Алматы облысы әкімінің биылғы есебі де жылдағыдай жаттандылау болды. Жетістіктерді желпіне айтқан Баталов кемшін тұстарды көп жарияламады. Дегенмен өңірде өрлеу бар екенін мойындаған жөн. Облыс басшысының айтуынша, өткен жылы өңірлік өнім 4,5 пайызға өсіп, үш триллион теңгеден асыпты. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 852 млрд теңгеге жеткен. Мыңдаған жұмыс орны құрылып, мемлекеттік бюджетке түсім көбейген. Күрежолдар жөнделуде. Амандық болса, Талдықорған – Өскемен, Үшарал – Достық, Күрті – Бурылбайтал, Ұзынағаш – Отар сынды мемлекеттік, халықаралық маңызы бар трассалар толығымен пайдалануға берілетін кез де жақындап қалды. Тұрғындарының 80 пайызы ауылдық жерде тұратын облыста алыстағы елді мекендерді дамытуға зор көңіл бөлінуде. Ауруханалар мен мектептер, спорт нысандары салынуда. Соған қарамастан, үш ауысымды оқытудан құтылуға әлі бірнеше жыл керек сияқты. Өйткені Жетісу жерінде ішкі көші-қон мен демографиялық өсім қарқынды. Әкім баяндамасында бұдан басқа да біраз жаңалық пен жақсылық қамтылды. Қарапайым халықтан жүзі таныс шенеуніктері көп залда отырғандар арасынан сұрақ қоюға кезекке тұрғандар көп болды. Алыстағы Арыстан ат арылтып жеткен, жерлестерінің сәлемін әкелген Роза Әбдіраманова жарылыстан қираған қаланы қалпына келтіруде өздеріне жүктелген міндетті мерзімінде әрі сапалы орындаған жетісулықтарға, оларды ортақ іске ұйыстыра білген облыс басшысына алғысын айтты. Осы тұста журналист Қозыбай Құрманның былтыр дәл осы драма театрда өткен есеп беруде көтерген мәселелердің сол бойы қозғаусыз қалғанын жайып салғанын да айта кеткен жөн. Журналист Қаратал ауданындағы Тастөбе ауылына апаратын он бес шақырымдық жолдың жағдайы нашарлығын, осындағы 1,5 шақырымдық бөліктің Қаратал мен Көксу ауданының қайсысына тиесілі екені анықталмағандықтан мүлде қараусыз қалғаны былтыр айтылып, облыс әкімі сол кезде жауапты тұлғаларға тапсырма бергенімен, әлі күнге ештеңе шешілмегенін жеткізді. Сонымен бірге өткен жылғы есепте жетісулық жампоз ақын Жұматай Жақыпбаевтың 75 жылдығына орай Талдықорғаннан көше атауын беру, мерейтойлық шаралар ұйымдастыру туралы тілектің де тарс ұмытылғанын ортаға салды. Баталов сол жерде екі ауданның әкімін, өзінің орынбасарын және тағы да басқа жауапты тұлғаларды орындарынан тұрғызып, біраз сілкілеп алды. Оның нәтижесін келер жылы көреміз. Ақтаңгер айтыскер ақын Айтақын Бұлғақов облыстық идеология саласының жұмысы мүлде сын көтермейтінін ашық айтты. – Билік халыққа мейлінше жақын болуы керек. Бұл жайында Елбасы да, Президент те айтудан кенде емес. Өкінішке қарай, біздің өңірдің идеологиясында, мәдениеті мен руханиятында қордаланған проблема баршылық. Соны тиісті тұлғаларға жеткізейін десең, олар жүре тыңдайды, нәтиже шығармайды. Сіздің қабылдауыңызға кіру қарапайым халық түгіл, біздерге де оңай емес. Маңайыңыздағылар жолатпауға тырысады. Айтарымды осы жерде жария етейін бе, әлде жеке жолығайын ба? – деп сауалын тікесінен қойған ақын көпшілік алдында артық нәрселер айтып қояды деді ме, облыс әкімі Айтақынды дүйсенбі күні қабылдайтын болды. Есептік жиын барысында арызын жеткізе алмаған Талдықорған қаласының тұрғыны Ляззат Құдайберген облыс әкімімен жиыннан соң жолықты. – Мен сізге өткен жылы қарашада өтінішпен кіріп, ата-анамнан қалған пәтердің құжатын реттей алмай жүргеніме жиырма жылдан асқанын айтқан едім. Сол кезде сіз қала әкімінің орынбасары Асхат Мейрамғалиұлына тапсырма бергенсіз. Содан бері жарты жылға жуық уақыт өтсе де, мәселе шешілген жоқ. Ол үй базада жоқ. Әркім өз бетінше кіріп алған. Мен ол жерде тіркеуде тұрмын. Енді кімге, қайда барарымды білмеймін, – деді төрт баланың анасы. Амандық Баталов Талдықорған қаласы әкімінің орынбасарын шақырып, тапсырманы дер кезінде орындамаған шенеунікке арыз жазып, жұмыстан кетуді ұсынды. Облыс басшысының бұл қадамын біреу дұрыс, біреу бұрыс көрер. Осының алдында қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінде былық-шылық көбін, осыдан он шақты жыл бұрын салынып, пайдалануға берілген көпқабатты үйлердегі тұрғындардың баспана құжаттары әлі реттелмегенін жазған едік. Міне, сол асқынып, алдан шықты. Жиырма бір жыл шешілмеген мәселенің күрмеуін тарқатпадың деп тағайындалғанына жыл да толмаған орынбасарды орнынан босату да ақылға сыймайтындай. Болат АБАҒАН, Алматы облысы