Алматылық жігіт жанып жатқан пәтерден қарт адамды құтқарды
Алматылық жігіт жанып жатқан пәтерден қарт адамды құтқарды
 Алматының 30 жастағы тұрғыны Еркебұлан Жанахметов өз өмірін қауіпке тігіп, өртенген үйдің ішінде қалып қойған қарт адамды құтқарды. Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті 20 қарашада таңғы 05:20-да Наурызбай ауданының «Шұғыла Сити«340/ 4 тұрғын үй кешенінің пәтері өртенгенін хабарлады.
«Оқиға орнына жеткен сәтте тоғыз қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан пәтердің жиһаздары мен мүліктерінің 16 шаршы метр аумағы өртенгені анықталды. Қатты түтін салдарынан тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнді. Газ-түтіннен қорғау қызметі пәтерлерде қалған тұрғындарды эвакуациялауға және өртті сөндіруге кірісті. Қабылданған шаралардың арқасында өрт 10 минуттан соң оқшауланып, таңғы 5:47-де толық сөндірілді», - деп хабарлады ТЖД.
Сондай-ақ ТЖД-ның мәліметінше, өрт сөндіру бөлімшелері келгенше осы тұрғын үй кешенінің 30 жастағы тұрғыны Еркебұлан Жанахметов өз өмірін қатерге тігіп, операциядан кейін өздігінен қозғала алмайтын қарт кісіні өрттен құтқарған. Еркебұланның айтуынша, ол бірінші қабаттағы пәтерінде отырып көмек сұраған дауысты естіген. 72 жастағы ер адам пәтерінің кіреберісіне жақындап, пәтерден кетуге тырысқан.
«Таңға қарай ұйқым келмей, терезені аштым. Сол сәтте көрші корпустан шығып жатқан өртті байқап, адамдарға көмектесу үшін сол жерге жүгірдім. Алдымен газ құбырының қақпағын жаптым. Көрші жігіт немесе куәгер сыртқы есікті таспен тіреп, кіреберістің есігін ашты. Түтін басқан кіреберістен біреудің көмек сұраған әлсіз дауысын естідім. Сыртқа шығып куәгерлерлерге бірге кіруді сұрадым. Бірақ, ешкім бармады. Кіреберісте дем алу мүмкін емес болды. Мұрнымды кепкамен жауып, өртенген пәтерге кіріп, ол жерден қарт кісіні қауіпсіз жерге шығардым. Батыр атану менің мақсатым емес, тек көмектескім келді», - деді Еркебұлан Жанахметов.
Қазіргі уақытта құтқарылған 72 жастағы ер адам Жедел медициналық көмек ауруханасы дәрігерлерінің бақылауында. Оның өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ.