Құсбегілер әулетінің таңдауы
Құсбегілер әулетінің таңдауы
Жетісу облысының жұртшылығы кезектен тыс Президент сайлауына белсене қатысуда. Өңірдің бүкіл аудандары мен қалаларындағы сайлау учаскелері таңертеңнен бастап қызу жұмыс істеп жатыр. Сайлаушылар да жексенбі екеніне қарамастан уақыт тауып, өз таңдауларын білдіруде. Облысағы қос қаланың бірі, кеншілер шаһары Текелі қаласындағы  №1031 сайлау учаскесіне келушілер легі әлі толастаған жоқ. Алғашқылардың бірі ретінде осында  келген  елімізге танымал саятшы, атбегі, құсбегі, Ұлттық спорт қауымдастығының республикалық деңгейдегі төрешісі, еңбек ардагері Бүркітбай Файзолла әулетіндегі сайлауға құқы бар отбасы мүшелерімен  бірге өз таңдауын жасады. Бүркітбай Файзоллаұлы бала кезден баба мұрасын қасиет тұтып, ата кәсіптің қыр-сырын жан-жақты меңгерген, ұлттық құндылықтарды әрдайым ұлықтап жүретін жан. Оның тұлпар баптап, тазы ертіп, қыран ұшырған өнерімен қоса, ұлттық салт-дәстүрді өскелең ұрпаққа үйретіп жүрген ұстаздығы өз алдына бір төбе. Бала-шағасымен бірге қазақтың ұлттық өнерін қадырлеп, айналасына үлгі көрсетіп жүрген құсбегі, атбегі Бүркітбайдың есімі тек Жетісу өңіріне ғана емес, ата дәстүрі мен кәсібін құрмет тұтатын барша қазақ жұртына мәлім. Ұлы Жасұланда әке жолын жалғастырып, бабы келіскен қыран құстарын өңірлік, республикалық саятшылық жарыстарына қосып, маңдайы жарқырап жүлде алып жүр. Немересі Әлғазиз да ата мен әке, аға тәліміне ден қойып, құс баптаудың қыр-сырын меңгеруде. Әулеттің арқасүйер абызы Бүркітбай Файзоллаұлы: «Ел тізгінін сеніп тапсыратын тұлғаны сайлаудың, азаматтық парызды өтеудің мән-маңызын өсіп келе жатқан ұрпаққа ұғындыру үшін сайлауға бала-шағамызбен бірге қатысып, саяси науқанға үлкен жауапкершілікпен үлкен қатысудамыз. Қазақстанның әр азаматы ел болашағы үшін аса маңызды болып тұрған дәл қазіргі сайлаудан қалыс қалмауға тиіс деп білемін. Іргеміз берік, бірлігіміз бекем, тірлігіміз берекелі болсын!»,– деп аталы сөзін айтып, жерлестерін саяси науқанға белсене қатысуға шақырды.

Болат Абаған, Жетісу облысы