Қонаевта қоғамдық автобустар тұрғындарды тегін тасып жатыр
Қонаевта қоғамдық автобустар тұрғындарды тегін тасып жатыр
143
оқылды
Алматы облысы аумағында 606 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр. Оның 33-і – облыс орталығы Қонаев қаласында орналасқан. Олардың барлығында бақылаушылар жұмыс істеуде. Облыс әкімдігінің хабарлауынша, Қазақстан Республикасы президентін кезектен тыс сайлау өтетін күні Қонаев қаласында автобустар жолаушыларды тегін тасымалдауда. "Восточный", "Әсемтас" шағынаудандарында және "Строитель" саяжай алабында тұрғындарды сайлау учаскелеріне жеткізу үшін қосымша рейстер жолға шығыпты. «Строитель» саяжай кооперативі, кооператив кеңсесінің алды, «Восточный» шағынауданы алдынан автобустарға отырған жолаушылар «Әсемтас» шағынауданына дейін барып, қайта алады. Жұмыс уақыты: 7:00-ден 20:00-ге дейін. Еліміздің болашақ президентіне дауыс беру мақсатында шаһар тұрғындары таңғы сағат 7:00-ден бастап сайлау учаскелеріне ағылды. Соның ішінде Қонаев қаласындағы Мәдениет үйінде орын тепкен №949 учаскеде бірінші болып ардагерлер кеңесінің мүшесі Амангелді Керімбеков дауыс берді. Жалпы Алматы облысы орталығының сайлау күніне арнаған жаңалығы көп. Соның бірі ретінде Қонаев қаласында кәсіпкер Мұрат Сіргебаев ұйымдастырған және бағыты облыс орталығындағы сайлау учаскелері орналасқан жердің барлығын қамтыған автошеруді айтуға болады.
«Қазақстан Республикасы президентін кезектен тыс сайлау құрметіне орайластырылған автошеруге «Тұлпар» ретро-салонының автокөліктері шықты. Шеруге 10 автокөлік қатысты. Елімізде тыныштық болсын! Халқымызға бар жақсылықты тілеймін!» – дейді Мұрат Сіргебаев.
Алматы облысы бойынша өз міндеттерін атқарып жүрген Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы өкілдерінің бір тобы Қаскелеңдегі №432 сайлау учаскесіне барды. Ғимаратқа кіреберісте дауыс берушілерді танымал персонаждар костюмін киген аниматорлар қарсы алатынан куә болды. Учаскеде мерекелік көңіл күй қалыптасқанын көріп, ешқандай заңсыздықтардың болмағанына куә болған ЕҚЫҰ өкілдері кезектен тыс президент сайлауының Алматы облысындағы ұйымдастырылуына жоғары баға беріп отыр.