы шындығы бар дүние қолымызға тиді. Егер Дегелеңнің басына ескерткіш ретінде таспен бірге кітап қою керек болса, бұл соған әбден лайықты шығарма дегіміз келеді. Қай заманда да өтпелі кезеңде күтпеген жазушылар бой көрсетеді. Бір қызығы, белгілі жазушылар осындай кезде жазбай кетеді. Біз оны өзіміз көзбен көріп, құлақпен естіп те жүрміз. Осындайда Сәуле Досжанның әде-биетте қаламдастарымызға үлгі боларлықтай дәрежеде еңбек етіп жүргенін мойындауымыз керек», – деген қаламгер. Бұл шығарманы жазуыма жарым –генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев себепкер болды. Оның біраз жыл Семей облысында қызмет еткендегі көргендері мен мұрағаттардан жинап берген құжаттары, екеуміздің Семей топырағын шарлап, полигон аймағын зерттегеніміз арқау болды. «Қасірет пен тағдыр» бірінші кітап, оның жалғасы – «Үзілмеген үміт» романы. Осы қостомдық дилогияны жылап отырып, қазаққа жасалған ұлттық геноцидке жаным күйіп жазып шықтым. 2021-2022 жылдары сол зорыққанның нәтижесінде жүрегіме екі рет операция жасаттым. – Қазақ әдебиетін оқитын оқырман бар ма? Қалай ойлайсыз? – Қазақстанда 11 мыңға жуық кітапхана бар. Дәстүрлі кітапханалық қызметпен қатар, Қазақстанда Ұлттық электронды кітапхананың жұмысы жетілдірілуде. Бүгінде интернет қарыштап дамып келеді. Десек те, әлемдік желіден алған білім том-том кітаптарға жетпес еді. Өйткені қазіргі кезде «білім бұлағынан» интернеттің дәуірі асқақтап тұр. Менің пікірімде, әрдайымда кітап бірінші орында болмақ. Кітап оқу – қоршаған ортаны, дүниені және өзін-өзі тануға көмектеседі, оны оқу арқылы өткен тарихыңды, болашағыңды біле аласың. Есте сақтау қабілетін және логикалық ойлауды дамытады. Яғни, көп оқыған адамның жады мықты, тез ойлап, тез қорыта алады. Оқығаныңды іштей талдасаң, адам психологиясын жетік түсіне бастайсың. Көңіл күйің болмаса да, кітап оқу бір сәт жабырқаудан арылтады, тіпті уайымыңды басады. Талдауға, сараптауға, пікір қалыптастыруға үйретеді. Ми үшін кітап оқу – бұл да денеге жасалған физикалық жаттығу есебі. Кітап оқу – табыс пен жетістіктің ең басты негізі. Адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасауға үйретіп, әдемі сөйлеу дағдыларын қалыптастырады, сөздік қоры көбейе түседі. Сауаттылық деңгейін арттырады. Қазір керек ақпарат табу үшін аудио, видео, интернет секілді жеңіл жол табылып тұрғанда кітап оқуға деген құштарлық азайып кетті. Меніңше бала ерте жастан кітаппен дос болса, кітап оқыса болашақта ол көзі ашық, көкірегі ояу адам болып қалыптасады. 2021 жыл – елімізде балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы болып жарияланды, оның шеңберінде бүкіл ел бойынша бірқатар тиісті іс-шара жоспарланған. Соның арқасында менің «Біртуар» мен «Ауылдан шыққан миллионер» деген кітаптарымды ата-аналар балаларымен оқыды. «Оқуға құштар мектеп» деген жобамен бүкіл мектеп болып оқыды. Жақсы кітап жазылса, қазір оқырмандардың ықыласы оянып келеді. Кітаптан жеріп, компьютермен өсіп келе жатқан ұрпақтың санасына әсер ететіндей кітап жазу да оңай емес. – Жазушының өмірін қағаз бен қаламсыз елестету мүмкін емес. Шығармашылығыңызда не жаңалық бар? – Алдағыны Алла біледі. Мен үздіксіз жұмыс істейтін қаламгермін. Қазір де жаңа бір романның жолындамын.
Әңгімелескен Айым БЕКТҰР