Жанын шүберекке түйіп отыр
Жанын шүберекке түйіп отыр
© коллаж: Еркебұлан Дүйсеболат
382
оқылды
Жетісу облысындағы ша­ғын қалалар мен аудан орталықтары және тағы да басқа ірі елді мекендерде жүздеген көпқабатты үйлер орталықтан­дырыл­ған жы­лыту жүйесіне қо­сыл­ма­ған. Олардың барлығы бір кез­дегі тұрмысқа қажетті жағдай­лар толық қарастырылған, жайлы да, сайлы баспаналар еді. Көбі түрлі мекемелерге, өндіріс орындарына тиесілі болған. Тоқырау жылдарынан кейінгі жаппай жекешелендіру барысында небір алпауыт кә­сіпорындардың оты сөніп, тірлігі тоқтағанда, үйлердің дені орталықтандырылған судан, жылудан мақұрым қал­ды. Одан бері жылжып жылдар өткені­мен, қалалы жерде тұр­ғаны­мен, көпқабатты үйлері­нің терезе­лерінен мұржа шы­ғарып, отын суды сырттағы сарай­дан тасып, түтіндетіп отыр­ғандар жетерлік. Ал кей­бір көпқабатты үйлер қиын­­дық­тан ұжымдасып шығу үшін өздерінше жол тауып, жеке қазандық сатып алып, оны жертөлеге орналастырған. Со­ны­мен бірге үйдің жанына жап­сырма салып, соған қойғандар да бар. Бұл екі тәсіл де қыста суық­тан құтқарғаны­мен, айна­лып келгенде сонда тұратын­дардың өміріне қауіп төндіреді. 2017 жылы Қараған­ды об­лысын­дағы Шахан кен­тінде осын­дай жылыту қазан­дығы жа­рылып, 9 адамның қайғылы қазаға ұшырағаны биліктегі­лердің есінен шығып кеткендей. Қазіргі кезде Жеті­су облысында 53 көпқабатты үйдің қазандық­тары үйлердің жертөлесінде не­месе оларға жап­сарлас орна­лас­қаны осын­дай ойларға жете­лейді. Талдықорғаннан 50 шақы­рым­дағы Үштөбе қаласында ор­та­лықтандырылған жылу­дан жырақ қалған 80-ге жуық көп­қабатты тұрғын үй бар екен. Қала­дағы бес қабатты үйдегі үш кіреберістің әрқай­сысында он-оннан 30 пәтер орналасқан, олар­­дың әрқай­сысында 4-5 адам­нан тұрады деп есептесек, бір ғана бес қабатты үйде 120-150 адам тұрады. Тұрғындар жертөлеге немесе жапсырмаға қойылған қазандықты да, оған қажетті отынды да өз ақша­лары­на са­тып алады. Айына 12-15 тонна көмір кететін көрі­неді. Алты айда орта есеппен 90 тонна қатты отын қажет. Алайда тұрғындар шығынды көп уа­йым­дамайды. Жыл сайын қысты қалтырай тосып, алты ай өмірлері үшін алаңдаумен тірлік етіп, көктемге аман-есен жету­ді ғана ойлайды. Одан кейін қара күз келгенде жанталас бас­­­талып, осы жағдай тағы қай­та­ланады.
– Осы үйде тұрып жатқа­ны­ма 12 жылдан асты. Біз кел­генде жертөледе тұрған қазан­дық әлі сонда. Қорқа-қорқа шар­шадық. Елдің қамын ойлауға тиісті адам­дар­ға айта-айта жалықтық. Біздің өміріміз өзімізге ғана керек екен... Қарағандыда апат болғанда, тіптен алаңдадық. Қа­зір етіміз үйреніп кетті. Біз­ді қойшы, жасымыз келіп қал­ды. Осында тұратын бала-шағалы отбасы­ларға обал, – дейді үштөбелік зейнеткер Татьяна Павликова.
Жалпы Қаратал ауданында 88 көпқабатты тұрғын үй бол­са, соның алтауы ғана орта­лық­тандырылған жылу жүйе­сіне қо­сылған. 11 үйдің жер­төлесін­де немесе жанына жап­сар­лас салын­ған жеке қазандығы бар. Қалған 70 үйдің әр иесі мұржасы терезе­ден немесе қабырғаны тесіп шығарылған пешпен қыс­та жан сақтап отыр. Атқарушы биліктегілер мұны жақсы біледі. Бірақ қол­дары­нан келер қайран жоқ. Аудан әкімінің орынбасары Қайрат Қасымовтың айтуына қарағанда, ауданға көгілдір отын толық келгенде барып, мәселе реттелуі мүмкін. Әзірге 4 блокты-модульдік қазандық­қа тапсырыс беріп қойыпты. Газ құбырлары тартылғаннан соң қазандықтар орнатылып, көгіл­дір отынға қосылады. Сонан кейін барып көп­қабат­ты үйлер рет-ретімен орталық­тан­дырыл­ған жылу жүйесіне қосылады. Мұндай үйлер тек Қаратал ауданында ғана емес. Облыс­тағы барлық аудан орталық­тары мен шағын қалаларды, кенттер мен ірі елді мекендерде жетіп артылады. Бір жылдары Талды­қор­ғанда көпқабатты үйлерде қолданылатын газ бал­лондары­ның жарылуы ке­сі­рі­нен қайғы­лы оқиғалар тір­кел­гені елдің әлі есінде. Қа­зір­гі кезде облыс ор­та­лы­ғына табиғи газ тартылды. Газ баллондарын пайдалану азай­­ды. Ендігі кезек, аудан орта­лық­тары мен шағын қала­ларды, ірі елді мекендерді көгіл­дір отынға қосу. Сонда ғана алты ай қыста жертөледе гүріл­деген, үй жанындағы сарайда дүрілдеген қазандықтан қауіп­теніп, күндіз күлкіден, түнде ұй­қы­дан айырылып отырған­дар­дың мәселесі шешіледі.

Болат АБАҒАН, Жетісу облысы