Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев кезектен тыс президент сайлауында дауыс берді
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев кезектен тыс президент сайлауында дауыс берді
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев кезектен тыс президент сайлауында дауыс берді, – деп хабарлайды Azattyq Ruhy. Сенат Төрағасы Астана қаласындағы №111 сайлау учаскесінде дауыс берді.
«Бүгінгі күн еліміз үшін маңызды, Президент сайлауы өтіп жатыр. Сайлау еліміздің алдағы дамуының бағыт-бағдарын айқындайды. Біздің еліміз үшін соңғы жылдары оңай болмады. Пандемия ел экономикасы мен халқымызға ауыр тиді. Коронавирусты бәріміз бірге еңсердік. Биыл Алматыдағы Қаңтар оқиғасы бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Қазір әлемдегі геосаяси жағдай ушығып тұр. Дегенмен дауыс беруден кейін.
Оның айтуынша, бүгін әр қазақстандықтың өз таңдауын жасайтын күн.
«Биыл маусымда референдум өтті. Оның негізінде Конституциямызға бірқатар өзгеріс енгізілді. Атап айтқанда, саяси өзгерістер сайлауға да қатысты. Бүгін халық 7 жылға, бір ретке Қазақстан президентін сайлайды. Сайлаудың әділ әрі ашық өтуіне барлық жағдай жасалды. Кандидаттарға да теңдей мүмкіндік берілді. Дауыс беру барысын халықаралық байқаушылар қадағалап жатыр. Президент сайлауының Қазақстан заңнамалары мен халықаралық стандарттарға сай өтетініне сенімдімін», – дейді М.Әшімбаев.
Бүгін, 20 қарашада Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатыр. Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан президенттігіне алты кандидатты тіркеді:
Қасым-Жомарт Тоқаев – «AMANAT», «Ақ жол» партияларынан және Қазақстан халық партиясынан; Жигули Дайрабаев – «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан; Қарақат Әбден – «Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы» республикалық қоғамдық бірлестігінен; Салтанат Тұрсынбекова – «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінен; Мейрам Қажыкен – «Аманат» республикалық кәсіподақтар бірлестігінен; Нұрлан Әуесбаев – оппозициялық Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан (ЖСДП).