Тәшеновтің мерейтойы Алматыда дүркіреп өтті
Тәшеновтің мерейтойы Алматыда дүркіреп өтті
711
оқылды
Алматыда қазақтың белгілі ақыны, талантты журналист, бүкіл түркі дүниесі ақындары жыр фестивалінің жүлдегері, ҚР Мәдениет қайраткері, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Төреғали Тәшеновтің 60 жылдық мерейтойына арналған әдеби басқосу өтті. Ұлттық кітапханада өткен отырысқа белгілі қаламгер мен басқа бір топ зиялы қауым өкілдері қатысты. Кеш барысында алғашқы болып сөз алған ҚР Президентінің кеңесшісі, жазушы Мәлік Отарбаев мерейтой иесіне Мемлекет басшысының құттықтау сәлемін жеткізіп, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің құттықтау хатын оқып берді. Одан кейін, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақып ақынға шығармашылық одақтың атынан құттықтау сөз сөйлеп, барша қаламгерлер атынан шапан жапты. Сонымен қатар мерейтой иесіне өзі ұзақ жылдар еңбек еткен республикалық AIQYN газеті ұжымының атынан құттықтау хат тапсырылды. Сондай-ақ қаламгердің туған ауылы Түркістан облысы Созақ ауданынан келген азаматтар аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтің құттықтау хатын оқып, иығына шапан жауып, кеудесіне «Оғыз хан» медалін тақты.  width= Әсерлі өткен кеште әдебиетші Абай Мауқараұлы Төреғали Тәшеновтің журналистік ақындық қырын ашатын баяндама жасады. Одан кейін белгілі қаламгер, «Ана тілі» басылымының бас редакторы Қали Сәрсенбай, ақындар Байбота Қошым-Ноғай, Кәдірбек Құныпияұлылар сөз алып, кеш иесінің шығармашылығы туралы жылы пікірлерін ортаға салды. Белгілі күйші  Шәміл Әбілтаев күмбірлетіп күй тартса, әнші Жұбаныш Жексенұлы әннен тарту тартты. Әдеби басқосу кезінде ақынның мерейтойына орайластырылып шығарылған «Айттым құлдық Қаламқас» атты жаңа жыр жинағының тұсауы кесілді.  width= Айта кетейік, Төреғали Тәшенов – қазақ әдебиеті мен журналистикасының дамуына қатар еңбек етіп келе жатқан тұлға. Ол ақын ретінде сонау студенттік жылдарында-ақ танылып, сойындалған қаламгер. Бұл күнде 60-тың асқарын бағындырған ол ұзақ жылдар түрлі мерзімдік баспасөзде өнімді еңбек етті. Оның ішінде AIQYN басылымында ашылған сәттен бастап, 2018 жылы газет редакциясы Астанаға қоныс аударғанға дейін табан аудармай тілшілік қызмет етті. Тағылымды де тартымды кешті белгілі актер Байғали Есенәлі жүргізіп отырды.  width=