Заңбұзушылық тіркелген жоқ
Заңбұзушылық тіркелген жоқ
251
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысында кезектен тыс президент сайлауы қалыпты жағдайда өтіп жатыр. Ешқандай заңбұзушылық тіркелген жоқ. Сайлау барысын бақылап отырған байқаушылардың пікірі осындай. «Бақыла» қоғамдық қозғалысының бақылаушысы Анастасия Маркова  ешқандай заңбұзушылық байқалмағанын айтады. «Сайлауға дейін біз арнайы оқудан өттік. Сайлау учаскесі ашылған бетте осында келдік. Әзірге ешқандай заңбұзушылық байқамадық. Халықтың белсенділігін де атап өткім келеді», – деді Анастасия Маркова. «Партиялық емес бақылау орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігі Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының байқаушылары өңірдегі барлық 628 ашық сайлау учаскесін үздіксіз бақылаумен қамтыды. Филиал бақылаушысы Қалқаш Жолдығарин да өңірде сайлаудың ұйымдасқан түрде өтіп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, ешқандай заңбұзушылық пен кемшілік байқалмаған. Ол сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасалғанына назар аударды. «Лифтілер жұмыс істеп тұр. Пандустар бар. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған арнайы кабинкалар жабдықталған. Сайлау барысы дұрыс ұйымдастырылған», – деді ол. Бұған қоса Солтүстік Қазақстан облысында Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюро – Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі ұйымының 18 бақылаушысы жұмыс істеуде. Олар облыс орталығында ғана емес, Аққайың, Есіл, Жамбыл, Мағжан Жұмабаев, Тайынша сияқты шалғай аудандарда да сайлау барысын бақылауда. Бұған қоса «Қазақстанның Жастар ақпараттық қызметі», «Ел дауысы» қоғамдық қозғалысы, «Мұқалмас» қоғамдық қоры,  «KazTolerance» қоғамдық бірлестігінің,  «Еркіндік қанаты», «Біздің сайлау-Наш выбор», «Election Eye», «За альтернативные выборы» ұйымдарының бақылаушылары бар. Және, әрине, барлық дерлік партиялардың бақылаушылары жұмыс істеп жүр. «AMANAT» партиясының бақылаушылары да барлық сайлау учаскелерін қамтыды.