Сирия елінде азаматтық соғыстың басталғанына да он жылға жуық уақыт болып қалды. Әу баста Башар Асад пен елдегі оппозицияның арасындағы текетірестен басталған жанжал қазір аймақтық сипатқа ие болған. Қақтығыстарға Түркия, Ресей, Иран, АҚШ пен одақтастары араласты да, елдегі жанжал түйіні шешілмес мәселеге айналып кетті. Ал осы аптада Сирия президенті Башар Асад елдегі соғыстың жуық арада тоқтамайтынын айтты. Өйткені Асадқа бағынатын күштердің қарсыластары да аз емес. Біздің пайымдауымызша, Дамаск билігіне ең қауіпті қарсылас Түркия болатын сыңайлы. 2000 жылдардың басында Таяу Шығыстағы елдерді ұзақ уақыт бойы билеп-төстеген басшыларды биліктен тайдыруға тырысқан батыс елдері саясатының Сирияда сәтсіз болғанын аңғару қиын емес. Асад биліктен кетпеді. Ел халқының біраз бөлігі босып кетті. Аймақта түрлі террористік топтар күшейді. Кейін ел аумағына «тыныштықты сақтаймыз» деген желеумен бірқатар мемлекеттің әскері кірген болатын. Әрине, мұнда АҚШ-тың 2003 жылы Иракқа кіргізген әскеріндей қуатты армия шоғырланған жоқ. Бірақ Сирия жерінде қазір АҚШ пен одақтастарының да, Ресейдің де, Түркияның да біраз әскері бар. Иран түрлі топты қаруландырумен айналысып келеді. Демек, бұл аймақтың әлі біраз уақыт әлемдік және аймақтық державалар күш сынасатын алаң болып қалатын түрі бар.
Түріктер әскерін сайлап отыр
Ақпан айының басынан бері Сирия оппозициясының бақылауындағы Идлиб провинциясында түріктердің белсенділігі күшейді. Оған айдың басында Идлиб төңірегінде Түркияның әскери бақылаушылар мен бірнеше азаматының мерт болғаны себеп болды. Одан соң сириялықтар түрік әскери бақылаушылары орналасқан өңірлерге тағы шабуыл ұйымдастырды. Соның кесірінен ақпан айының алғашқы аптасында 13 түрік азаматы мерт болды. Сөйтіп, Түркияның Сириядағы адам шығыны тоғыз жыл ішінде 122-ге жетті. Бұл жағдайға ашуланған болуы керек. Түріктер аймақтағы Асад күштерін атқылап, біраз сарбазын қырып тастағаны бар. Әрі президент Режеп Тайып Ердоған Түркия қарулы күштерінің Идлиб төңірегінде кез келген сәтте ірі әскери операция ұйымдастыруға даяр екенін айтқан. Сөйтіп, Түркия қарулы күштері аймаққа қазірдің өзінде 15 мыңға жуық әскер кіргізіп үлгерді. Тек ақпанның алғашқы аптасының өзінде Сирия жеріне түріктің 1200 көлігі кірген. Бұларға танктер мен ауыр артиллерия, бронды көліктер тиелген еді. Әрі Хатай провинциясына күніне жүздеген әскери техника жиналып жатыр. Бұл түріктердің тәуекелге баруы мүмкін екенін байқатады. Түріктердің қолдауына сүйенген Сирия оппозициясына қарасты күштер Башар Асад әскерінің 3 тікұшағын атып түсірді. Ал Асад жауынгерлері жақында Алеппо қаласын оппозициядан тартып алды. Бірақ Идлибтің орталығына қарай жылжи алмады. Өйткені ендігі қадам үлкен ұрыстың басы болатын сыңайда тұр.Кеше ғана одақтас еді
Сириядағы соңғы жағдай бірқатар мәселеде одақтас болып жүрген Түркия мен Ресейдің арасын салқындатып жіберді. Оған екі аптаның ішінде орыс-түрік дипломаттарының төрт мәрте кездесіп, Сирия мәселесі бойынша пәтуаға келе алмағаны дәлел болады. Әрі екі елдің ақпараттық кеңістігінде кәдімгі «майдан» болып жатыр. Ал дипломаттар болса, «екі жақты байланыс жасап жатырмыз, аймақтағы жағдайды шиеленістірмеу үшін барымызды саламыз» деген мазмұндағы мәлімдемелер таратумен шектелуде. Бірақ іс жүзінде жағдай шиеленісіп келеді. Мұның соңы өңірде Түркия мен Ресей әскерлерінің қақтығысып қалу қаупін туғызған сыңайлы. Дегенмен біздің пайымдауымызша, Мәскеу өңірдегі әскери күштерінің түріктермен ашық қақтығысқа баруына жол бере қоймайды. Бірақ «ЧВК «Вагнер» тәрізді жеке әскери құрылымдар арқылы Асад әскерін қолдауы мүмкін. Мұндай жағдайда түріктер оларды жойып жіберуден тартынбайды. Ал Ресей бейресми әскери құрылымдар құрамында болған адамдардың өлгені үшін кек қайтара қоюы екіталай. Оған бірнеше себеп бар. Біріншіден, егер кек қайтаруға ұмтылса, «вагнерліктердің» Мәскеу жобасы екенін мойындағанмен бірдей. Бұл өз кезегінде Сирия ғана емес, Ливия, Донецк мен Луганскідегі жағдайды шиеленістіреді. Әрі батыс елдерінің қосымша сакнцияларына себеп болуы мүмкін. Екіншіден, дәл қазір Сириядағы Ресей әскерлерінің түрік армиясымен тіресетіндей мүмкіндігі жоқ. Мұндайда «вагнерліктердің» кегін қуу тиімді бола қоймайды. Сондықтан соғыс аңсап барған «вагнерліктерді» құрбандыққа шала салуы мүмкін. Мәселен, 2018 жылдың ақпанында Сирияның шығысындағы Дәйр әз-Зор қаласы төңірегінде болған ұрыста АҚШ әскері мен «Сирияның демократиялық күштері» деп аталатын күрд жасақтары 200-ге жуық «вагнерліктердің» көзін құртқан. Әрине, ол жайында ресейлік ресми органдар ауыз ашпады. Бірақ немістің Spigel журналынан бастап, америкалық The New York Times газетіне дейін егжей-тегжейлі жазғаны бар. Соңғысы тіпті ұрыстың әр деталына дейін тоқталған. Ал Мәскеу кек қайтара алған жоқ. Демек, Идлиб төңірегінде «вагнерліктер» құрбан болса, Ресейдің ресми құрылымдары да, орыс масс-медиасы тағы да үнсіз қалатын шығар деп болжаймыз. Оның үстіне, соңғы күндері Анкара өзінің әуе кеңістігі арқылы Ресейдің әскери ұшақтарының ұшуына тыйым салды. Әрі «Идлиб төңірегінде не ұшса да атып түсіреміз», – деді Ердоған. Сөйтіп, Асадқа қару-жарақ жеткізу мүмкіндігін шектеп тастаған сыңайлы. Бәлкім, содан да шығар, Асад әскерлері Идлиб провинциясының орталығына небәрі 8 шақырым қалғанда тоқтады.Ежелгі дұшпан ел болмас
Түркия мен Сирия қатынасының тереңіне үңілсек, күрең қабақ жағдай өткен ғасырдың басына дейін кетеді. Осман империясы ыдыраған соң азаттық күресін жүргізген түріктер Сирия жеріндегі бірқатар аймақтарды өздеріне қосып алғысы келген. Өйткені 1918 жылғы Мудрос бітімі арқылы Франция Сирияны отарлады да, 1923 жылғы Лозанна келісімі кезінде кейбір аймақтарды Түркияға бермей қойған. Тек Ататүріктің табандылығының арқасында 1938 жылы даулы Хатай провинциясы тәуелсіздік алып, 1939 жылы өз еркімен Түркияға қосылған. Кейін Түркия Тигр мен Евфрат өзендеріне су қоймаларын салмақ болғанда, Сирия дау шығарған. Одан соң Түркияға террорлық шабуыл ұйымдастырып жүрген Абдулла Өжаланды Хафез Асадтың ұзақ жылдар бойы паналатқанын да Анкара ұмыта қойған жоқ. Екі елдің қатынастары тек 1998 жылдан соң ғана сәл жақсарып еді, 2011 жылдан соң тағы бұзылды. Шамасы, Анкара елдің түстігінде өздерінің қолайына жағатын биліктің салтанат құруына мүдделі сыңайлы. Дамаскіде Түркияға қыр көрсетпейтін топтар билікке келсе, шекара дауы да, сириялық күрдтердің Ирактағы туыстарымен қосылып, мемлекет құрмақ болып жүрген мақсаттары да жайына қалады. Одан бөлек, Анкара Сириядан ағылатын босқындардың санын азайтуды да көздейтін тәрізді. Өйткені босқындар Түркия үшін кәдімгідей салмақ болып тұр. Әрі түрік қоғамында оларға наразылық та күшейіп келеді. Түркияның ұсақ ұлттарды түрік халқымен ассимляцияға ұшырататын ежелгі тәсіліне де сириялық босқындардың кедергі келтіретін тұстары бар. Сондықтан онсыз да 3 млн-дай босқынның қатарын көбейту түріктерге тиімді емес. Бұл да Анкараның тәуекелге бару ықтималдығын күшейтетін факторлардың бірі.Анкара қарсы болғандарға Ресей жақтасады
Жалпы, түріктердің аймақтық держава рөлін ойнап, АҚШ пен Ресей сияқты түрлі өңірлердегі жанжалдарға араласып келе жатқанына да біраз болды. Әсіресе, Анкараның 2010 жылдан кейін Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстағы геосаяси ойындарға білек сыбана кіріскені байқалады. Ең қызығы, Ердоған үнемі ішкі жанжалда жеңіске жету мүмкіндігі аз топтарды қолдап келеді. Мәселен, Мысырда Мұхаммед Мурсидің билігін мойындады һәм қолдады. Әскери төңкеріс арқылы оны биліктен тайдырған әс-Абдул Фаттах әс-Сисимен әлі күнге тіл табысқан жоқ. Ливияда БҰҰ мойындаған Ливия ұлттық келісім үкіметін, оның басшысы Файез Мустафа ас-Сарражды жақтайды. Бірақ Ливияда фельдмаршал Хафез Хафтардың әскерлері елдің көптеген аймағына бақылау орнатты. Сирияда оппозицияны қолдады. Бұл қатынастардағы тағы бір ерекшелігі – Ердоған билігі қарсы болған топтарды үнемі Ресейдің қолдайтыны. Әс-Сисиді, Хафтарды, Асадты да Мәскеу қолдайды. Соңғы екеуін ашық жақтаса, әс-Сисиге тек дипломатиялық каналдар арқылы жақындауда. Әрі Мысырды өңірдегі ең басты одақтасының бірі санайды Ресей. Демек, Түркия бұл ойындарда тек өзінің ғана емес, НАТО-дағы бірқатар одақтасының да пайдасы үшін тәуекелге баратын сыңайлы. Сонымен қатар билік басындағы партияның келесі сайлауда тағы да жеңіске жетуі үшін «сыртқы дұшпан» табу тәсілі де қажет болған сыңайлы. Түріктердің өз әскерін қатты құрметтейтінін, сыртқы саясатта билікті қолдауға әрқашан даяр тұратынын ескерсек, Режеп Тайып Ердоғанның бұл тәсілі де жемісін беріп қалуы ықтимал. Әйтпесе, Түркияның ішкі проблемалары көрішнің жерінде ұрыс салудан әлдеқайда маңызды.