Халықаралық бақылаушылар Қазақстанды жүргізіп жатқан реформаларын, соның ішінде сайлауға және оны жүзеге асыруға қатысты заңдар бойынша реформаларын одан әрі жалғастыра беруге шақырып отыр. Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ) Сайлауды бақылау жөніндегі миссиясы (СБМ) кеше алдын ала нәтижелер мен тұжырымдар туралы мәлімдеме жасады. Бұл мәлімдеме халықаралық ұйымның Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы ЕҚЫҰ міндеттемелеріне, халықаралық міндеттемелерге және демократиялық сайлау стандарттарына, сондай-ақ ұлттық заңнамаға қаншалықты сәйкес келетініне берген алдын ала бағасы болып отыр. Ал түпкілікті бағалау сайлау процесінің қалған кезеңдерін өткізуге, соның ішінде дауыстарды санауға, қорытындылауға және нәтижелерді жариялауға, сондай-ақ сайлау күнінен кейінгі ықтимал шағымдарды немесе өтініштерді қарауға байланысты кейін тағы да шығарылмақ. Одан соң ДИАҚБ сайлау процесі аяқталғаннан бірнеше айдан кейін ықтимал жақсартулар бойынша ұсыныстарды қамтитын кешенді қорытынды есебін жариялайтын болады. Жалпы, 17 қазаннан бастап жұмысын бастаған СБМ Астанада орналасқан 11 халықаралық сарапшыдан және бүкіл ел бойынша орналастырылған 30 ұзақмерзімді байқаушыдан тұрады. Сондай-ақ сайлау күні 35 елден келген 299 байқаушы миссияға жұмылдырылды. Олар бүкіл ел бойынша 127 сайлау учаскесінің ашылуына және 1131 сайлау учаскесінің дауыс беруін бақылауға қатысты. СБМ байқаушылары осы 1131 бақылаудың 95 пайызын оң бағалап отыр.
«Дауыс беру процедуралары негізінен орындалды. Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) заңмен белгіленген мерзімдерге сәйкес сайлауға дайындықты тиімді басқарды. ОСК тікелей эфирде ашық отырыстар өткізді және шешімдерін қабылданған күні жариялады. Төмен тұрған комиссиялар үшін ұйымдастырылған сабақтарға оң баға береміз. Комиссия мүшелері тәжірибелі, жақсы жабдықталған. ОСК сайлаушыларды қазақ және орыс тілдерінде ақпараттандыру бойынша жалпыұлттық кешенді және инклюзивті науқан өткізді. Әртүрлі санаттағы мүгедектігі бар адамдардың қолжетімділігін жеңілдететін бірқатар шараны көпшілік құптады. Шамамен 11,9 миллион сайлаушы тіркелді. Сайлаушылардың тізімдері көпшіліктің назарына ұсынылды. Конституция мен Сайлау туралы заң, сондай-ақ сайлауға қатысты басқа да заңдар соңғы жылдары бірқатар өзгеріске ұшырады. Онда мүгедектігі бар адамдардың сайлауға қатысуына қатысты елеулі техникалық өзгерістер, сайлау өткізу және әкімшілік сот ісін жүргізу жөніндегі органдардың дауларды шешуінің рәсімдік негіздері көрініс тапқан», – деді ДИАҚБ СБМ жетекшісі Урсула Гацек өз мәлімдемесінде.Оның айтуынша, жалпы сайлау күні тыныш өткен. Дауыс беру тиімді ұйымдастырылып, процедуралар жалпылама алғанда орындалған. ОСК аймақтық коммерциялық емес ұйымдардың өкілдерімен ынтымақтастықта мүгедектігі бар тұлғалардың сайлау процесіне қатысуы мен қолжетімділігін кеңейту бойынша бірқатар бастама қабылдаған. ОСК отырыстарының тікелей эфирі және сайлаушыларға арналған ақпараттық бейнероликтер сурдоаудармамен көрсетілген. Төмен тұрған комиссиялар үшін арнайы сессиялар мен семинарлар өткізіліп, сайлау күні мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қалай тиімді көмектесу керектігі туралы учаскелік сайлау комиссиялары мүшелеріне егжей-тегжейлі ұсыныстар дайындалған. Сондай-ақ қимыл-қозғалысы шектеулі сайлаушылардың сайлау учаскелеріне кедергісіз кіруі және нашар көретін сайлаушылар үшін Брайль бланкілерін ұсыну көзделген. «Бақылаумен қамтылған барлық бұқаралық ақпарат құралдары жаңалықтарда сайлау науқанын тең қамту туралы заңнамалық ережелерді сақтады, бірақ аналитикалық бағдарламаларда науқанды жария етуден тартынды. ОСК ұйымдастырған бір теледебатты қоспағанда, бұқаралық ақпарат құралдарында кандидаттардың сайлау науқаны тек саяси ақылы жарнама арқылы жүргізілді. Жаңалықтар бағдарламасында сайлау науқанының айтарлықтай шектеулі жария етілуі және кандидаттар мен олардың бұқаралық ақпарат құралдарындағы платформаларын сыни талдаудың болмауы сайлаушылардың саналы таңдау жасау мүмкіндігін тарылтты.
Сайлауға қатысты тиісті заңнаманы құру және оны шынайы плюрализмді қамтамасыз ету жөніндегі ЕҚЫҰ міндеттемелеріне сәйкес іске асыру үшін одан әрі реформалар қажет. СБМ Қазақстан Республикасының билігіне сайлауды бақылауға шақырғаны үшін, сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясы мен Сыртқы істер министрлігіне көмек көрсеткені үшін алғыс айтады. Сондай-ақ басқа мемлекеттік мекемелерге, саяси партияларға, бұқаралық ақпарат құралдарына және азаматтық қоғам ұйымдарына, сондай-ақ халықаралық қауымдастық өкілдеріне ынтымақтастықтары үшін ризашылықтарын білдіре-ді», – деді Урсула Гацек.Халықаралық сарапшы кейбір кемшілікті тұстарға қатысты жетілдіре түсу туралы ұсыныстарын да айтып өтті. ДИАҚБ-ның бұған дейінгі берген ұсынымдары назардан тыс қалғанын атап өткен ол алдағы Парламент сайлауында мәлімдемеде көрсетілген мәселелерді шешуге мүмкіндік бар екенін жеткізді.