Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тұрғындармен есептік кездесуі 3 200 орындық көпсалалы Halyk Arena орталығында өтті. Алдымен Алматының өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері бейнероликте көрсетілді. 2020-2024 жылдарға арналған «Жаңа Алматы» жоспары бар. Соңғы 10 жылда қаланың аумағы екі есе өскен. Бұл ретте жаңа аудандарды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінде. Бұл тұрғындардың қала басшысына кезек-кезек қойған сұрақтарынан да аңғарылып тұрды. Алып шаһарда жер тапшы. Әсіресе, қазіргі таңда шешімін табуға тиіс мектеп, балабақша сияқты әлеуметтік нысандарды салу жайы айтылғанда, осы мәселе көтеріледі. «Мен осы қызметке келгелі қаламызда жол, мектеп, аурухана, балабақша, емхана салатын, саябақтар, бақшалар, қоғамдық демалыс аймақтарын құратын бос жерлердің жетіспейтінін байқадым. Сондықтан Орталық алдына проблемалық несиелер қоры кепілдігіндегі жерлерді қаланың қарамағына беру мәселесін қойдым», – деді қала әкімі Б.Сағынтаев. Өткен жылдың 28 желтоқсанында Үкімет «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ және «Kazkom Reality» ЖШС жерлерін Алматы қаласының коммуналдық меншігіне беру туралы шешім қабылдады. Нәтижесінде, 383,5 гектар жер қайтарылды. Бұл жерлер қала үшін маңызды әлеуметтік жобаларды іске асыру үшін жұмсалады. Қалада әлі күнге үш ауысыммен оқитын мектептер бар. Сыныптарда бала санының тым көп болуы да мектеп тапшылығы салдарынан. Қала басшысы осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында алдағы екі жылда 12 900 орынды 8 мектеп салынатынына тоқталды. Б.Сағынтаев экология мәселесінің маңызды екенін айта келіп, осы түйткілді шешу үшін «Самұрық-Қазына» және «Самұрық-Энергомен» келіссөздер басталғанын жеткізді. «Мамандар газға өту – тарифтердің өсуіне және субсидиялау қажет болатынын ескертуде. Егер қажет болса, тұрғындар бюджетке қатысты үлкен жүктемені сезінбеу үшін бюджет бұл салаға да беріледі. Адамдардың денсаулығы маңызды», – деді әкім. «Аталған мәселені шешу бойынша кешенді шаралар қолданылуда. Біз осылай қосымша қаржыландыруға қол жеткіздік және ЖЭО-2-ні газға ауыстыру жұмысына кірісіп кеттік. Қазір техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде», – деді ол. Қала әкімдігі Халық банкімен бірлесіп, мегаполис тұрғындарын газбен қамтамасыз ету үшін пайызсыз несие беру мүмкіндігі туралы келісімге қол жеткізді. Қазіргі уақытта несие беру мерзімі қарастырылуда. Өсімпұлсыз несиені 1 жылға рәсімдеуге болады. Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ