– Бүгін – тарихи күн. Себебі ел тарихындағы айшықты оқиғаның куәгері болдық. Сайлауда басым айқындықпен Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетті. Шынын айту керек, биыл мемлекетіміз үшін үлкен өзгерістер кезеңі болуда. Саяси реформалар бағытының нығайғанын аңғардық. Соның бірі әрі ең бастысы –кезектен тыс өткен Президент сайлауы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі Жолдауында кезектен тыс Президент сайлауы өтетінін хабарлағанда таңырқағанымыз рас. «Неге, не үшін?» дегендей сауалдар болды. Алайда мұның маңызды мәні бар екенін кейін ұғындық. Өйткені жан-жағымыз аласапыран, алыс-жақын елдерде небір қақтығыс болып жатыр. Сондықтан еліміз алдын ала қамданып, ел басқаратын көшбасшысын таңдап алып, жүйелі істерге көшкені жөн. Яғни, Президент сайлауының кезектен тыс өтуі – заңдылық. Қандай да оң өзгерістер болып жатса, оның халық үшін атқарылып жатқанын ескерген дұрыс. «Билік – халықтың айнасы» дейміз, ел билігі саяси реформалар арқылы әділдікті ту етіп, қарқынды жұмыс атқарса, халықтың да билікке деген сенімі артып, ауызбіршілігі нығаяды. Сайлаудың маңызды екенін жұртшылық біледі, халық өз таңдауын жасады. Сайлаудан кейін мемлекетіміз үшін жаңа кезеңнің парағы ашылды. Қарқынды дамудың, саяси реформаларға негізделген оң өзгерістердің, қуантар жаңалықтардың көп болатыны күмәнсіз.