Заманауи әлемде әлдебір елде төңкеріс жасап, билікті ауыстыру үшін, не ішкі ісіне араласып, іріткі салу үшін қарулы күштердің, не арнайы қызметтердің сардарлары мен сарбаздарының басын ажалға байлаудың, әскер кіргізудің қажеті де жоқ. Мұны мамандар жылы жерде отырып-ақ жасай салады. Ол үшін боттарды жалдайды. Осы аптада Украинаның Қауіпсіздік қызметі ел аумағында ботофермалар желісін әшкерелеп, жаппай құрықтау операциясын жүргізді. «Арнайы қызмет анықтағанындай, аталған телекоммуникациялық платформалар фейк аккаунттар мен қауымдастықтарды құру және ілгерілету үшін пайдаланылған. Жалпы алғанда, қылмыстық топтар 8 мыңнан астам белсенді аккаунт тіркеп, танымал әлеуметтік желілерде Украинадағы жағдай туралы жалған ақпарат таратумен, наразылық көңіл күй тудырумен, халықты үрейлендірумен айналысқан» деп мәлім етті УҚК баспасөз орталығы. Кейін анықталғандай, ботофермалар сөз сапырумен шектелмепті: заңсыз қару-жарақ, жарылғыш заттар, есірткі таратылған көрінеді. Әлеуметтік желілердегі парақшалар ресейлік онлайн-сервистер көмегімен тіркелген. Виртуалды мобильді нөмір қызметтерін де солар ұсыныпты. «Құрал-жабдықтың бір бөлігін қарау ниеттілер заңсыз «Феникс» және «ЛугаКий» операторларының телефон трафигін өткізу үшін қолданды. Бұл заңсыз операторлар уақытша бақылаусыз аймақтарда, сонда қалған отандық операторлар желісінде жұмыс істейді. Оның қызметіне «ЛНР» және «ДНР» деген атауы бар заңсыз қарулы құрылымдардың жетекшілері жүгінеді», – дейді Украина құқық қорғау органдары. Бұл істе «Ресейлік із» табылғанымен, бұған Ресей айыпты деп айтуға әзір ерте. Бүгінде осы заңсыз қызметке бұл елдің арнайы және барлау органдары қызметінің қатысы тексерілуде. Бұл, әрине алғашқы ботоферма емес. 2019 жылдың күзінде Радаға сайлау кезінде Анатолий Гриценко мен оның «Гражданская позиция» партиясына және Святослав Вакарчук пен оның «Голос» партиясына қызмет еткен осындай кәсіпорын жұмысы әшкере болды. «Слидство.Инфо» журналисі Василий Бидун 1,5 ай бойы соның бірінде жұмыс істеп, бар сырын біліп алған. Нәтижесінде, «Мен – ботпын» тергеу фильмі өмірге жолдама алды. Ботоферма қызметкерлерін Pragmatico PR агенттігі «астаналық PR агенттікте копирайтер маманы» ретінде қабылдаған. Айлығы – небәрі 9 000 гривен ($365). Қызметкер техникалық тапсырманы және әдістемені Telegram мессенджері арқылы алып отырған. Жұрт бот екенін біліп қоймауы үшін қулық жасалған: жұмыскер қарсылас кандидатты бір күнде қалпымен қаралап даттаса, ертесіне жақсы жағын айтып, мақтап қоюға тиіс болыпты. Осыдан кейін VoxUkraine сараптамалық тұғырнамасымен бірлесіп, тәуелсіз сарапшылар украиналық ең танымал саясаткерлердің Facebook парақшаларында 12 миллион комментарийге талдау жүргізеді. Сонда оның әрбір үшіншісін бот қалдырғаны мәлім болды. Фейк пікірлердің көбі Украина президенті Владимир Зеленскийдің парақшасына тиесілі: оның жартысы оны мақтаған. Петр Порошенко парақшасында да ұқсас жағдай. «Facebook-ті пайдаланасыз ба? Онда аккаунттан пайда тап. Бұл Facebook парақшалары арқылы табыс тапқысы келетін адамдарға арналған. Біз жарнама агенттігіміз және бізге жарнамалық аккаунттар керек» деген хабарландыруды ғаламтордан кездестіруге болады. «Бұл ретте азаматқа тіпті пікір жазу да қажет емес. Тек бот емесін дәлелдеу үшін күн сайын өз парақшасын жүргізіп, өз өміріне қатысты пост, фото, видео жүктеп отырса болды. Аккаунтты жалға алған «агенттік» сіздің атыңыздан өзі комментарий жазумен айналысады. Бірақ аккаунтыңыз кейін әлдебір елдегі президентті орынтағынан тайдыруға, қылмыстық істерге қолданылмайтынына ешкім кепілдік бермейді, деп ескертеді киберқауіпсіздік сарапшысы Егор Папышев. Оның түсіндіруінше, ботофермалардың өздері де мыңдаған аккаунт тіркеп, посттар жазады, репост жасап, өзгелерге лайк та қояды, басқа аккаунттарға шағымданады, қауымдастықтарға кіреді, төл профильдеріндегі ақпаратты жаңартып отырады. Жалған және шынайы боттар АҚШ-тағы 2016 жылғы сайлауға ықпал еткені (Russiagate) туралы айтылды. Төл зерттеуін жүргізген Twitter әкімшілігі 2018 жылғы қазанда «Трольдер фабрикасы» аталған Ресейдің интернет-зерттеулер агенттігі (IRA) Twitter-інің толық архивін тауып, оның 297 гб-тық бар жазбасын ғаламторға орналастырды. Айтқандай, зерттеу кезінде Иранның сайлауға араласқан 770 аккаунты да әшкереленді. Әйтсе де, Хиллари Клинтонға жала жабушы аккаунттың басым көпшілігі, яғни 3841-і Ресей еншісінде. IRA архиві 10 миллион туиттен, 2 миллион масқаралаушы сурет, гиф, фото және видеодан тұрады. Twitter түсіндіргендей, пайдаланушылар арасында кең танымал болған тэгтер автоматты түрде «Өзекті тақырыптар» бөліміне түседі: «Сонда оны тіпті бұл тақырыпқа қызығушылық танытпайтын пайдаланушылар да көретін болады. Осылайша, тақырып Twitter-дің топ-тақырыптарына шығарылған». Ұйымдасқан ақпараттық шабуыл барысында бір тэгпен 20 мыңнан астам жазба қалдырылатын болған. АҚШ президенттік додасы барысында Facebook-ке «трольдер фабрикасы» 100 мың долларға жарнама бергені де жарияланды. Бот шабуылы Ұлыбританияның Еуроодақтан бөлінуіне қатысты референдум кезінде де жүзеге асырылғаны және «Брекситке» әсер еткені де мәлімделді. Global Bot Traffic Report баяндамасына жүгінсек, 2015 жылдың өзінде жаһандық бүкіл интернет-трафиктің жартысына жуығын боттар түзе бастаған. Адамдардың үлесі – 51,5%. 19,5% – адамдарға қызмет ететін «жақсы боттар», 29% – қаралау қарекеттерге пайдаланылатын «жаман боттар». Қазіргі кезде жасанды түрде қоғамдық пікір туғызу технологиясын «астротурфинг» деп атайды. Бұл құбылыс тіпті қоғамдық пікірдің жалған лидерлерін («жасанды ықпал агенттерін») алға шығарады, солардың аузына сөз салу арқылы билік құрылымдарының беделін түсіреді, ақыры ел үшін мүлдем басқа күн тәртібі қалыптастырылады. Әлеуметтік желіде танымал болған ой-пікірлерді ізінше дәстүрлі БАҚ іліп әкететіндіктен, ол тақырып ресми саяси айтыс аренасы төрінен орын алады. Сөйтіп, интернеттегі жасанды боттар шынайы өмірге билік жүргізіп отыр. Осы арада әлеуметтік желідегі атмосфераға, лайкқа, посттарға саяси тәуелділіктің тәуекелі жоғары екенін ескерген жөн. Айхан ШӘРІП