Сайлау учаскелерінде ешқандай құқықбұзушылық тіркелген жоқ – ҰҚШҰ ПА
Сайлау учаскелерінде ешқандай құқықбұзушылық тіркелген жоқ – ҰҚШҰ ПА
©Радмир Фахрутдинов
241
оқылды
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламенттік Ассамблеясының байқаушылары елде өтіп жатқан президент сайлауына қатысты пікір білдірді.
«Біз кешеден бері сайлауды ұйымдастыру процесін бақылап отырамыз. Саяси үдерістерге қатысып жатқан барлық саяси күштермен кездесулер өткіздік. Сонымен қатар үміткерлердің штабына барып, түрлі құрылымдармен кездестік. Бүгін таңертең сайлау учаскелерінде ҰҚШҰ байқау тобы өз жұмысын бастады. Осы орайда дауыс берушілердің өте көп екенін атап өткіміз келеді. Дауыс беру жақсы ұйымдастырылғанын да атап өткен жөн. Барлық оқиғаларға мұқият қарап отырмыз. Біздің ойымызша, сайлаудан кейін Қазақстан халқы одан әрі нығая түседі. Жалпы, бұл сайлау Қазақстан халқы үшін маңызды деп санаймын», – деді ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының топ үйлестірушісі Вагаршак Акобян елордадағы Халықаралық байқаушыларға қолғабыс көрсету орталығындағы брифингте.
ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының жауапты хатшысы Сергей Поспелов те бүгін таңертең сайлау учаскелері ашылғанға дейін дауыс берушілер арасында шағын кезектер болғанын айтты.
«Қазіргі уақытта біз ешқандай заң бұзу деректерін тіркеген жоқпыз, учаскелер жабылғанша жұмысты жалғастырамыз. Дауыстарды санау кезінде де біздің байқаушылар қатысады. Сондай-ақ бүгін кешке сайлауға қатысты өзіміздің қорытынды құжатымызды қабылдайтын боламыз», – деді Сергей Поспелов.