Дарежан Өмірбаевтың «Ақын» фильмі 10-20 қараша аралығында Португалияда өткен Lisbon&Sintra Film Festival – 2022 (LEFFEST) кинофестивалінде бас жүлдені жеңіп алды. Фильм Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қатысуымен түсірілді. «Ақын» фильмінде технологияның даму дәуірінде түсініксіз және маңызды емес адам болудан қорқатын ақын туралы баяндалады. Сценарий неміс жазушысы Герман Гессенің «Авторлық кеш» әңгімесіне негізделген. Таспаның түсірілімі Алматы, Алматы облысының қалалары және Атырауда Махамбет Өтемісұлы кесенесінің жанында өтті. Басты кейіпкерді белгілі әнші және музыкант Ердос Қанаев сомдады. Айта кетерлігі, фильмнің әлемдік премьерасы 2021 жылы Жапониядағы 34-ші Токио халықаралық кинофестивалінің басты байқауында өтті. Онда фильм «Үздік режиссура» номинациясы бойынша марапатталды. Кейін туынды Германиядағы 72-ші Берлин халықаралық кинофестивалінде байқаудан тыс көрсетілді. Сондай-ақ «Ақын» Бразилиядағы Olhar de Cinema халықаралық кинофестивалінде «Үздік фильм» сыйлығын жеңіп алған болатын. Қазақстанда кинокартина осы жылдың сәуір айында шектеулі прокатқа шығарылды. Сондай-ақ 14 желтоқсаннан бастап «Ақын» Франция кинотеатрларында прокатқа шығады.
Айбике ЖАНАСЫЛ