А.Орынбек М.Тазабекті тағы мысқылдады
А.Орынбек М.Тазабекті тағы мысқылдады
«Құранмен жүретін елдің ерлері биік-биік ғимараттар салып, елін дамыған елдердің қатарынан бір-ақ шығарған. Мойындау керек, бүкіл әлемнің алдыңғы қатарлы озық компаниялары сол елдерде. Бұл ел сенің дініңе, киіміңе қарап тұрған жоқ, мемлекетке қосатын үлесің, яғни инвестицияң мен миыңа мұқтаж», – дейді белгілі заңгер, қоғам белсендісі Айгүл Орынбек.
"Олар, тіпті Алланың үйі болып саналатын мешітке де басқа дін өкілдерін кіргізіп ақша тауып отыр. Ал біздің ерлер ше? Қыздардың киімімен, одан қалса өзіңмен алысып, салғыласып ұрсып, ең соңында жала жабудан аса алмай келеді. Қазақтың ерлері мықты болса, қазақтың қыздарымен емес, мына жемқорлық жайлаған “ескі жүйемен” алысар еді. Ал біздің жігіттер әділетсіздікпен күресіп жүрген қыздармен ғана күресуге шамалары жетіп, “мықтымыз” деп отыр әзірге!" – деп жазды заңгер парақшасына.
Ол сондықтан да нәзік жанды қыз ретінде әділетсіздік жайлаған жүйемен күшінің жеткенінше күресіп жүргенін алға тартады.
"Кейде осының бәрі маған не керек деп, қолымды бір-ақ сілтегім келеді… Бірақ, “ескі жүйені” төрт аяқтап қолдайтын жағымпаз еркектерді көргенде, намыстан өртеніп кетемін. Еліміздің ертеңі үшін сәл болса да үлесім болсын деп күреске шығамын. О Құдайым, қазақтың еркектері Леслиге қарсы шыққандай, жемқорлық жайлаған “ескі жүйемен” де осылай ашық күрессе ғой! Әншейінде үнсіз отыратын Мұхамеджан Тазабек, тіпті қыздарымыздың арын қорғаған “кейіппен” видео-үндеу түсіріпті. Сол Мұхамеджан қазақ қыздары “нәскише” талақ құрбандары болып жатқанда, неге осылай видеосымен үндеу жолдамады екен?!" – деп сауал жолдайды Айгүл Орынбек.
Оның түсінбегені, қазақтың жігіттеріне қазақтың қыздарын қорлай беруге болады, ал басқаларға болмай ма?! Ағалары миллиардтаған қаржыларды шетел асырып, елді тонап жатқанда Мұхамеджан Тазабек неге осылай видео үндеу жасамаған?!
"Енді келіп қыздардың арын қорғап қалыпты-мыс! Қыздардың арын қорғағың келсе, ең алдымен, өз еліңді жемқорлықтан тазала! Жемқорлығы тазарған елдің қыздары да, олардың ары мен намысы да таза болады. Мені Лесли дегеннің видеосына белгілеп, “Неге үн қатпай отырсың, әлің тек хиджаппен күресуге жете ме?” деп тэгтей берудің еш қажеті жоқ! Бұл – кезекті саяси провакация, иә арандатушылық! Бұл деген – сайлау алдында халықтың арасында алауыздық тудыру үшін жасалып жатқан “былық-дүние”! Қазақ қыздары ақымақ емес, кім көрінгенге етегін ашып жата беретін!" – деп тоқтайды қоғам белсендісі.