Байқасаңыздар, студенттер мекенінде «Жатақхана – өз үйің» деген жазу тұрады. Расымен де солай, әрбір студент үшін жатақхана – өз үйі. Бірақ сондай мүмкіндікті елімізде 85 мыңнан астам студент пайдалана алмай отыр. Оның 64,2 мыңы жоғары оқу орындарының, қалған 21,5 мыңы – колледж студенттері. Бұл – Білім және ғылым министрлігі мәлімдемесі. Тек 2023 жылы ғана студенттер толық жатақханамен қамтамасыз етілмек. Бұл жоспар қалай жүзеге асады? Оған мүмкіндік бар ма? Кейінгі екі жылда жатақхана тапшылығы 6 пайызға төмендеген. Биыл тағы да 10 мың орын пайдалануға берілмек. Осылайша бірте-бірте бұл олқылықтың орнын толтыру мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Кейінгі кезде жаңа оқу жылы басталатын қыркүйек айында жатақхана ала алмай жүрген студенттердің мәселесін жиі құлағымыз шалатын болды. Сөйтсек, бұл бірер студенттің мәселесі емес екен. Қазіргі таңда жатақханадағы орын Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес, рет-ретімен беріледі. Алдымен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балалары, сосын халықаралық олимпиадалардың жүлдегерлері, одан кейін мемлекеттік грант иеленген бірінші курстықтар. Шетелдік студенттерге жатақхана беру мәселесі де алдыңғы кезекте шешіледі. Қалғандары егер орын қалып жатқан күнде ғана мұндай мүмкіндікке қол жеткізеді.
Қазіргі таңда елімізде 125 жоғары оқу орны бар. Оның 15-і – Нұр-Сұлтанда, 41-і– Алматыда және 10-ы – Шымкентте. Яғни ЖОО-ның тең жартысынан көбі – осы үш қалада орналасқан. 2019/2020 оқу жылы басталғанда ЖОО-да 604 мың студент сабақты бастаған. Оның 329 мыңы – Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында. Оған еліміздегі 740 колледжде білім алып жатқан 475 мың студентті қосыңыз.Жастарымыздың білімге ұмтылғаны, заман көшінен қалмауға тырысқаны жақсы. Бірақ біз олардың білім алуына қаншалықты жағдай жасап отырмыз? Оның үстіне таяу күндері ғана Алматыда студенттер жатақханаларына жасалған бірнеше рейдке қатысып, жағдайды көзбен көрдік. Jas Otan Жастар қанаты Алматы қалалық филиалының мұрындық болуымен қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, мемлекеттік орган мен БАҚ өкілдері аралаған «Қайнар», Алматы университеті мен Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ жатақханаларындағы жағдай көптің көңілінен шыққан жоқ. Сол себепті біз жатақханалардың жалпы жағдайына сараптама жасауды жөн көрдік. Кейінгі жылдары жағдайдың тым күрделіленіп кетуіне не себеп? Неге жатақхана тапшылығы мәселесі күн тәртібіне шықты? Мамандар мұның бір себебін мемлекеттік грант санының артуымен байланыстырады. Мәселен, 2019/2020 оқу жылына 69 мыңнан астам грант бөлінген. Оның 53 785-і бакалавриат, 13 159-ы магистатура және 2 312-сі PhD докторантура үшін. БҒМ мәліметіне қарағанда, қазіргі таңда жалпы, 173 мың студент грантта оқиды. Әрине, студенттер жатақхана үшін ақы төлейді. Жамбасақы айына 5 мың мен 15 мың теңгенің аралығында. 25 мың теңгенің көлемінде шәкіртақы алатын студент үшін оның 15 мыңын жатақханаға беру де олардың қалтасына әжептәуір салмақ түсіреді. Әйтсе де, жатақхана пәтер жалдап тұрғаннан анағұрлым арзан. Оның үстіне, өзі қатарлы студенттермен бір жатақханада тұру, егер жатақханада тәртіп болса, олардың қауіпсіздігіне де, бір-бірімен сабақ жайлы пікір алмасып, дайындалуына да жақсы. Пәтерін жалға берушілер де әбден әккі болып алған. Студенттер оқуға келетін тамыз-қыркүйек айларында пәтер жалдау ақысын күрт көтеріп жібереді. Мұндай ақпараттың ақиқат екенін риэлторлар да жоққа шығармайды. Жатақханалар мәселесіне зер салып қарағанымызда, көптеген ЖОО жатақханаларында аядай бөлмеде бес-алты, тіпті он-он екі студенттен тұратынына көз жеткіздік. Бұл сөзімізге Алматы қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдақасымованың мына бір сөзі де дәлел бола алады. «30 шаршы метр бөлмеде 10 студент тұратын жағдайлар да бар. Қалыпты норма бойынша әрбір студентке 6 шаршы метрден болуы тиіс. Сонда студенттер 3 шаршы метр жерде тұруда. Мәселен, жатақхана 150 адамға арналған болса, шындығында ол жерде 253 адам тұрып жатыр», – дейді ол.
2017 жылы Алматы қаласында өткен Универсиадаға келген спортшыларға арнап салынған жатақханалар жарыс аяқталғаннан кейін қаладағы университеттердің меншігіне беріледі деген хабар тараған. Алайда қала әкімдігінің шешімімен жаңа жатақханалар мемлекеттік қызметкерлер мен ғылым саласындағыларға, сондай-ақ кезекте тұрған азаматтарға берілді. Осылайша, студенттердің жатақханаға деген сұранысы біршама қанағаттандырылады деген үміт оты сөнді.Студенттер жатақханасын салу біраз жерде қолға алынған. Оның кейбірінде жұмыс қарқынды жүріп жатса, енді бірі тіпті баяу. Бұл ретте жатақхананың қаржыландыруы да үлкен мәселе. Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылованың айтуына қарағанда, құрылыс қарқынын қаржыландыру төмен. 2010-2017 жылдар аралығында республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға салынған бар болғаны 8 мың орын пайдалануға берілген. Салыстыру үшін айтар болсақ, 2018-2019 жылдары жатақханаларда 9,1 мың орын пайдалануға берілді. Биыл да жатақханадағы орын тапшылығын жою үшін жұмыс істеліп жатыр. Қалай дегенде де, сең қозғалды. Студенттер жатақханасы мәселесі күн тәртібіне шықты. Бұған Елбасы Н.Назарбаевтың 2022 жылға дейін 75 мың орындық жатақхана салуды арнайы тапсырғаны да себеп болып отыр. Қазіргі таңда студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету жайы жан-жақты сарапқа салынуда. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізде құрылыс салуға шетелдік инвесторлар да қызығушылық танытып, бірлесіп жұмыс істеуге ынталы. Өткен жылдың соңында студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету үшін 73 жоба іске асырылатыны айтылған. Осы жобалар тиянақты іске асқанда ғана таяу жылдары студенттердің жатақхана тапшылығы мәселесі шешілмек. Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ