Солтүстік Қазақстан облысында Петропавл Ұлттық ұлан академиясының әскери қызметшілері алғашқылардың бірі болып дауыс беруді аяқтады. Сайлау учаскесі жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 07.00-де Қазақстан Әнұранымен ашылды және түске дейін дауыс беру аяқталды. Мұндағы сайлау учаскесінің нөмірі – №655. Бұл жерде барлығы 662 адам дауыс берді. Сайлау учаскесінде өз таңдауын жасағандар – курсанттар, офицерлер және келісімшарт бойынша әскери қызметшілер. Туған күндері еліміз үшін айтулы оқиғамен тұспа-тұс келген екі курсантқа естелік сыйлықтар табыс етілді. Ұлттық ұлан академиясының бастығы, полковник Артур Тоқышев бірінші болып дауыс берді. Ұлттық ұлан академиясы Ұлттық ұлан үшін ғана емес, Қазақстанның басқа да әскери құралымдары үшін офицерлік кадрлар ұстаханасы болып табылады. 25 жылдық тарихында оқу орны 4 мыңнан астам жас офицерді даярлап шығарды.