Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел Президенті сайлауында даусыз жеңіске жететінін халықаралық сарапшылар алдын ала болжады. Демек, бұл – айқын, әділ әрі барша халық күткен жеңіс болды. Сонымен бірге президенттік додада Қ.Тоқаевтың ең кемі 81,31% дауыс жинауы Әділетті Қазақстанды таңдаған халқымыздың Ұлттық бірлігінің жарқын көрінісіне айналды. Халықаралық сарапшылар мен шетелдік байқаушылар ортақ байламға келіп отыр: Қазақстандағы сайлауалды науқан да, дауыс беру үрдісі де тыныш, шетін оқиғасыз, заңға және демократиялық қалыпқа сай өтті. Ең бастысы, Қ.Тоқаев адал және ашық сайлауда жеңіске жетті. Бұл сайлау бұрынғыдан несімен дараланды? Осы жолғы президенттік доданың көптеген ерекшелігі болды. Мысалы, елсүйер, фаворит кандидат нақты бір партияның атынан емес, кеңауқымды халықтық коалиция атынан бәйгеге түсті. Қазақстан тарихында мұндай бұрын-соңды болмаған. Алғаш рет қолданылған бұл тәсіл өзін-өзі ақтады. Халықтық коалицияға «AMANAT», «Ақ жол», Қазақстан халық партиясы сияқты саяси партиялар, 30-дан аса республикалық қоғамдық бірлестік кірді. Жексенбі күні Республикалық қоғамдық штабқа барып, еxit poll қорытындысымен танысқан Қасым-Жомарт Тоқаев өзіне үлкен сенім артқаны үшін коалицияға ризашылығын білдірді.
–Қоғамдық штабқа, сенімді өкілдеріме, еріктілерге рақмет айтамын. Сіздер еліміздің әр түкпіріне сапарладыңыздар. Ауыл-аймақтар, шалғай елді мекендер назардан тыс қалған жоқ. Ел арасында үгіт-насихат жүргіздіңіздер. Бұл – үлкен жұмыс. Оны мен ешқашан ұмытпаймын. Сол себепті бүгінгі көрсеткіш – бәрімізге ортақ жеңіс, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл сайлау заңға сәйкес өткеніне екпін түсірді. Барлық үміткерге бірдей мүмкіндік берілді. – Олар аймақтарды емін-еркін аралады. Сайлаушылармен кездесіп, үгіт-насихат жүргізді. Яғни, ешкімге шектеу қойылған жоқ. Әрбір сайлаушыға өз таңдауын жасауына еркіндік берілді. Сондықтан бұл науқан ерекше әділ, ашық өтті, – деді Қ.Тоқаев.Сайлау науқаны үш айға жуық жүрді. Соның ішінде 21 қазанда басталған үгіт науқаны кезінде Қ.Тоқаевтың сенімді өкілдері мен жақтастары 42 қаланы, 5 мыңнан астам ауылды аралады. Олар өткізген 24 мың үгіт-насихат іс-шарасына 3 миллионға жуық сайлаушы қатысты. Кездесулер барысында азаматтардан 40 мыңнан астам өтініш-тілек жиналды. Қоғам өкілдері қызу пікірталасқа түсті. Әртүрлі талқылау болды, теледебат өтті. Ауыл-аймақтағы үгіт науқанында қаншама күпті сауалдың көбесі сөгіліп, көкейкесті мәселелердің жоралы жауабы іздестірілді, игі бастамалар және тың ұсыныстар ортаға салынды. Ендігі жұмыс – анықталған проблемалардың байыбына барып, бабын табу болса керек. Осы орайда жаңа сайланған Президент қызу жұмысқа кірісіп те кеткенін мәлімдеді. Бұл жолғы сайлаудың екінші басты ерекшелігі – оның қорытындысында Президент қайта сайлауға түсу құқығынсыз, 7 жылға ел тізгінін қолына алып отыр. Яғни, Мемлекет басшысы келесі электоралдық кезеңге дайындық мәселесіне еш бас қатырмай, бүкіл 7 жыл бойы осы сайлауалды науқанда берген уәделерін толыққанды орындаудың қамын жасауға бар күш-жігерін, мүмкіндігі мен әлеуетін жұмсайтын болады. Ал Қ.Тоқаев саяси жаңғырулардың үлкен топтамасын ұсынып үлгерді. Ендеше алдағы 7 жылдық белес жетелі істерге, іргелі өзгерістерге, байсалды бастамаларға қанық болғалы тұр. Үшінші бір ерекшелік – сайлау жаһандық саясат айдынындағы геосаяси дауылдар, әлемдік экономикадағы алапат дағдарыстар аясында өтіп отыр. Соған қарамастан, халқымыз көшбасшысының айналасында топтасқанын, соның әлеуметтік-экономикалық саясаты мен саяси реформаларын бірауыздан қолдайтынын паш етті. Бұл жолғы президенттік аламанды даралар тағы бір жайт – оның тыныш ауанда өтуі. Бұрынғы сайлауларда құқық қорғау органдары бейбіт наразылық шараларын, пикет пен митингілерді өткізуге тырысқан азаматтармен күресіп әлек болатын. Сайлауалды науқан жұмысшылардың ереуілдерімен қоса жүріп жататын. Биылғы сайлауда оның бірі болған жоқ. Бас прокуратура тек әлеуметтік желілерде сот тыйым салған ұйымның 2022 жылғы 20 қарашада заңсыз митингілерді өткізуге, қатысуға және өзге де құқыққа қайшы әрекеттер жасауға шақыру таратқанына қатысты ескерту жасады. Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиевтің айтуынша, байқаушылар мен сенімді тұлғаларға өз өкілеттіктерін тиімді орындау үшін жеткілікті кепілдіктер берілген. Олардың заңды қызметіне кедергі жасағаны үшін әкімшілік жаза (30 АЕК айыппұл) қарастырылған. Ал сайлау барысында олардың қызметіне кедергі келтіруге, тұтастай алғанда, сайлау заңнамасын бұзуға қатысты құқықбұзушылықтар тіркелмеген. «Барлығына қарсы» – бәсекелестерге белгі Дауыс берудің алдын ала қорытындылары да біраз жайттан хабар берді. Орталық сайлау комиссиясының алдын ала мәліметінше, 2022 жылғы 20 қарашада өткен ел Президентінің кезектен тыс сайлауына 8 300 046 адам немесе барлық сайлаушының 69,44%-ы қатысты. Дауыс беруде ең үлкен белсенділік Жетісу облысында (сайлаушылардың 81,42%-ы дауыс беруге барған), Қызылорда (81,07%), Түркістан (80,37%), Абай (80,18%) облыстарында байқалды. Ал дауыс беруге келудің төмен көрсеткіштері үш мегаполисте: Алматы қаласында (28,72%), Астанада (48,67%) және Шымкентте (59,79%), сондай-ақ Маңғыстау (66,99%), Батыс Қазақстан (68,67%) облыстарында тіркелді. Басқа облыстарда 72 пайыздан жоғары. Сайлау бюллетеніне Қазақстан президенттігіне 6 кандидат және «Барлығына қарсы» деген баған енгізілді. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев 6 456 392 сайлаушының немесе 81,31%-ының дауысын жинады. Ал 2019 жылғы президенттік додада алғаш рет сынға түскен Қ.Тоқаев 70,96% (6 539 715) сайлаушының қолдауына ие болған еді. Яғни, содан бері оның саясатын қызу қолдайтын қазақстандықтар саны күрт өскен. Бұл меже тарихқа енеді және келесі президенттер үшін өзіндік бағдар, меже болады.
«Бұл президенттік сайлау Қазақстанның саяси жүйесін толық қайта жүктеу жолындағы шешуші қадамға айналды. Дауыс берудің алдын ала қорытындылары және Exit-poll нәтижелері қазірден бірқатар байлам жасауға мүмкіндік береді. Біріншіден, сайлау кезектен тыс өткенімен, оның өтуін ел күткен еді. Ол заңды және қисынды болғандықтан, халық оған оң қарады және сайлауалды науқан демократиялық қалыпқа толық сай өтті. Екіншіден, референдумнан кейін жаңа Президенттің мандаты бір- реттік 7 жылмен шектелді. Яғни, жұртшылық бұл – Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мемлекет басшысы ретіндегі соңғы мерзімі екенін біледі. Соны түсінгендіктен, осындай қуатты қолдау көрсетті. Түрлі Exit-poll мәліметтерінше, сайлаушылардың 82%-дан 85%-ға дейінгісі өз дауысын іс басындағы Президентке берген», – деді А.Жолдыбалина.Оның пайымдауынша, Қазақстан халқы Қ.Тоқаевқа саяси жаңғыруларды жедел қарқынмен жалғастыруға ақ батасын берді. Сондықтан елді алдағы 7 жылда биліктің орталықсыздануы, экономиканың монополиясыздандырылуы, Парламент, мәслихаттар мен партиялардың нығаюы және басқа да маңызды, тарихи бастамалар күтіп тұр. Қазақстандағы Президенттік сайлау халықаралық және отандық сарапшылар тарапынан демократиялық қағидаттарға сай деп танылды. Ал науқанның биік деңгейде, парасатты ауанда өтуі халқымыздың саяси мәдениетінің жоғары екенін паш етті. Қазақстан халқы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Әділетті мемлекетті құруға мандат берді. Бұл тұрғыдан алғанда, ұлтты бір тудың айналасында топтастыра алған Қ.Тоқаевтың жеңісі Әділетті Қазақстанның жеңісі болып есептеледі.