Әлем жұртшылығы асыға күткен доп додасы басталатын уақыт жақын. Қазір жанкүйерлер Қатар елінде футболдан әлем чемпионатының ашылу салтанатын тамашалайды. Сонымен, биылғы доп додасының ерекшелігі – алғаш рет қыс мезгілінде өтуі. Ойындар 5 қалада орналасқан 8 стадионда болады. Қатар дүбірлі доданы ұйымдастыруға өтініш берген уақытта елде небәрі бір стадион бар болатын. Қазірге дейін жаңадан 7 стадион бой көтерді. Оған қоса 100-ден аса қонақүй мен бірнеше шақырым жол салынды. Бірқатар ақпарат көздерінде жарысты ұйымдастыруға 200 млрд доллар жұмсалғаны айтылуда. FIFA мәліметінше, Әлем кубогінің жүлде қоры – 440 млн доллар. Жеңімпаз тұғырына көтерілген құрама – 42 млн, күміс жүлдегер – 30 млн, 3-орын иегері 27 млн долларға қол жеткізеді. Ал 4-орын иегері – 25, 5-8 орын алғандардың әрқайсысы – 17, 9-16 орын аралығында болғаны – 13, 17-32-орындағылар 9 млн доллардан алады. Чемпионаттың ашылу салтанатынан кейін Қатар және Эквадор құрамалары алғашқы ойынды өткізеді. Кездесу барысында италиялық Даниэле Орсато бас төреші қызметін атқарады.