Өскеменде облыс әкімі Даниал Ахметов өңірдің былтырғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша халық алдында есеп берді. Жиынға аудан-қалалардан келген тұрғындар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, депутаттар, аға буын өкілдері қатысты. Кездесуде аудандар мен қалалардың бірқатар тұрғыны өз сауалдарын бейнебайланыс арқылы қойды. Сауалдардың дені жол, мектеп пен аурухана, перзентханалар салуға, көшелерді жарықтандыруға, Ертіс өзенінің жағалауын бекітуге, туризмді дамытуға қатысты болды. Өз есебінде Даниал Ахметов облыстағы қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығына тоқталды. Жалпы, өткен жылы барлық салада даму байқалды. Мәселен, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 109, ауыл шаруашылығы өнімдері 104, инвестициялар 123, құрылыс жұмыстары 106 пайызға артып, 27 мың жұмыс орны ашылған. Жалпы өңірлік өнім көлемі 4 триллион теңгеге жетті. – Қабылданған шаралар медициналық қызметтердің сапасын жақсартуға, диагностика мен емдеудің 130-дан астам жаңа әдісін енгізуге мүмкіндік берді. Қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтау 6 пайызға артты, нәресте өлімі – 28, қан айналымы жүйесі аурулары – 7, өкпе ауруы 66 пайызға төмендеді. Биыл емханаларды жаңғыртуды жалғастырамыз, дәрігерлерді баспанамен, көтермеақымен қамтамасыз етеміз. Бұл – денсаулық сақтау саласының сапасын әлдеқайда жақсартады, – деді аймақ басшысы. Жүйелі жобалар білім саласында да іске асырылуда. Шығыс Қазақстан – «Менің мектебім» жобасы бойынша 648 мектепті IT-сыныптармен жабдықтаған бірден-бір өңір. «Бес әлеуметтік бастама» жобасы аясында жоғары оқу орындары мен колледж студенттеріне арнап 4 048 орындық 10 жатақхана салу көзделген. Қазірдің өзінде Семейдегі медициналық және электротехникалық колледждерде 700 орындық екі жатақхана қолданысқа берілген. Осы жылы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында колледждерге арналып 5 жатақхана салына бастайды. Өңірде көпбалалы, аз қамтылған отбасыларды қолдау шараларының кешенді бағдарламасы іске асырылуда. Аймақ басшысы қала, аудан әкімдеріне, білім, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармаларына көпбалалы отбасыларға уақытылы кепілді әлеуметтік қолдау көрсетуді қадап тапсырды. Сондай-ақ масылдыққа қарсы шараларды қолға алуды да жүктеді. Жалпы, тұрғындарды баспанамен қамту мәселесін шешу үшін алдағы 2 жылда үй құрылысының көлемі екі есеге артпақ. Ол үшін 730 мың шаршы метр үйлердің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу басталды. Ағымдағы жылы 480 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда. Облыста туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлінуде, оған өңірдің табиғи ерекшелігі мен бірегей тарихи-мәдени мұрасы мүмкіндік береді. Соңғы үш жылда Алакөл жағалауын абаттандыру, инфрақұрылымын дамыту үшін облыс қазынасынан 6,3 миллиард теңге бөлінді. Алдағы төрт жылда тағы 20 миллиард теңгеге 6 ірі инфрақұрылымдық жоба іске аспақ. Биыл Үржар әуежайын жаңарту, Алакөл жағалауына су құбырын, электр желісін тарту басталмақ. Осы жылдың ең маңызды оқиғасы – Абайдың 175 жылдығы. Мерейтойға орай 184 іс-шара жоспарланған, оның 24-і – халықаралық деңгейде. – Облыс жыл қорытындысы бойынша әлеуметтік саладағы жүйелі жобаларды жалғастыра отырып, тұрақты экономикалық даму траекториясында қалып отыр, – деп түйіндеді өзінің есептік баяндамасын аймақ басшысы Даниал Ахметов. Дәурен АЛЛАБЕРГЕН, Шығыс Қазақстан