Палестинаның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстанда аккредиттелген дипломатиялық корпустың Дуайені Монтасыр Абузейд сайлау учаскелеріне тосыннан барудың әсері туралы айтып берді. Елшінің айтуынша, оның қайда баратынын жеке көмекшісі ғана біледі. Осылайша, ол байқаушылар мен ұйымдастырушылар бәрін алдын ала біліп отырады деген пікірді жоққа шығарды.
«Біз таңертең бірқатар учаскені араладық және олардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын бақыладық. Ешқандай бұзушылықтар тіркелген жоқ. Адамдар жақсы көңіл күймен, өз еркімен, ешқандай қысымсыз дауыс беруде. Жергілікті байқаушылардан ешқандай шағым келіп түскен жоқ. Мен Қазақстанда – президент сайлауында, парламенттік сайлауда, референдумда халықаралық байқаушы ретінде төртінші рет қатысып отырмын. Қазақстан халқын қазір елде жүргізіліп жатқан табысты экономикалық және саяси реформалармен құттықтаймын. Бейбітшілік, тұрақтылық пен өркендеу тілеймін», – деді спикер.